Дженерик деген не?

529

Жыл сайын дәрі-дәрмектердің бағасы шарықтау үстінде. Дәріханалардағы бағаларды көргенде, жаға ұстаймыз. Қазір танымал дәрілердің арзан баламалары дәріханаларда сатыла бастады. Оларға деген сұраныс барған сайын артуда. Бұл дәрілік заттардың арзан болуы өндіруші танымалдылығының төмендігімен түсіндіріледі. Қымбат дәрілерді қалтасы көтермейтін тұтынушы үшін олардың арзан баламалары  дертке дауа болмақ.

Жаңа технологиялары мен заманауи жабдықтары бар ірі компаниялар медициналық дәрі-дәрмек жасап шығарған соң, міндетті түрде патенттейтіні анық. Сондықтан басқа компаниялар дәл осы препаратты шығарып, қолданысқа енгізе алмайды. Бірақ патенттеудің мерзімі аяқталған соң, өзге компаниялардың дәл сондай дәрі-дәрмек шығаратын мүмкіндігі туады. Мұндай дәрілер дженериктер деп аталады.  Яғни бұл дәл сол дәрілердің атауы ғана өзгерген баламасы.   Бүгінде дженериктер көптеген мемлекеттерде сатылуда. Оларды тіпті ғаламтор-дүкендері арқылы сатып алуға болады.  Әр мемлекеттегі барлық дәрілердің 25-80% дженериктер құрайды. Дженериктердің ең басты айырмашылығы бағасының төмендігінде. Ол тіпті 2 немесе 3 есеге арзан болуы мүмкін. Тұтынушылардың басым бөлігі арзан бағаға қызығып, дженериктерді таңдайды екен. Алайда бағаның мұнша төмендігінің себебін ойлап, бас қатыратындары  некен-саяқ. Ірі компаниялар дәрілік заттың жарнамасы мен оның құрамын зерттеуге қомақты қаражат жұмсайтындықтан, бағасын да барынша көтермелеуге мәжбүр болады.

Дженерик – жасанды көшірме емес. Сондықтан оның сапасына алаңдамаған жөн, дейді ғалымдар.

 

Дайындаған Үміт Жұмаділова

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *