Баланы қазақ тілінде қызықтыратын ешнәрсе жоқ

253

Бүгін тағы да менің жеткіншек ұлдарымның (үлкені 13, кішісі 11-де) қызығушылығын қазақ тілінде қанағаттандыратын ештеңе жоқ екеніне көзім жетті.
Басынан баяндайын…
Кіші ұлым қазақша нашарлау сөйлейді (иә, менің ойымша), бірақ қазақ тілінен 5 алады. Жалғау, жұрнақты, «н» мен «ң»-ды ажырата алмайды. Оның ойынша, ол маңызды емес.

«Неге 5 қоясыз?» — деп мұғалімнен сұрадым. «Керемет болмаса да қазақша сөйлей алғаны үшін»  дейді. Сонда, сыныпта ешкім қазақша сөйлемейтін болып тұрғаны ғой, қуанса.

Кешіріңіздер, бірақ осылай бола берсе қазақ тілі бұл түрімен ешкімге керек те емес, керек болмайды да. Осы уақытқа дейін де, кейін де ақша не үшін бөлінеді, кімге, не мақсатта бөлінеді, не істелінуде? Түсінбеймін. Бірақ, жоғарыға кететін есептерде (отчет) бәрі мінсіз шығар.

Қараңыз, қызығушылықтан бастайын. (Мысалға тек өз ұлдарымды алам)

— ТВ көрмейді. Себебі, олар көретін арна да, бағдарлама да жоқ! Балапан? Аудиториясы тек 7-8 жасқа дейін ғана. Есейген, заманауи (динамика, зомби, атыс-шабыс) мультфильмге әуес балалар оны көрмейді.
— Компьютерлік ойын. Не Fifa, не Fortnite, GTA қазақша емес. Болмайды да. Себебі, ТМД халқы онсыз да орысша жақсы түсінеді.
— Стриммер, фиферлер, блогерлер ресейліктер, не аударылған шетелдіктер. Өйткені қазақша стриммерлерге ешкім демеуші болғысы келмейді. Энергетикалық сусын мен чипстардың иелеріне не үшін керек қазақша аудитория, онсызда сатылуда?!
— Кассалық фильмдер не мультиктер. Қазақшаланып жатса да, ірі қалаларда ғана. Бірақ олардың өзіне аз барады. Интернетке орысша бірінші жүктеледі, арнайылап айғайлап іздейтіндердің уже күресуге ниеті де, шамасы да жоқ.
— Балалар чаттарында мұғалімнен бастап, бәрі-бәрі тек орысша сөйлеседі. Ыңғайлы, тез. Ата-аналар чаты туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақша жазсаң, орысша түсіндіруіңді сұрайды.
— Саябақ, кинотеатр, ойын залдарында қызмет ететіндер де қазақшаны ұмытып қалғандай. Кінә оларда емес, кінә өзімізде. Сұрамаймыз, талап етпейміз.
— Музыка. Найтиуан? Қай жамауды жамайды? Оның үстіне, өзіміз олардың жоқ болып кетуін тілеп жүрсек?
Элджей, Тима, Кай, Билли туралы инфо да басқасы да орысша.
— Кітаптар. Спорт, спортшылар туралы 1 кітап жоқ аударылған, жазылған. Таппадық.
— Соңғы үлгідегі комп, джестик, айфондардың жарнамасынан бастап, басқасы да бірінші қазақша айтылмайды, жазылмайды.
— Спорт. Мықты ФК немесе командалар тренерлері өмір бақи шетелде тұрғандай. Мяч-доп екенін білсе де, мяч, мячик, ворота деп айғайлап жүргені сол.

Ашумен жазған түгім жоқ. Бұл тек менің ғана мәселем дерсіз. Жарайды, солай-ақ болсын. Егер де бұл жағдайдың осындай болғаны дұрыс, маған бәрі ұнайды десеңіздер, мейлі. Ол сіздің жеке пікіріңіз, ештеңе дей алмаймын, бірақ маған бұл ұнамайды.

Кеш болмай тұрғанда бір нәрсе істеу керек. «Проблеманы айттың, шығу жолын ұсын», — деп мен үнемі әріптестерімнен де талап етемін. Менің ойымша, бірінші осыны президент шешу керек деген ойдан арылу керекпіз. Ол сіздің балаңыздың тәрбиесіне жауапты емес.

Кітап, контент, музыка, спорт, компьютерлік ойындар демеушілер қызығатындай қазақшалану керек. Пайдасы бар, шыққан қаржысын қайтарып ала алатынына күмәнім жоқ. Басынан дұрыс саналған бизнес жоспары болса.
Жаңа ТВ арна(лар) керек. 0-6 жас аралығына «Балапан»,
6+, 12+жастағыларға арналған арна(лар) керек. Олар 3 тілде болу керек. Ұсынысым да, бизнес жоспарым да дайын қызыққанға.
Әр салада бәсекелестік болмай, бәрі  үшін ғана істелінеді.
Және құрметті ана-аналар (!) ешкім сіздерге Абайдың тілімен сөйлесін демейді, ең болмаса бастап көріңіз.
Барған жерде қазақшаңыз қисық болса да, сөйлеңіз. Иә, басында қабылдамайды, өтініп сұрайды. Сізден қашқақтайды, берілмеңіз… Акцентпен сөйлегендерге күлетін заман емес, индиский акцентпен ағылшынша сөйлеп тұрған үндіні көрсек күлмейміз ғой, сол сияқты.

Бүгін кездесуде осының бәрін бүге-шүгесіне дейін тағы бір ауқатты адамға жеткізгендей болдым, көрерміз…
Байлыққа кенелгіңіз келсе, аямаңыз ақшаңызды, ертең ұрпақ алдында да, ел алдында да абыройлы боласыз және капиталыңызды да көбейтесіз дедім… Мүмкін менікі жай сандырақ шығар, а? Мүмкін бәрі жақсы шығар, мүмкін қазақ тілі шынымен #в тренде шығар. Мен ғана асыра сілтеп тұрған болармын…

 

Ләйлә Сұлтанқызының фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *