Қасым-Жомарт Тоқаев: Пәтерді жалға беру нарығын реттеу қажет

258

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте  Мемлекет басшысы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолжетімділік өлшемдерін анықтап, құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажыратып, пәтерді жалға беру нарығын реттеу қажет,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.

Ұлттық банк осы саясатқа шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс. Қаржы реттеушісінің мәліметі бойынша, экономиканың әр секторының 50 пайыздан астамы – банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпорындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар. Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді дамыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2030 жылға дейінгі ақша-кредиттік саясат Стратегиясын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға шақырды. Бұл өз кезегінде нарыққа қатынасушылар мен тұрғындардың сенімін арттырып, девальвация жайындағы дақпырттардың алдын алады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *