МӘМС-тің маңызын әр азамат білуі керек

664

Тұңғыш Президент – Елбасы денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың дәлелденген прогрессивті жүйесі ретінде медициналық сақтандыруды енгізу қажеттігін айта келе, Үкіметке МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең құқықта қатысуын қамтамасыз етуді, медициналық көмекке қолжетімділік және өзін-өзі қамтамасыз ету санатындағылардың мәселелерімен айналысуды тапсырған болатын.

Осылайша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Өйткені, еліміздің әр азаматына қатысы бар реформа – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылады. Сондықтан медициналық сақтандыру деген не, оның тиімділігі мен беретін мүмкіндіктері жайлы ақпаратпен әрбір азамат таныс болуы керек.

МӘМС-ке қалай  қатысуға болады?

Алдымен мәртебеңізді анық­тауыңыз қажет. Әлеуметтік мәртебені egov.kz порталы арқылы білуге болады. egov.kz сілтемесі арқылы порталға кіргеннен кейін ЖСН енгізесіз. Содан кейін төмендегі: «Жұмыс істейді», «Әлеуметтік төлем алушы», «18 жасқа толмаған балалар», «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген» және «Мәртебесі анықталмағандар» статустарының бірін таңдайсыз. Егерде жұмыссыз болсаңыз, ХҚКО, Жұмыспен қамту орталығынан немесе әкімдікке барып тіркелуіңіз керек. Егер экономиканың бейресми саласында еңбек етсеңіз, онда жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде ақша аударуыңыз немесе Бірыңғай жиынтық төлем төлеуіңіз қажет.
Емханаға тіркелу қажет. Емханаға тұрғылықты жері бойынша тіркелуге болады. Сіз ауыл, елді мекен, қала, аудан, облыстық немесе республикалық маңызы бар қаладағы немесе елордадағы бір ғана емхананы таңдай аласыз. Сондай-ақ жалпы практика дәрігерін немесе тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерді таңдайсыз. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен мемлекеттік немесе жеке меншік емханалар көрсетеді. Медициналық мекемелердің тізімімен: https://fms.kz/ru/select-medical-inst сілтемесі арқылы танысуға болады.

Жұмыс беруші Қорға қалай ақша аударады?

Жұмыс берушілер 2017 жылдың шілде айынан бастап қарамағындағы қызметкерлер үшін жалақының 1 пайызы мөлшерінде жарна аудара бастады. Жарна жұмыс берушінің қаражаты есебінен аударылады. 2019 жылы аударым мөлшері 1,5 пайызды, 2020 жылы 2 пайызды, 2022 жылдан бастап 3 пайызды құрайды. Қарамағында жалдамалы жұмысшылары бар жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен шаруа қожалығы (ШҚ) иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады.
Жалдамалы жұмысшылар үшін жұмыс беруші 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық табысының 1 пайызын, 2022 жылдан бастап 2 пайызын Қорға аударып отырады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушы/БЖТ төлеушілер үшін БЖТ республикалық маңызы бар қалалар, елорда мен облыстық деңгейдегі шаһарларда – 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2 525 теңге, ал басқа елді мекендерде – жарты (0,5) АЕК немесе 1 263 теңгені құрайды. МӘМС пакетін пайдалану үшін БЖТ 3 ай қатарынан төленуі тиіс.
Фрилансер, яғни, азаматтық-құқықтық келісім негізінде қызмет көрсететін жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзі үшін жарна аударады. Заң бойынша, тапсырыс беруші (салық агенті) жеке тұлғаның табысынан 2020 жылы 1 пайыз, 2021 жылы 2 пайыз, 2022 жылы 3 пайыз ұстап, МСҚ-ға аударады. ЖК – 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5 пайызын төлейді.

Мемлекет кімдер үшін жарна төлейді?

Мемлекет:
Балалар, мүгедектер, жұмыс істе­мейтін жүкті әйелдер, үш жасқа жетпеген баласын бағып, жұмыссыз отырған аналар, студенттер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, бірінші топтағы мүгедек бала күтімімен үйде отырған ата-аналар, зейнеткерлік төлем алатындар, тергеу изоляторында және сот үкімімен қылмыстық-атқару орындарында жазасын өтеп жатқандар үшін жарна төлеуді жүзеге асырады.

МӘМС қандай  қызметтер көрсетеді?

Медициналық сақтандыру жүйе­сіне қатысушылар табысы мен төлеген жарнасының көлеміне қарамастан, мемлекет кепілдік берген барлық медициналық қызмет түрлерін пайдалана алады.
Консультациялық-диагнос­ти­калық қызметтер: ересектерді про­филактикалық тексеруден өткізу; балаларды мамандандырылған тексеруден өткізу; қымбат диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық (КТ, МРТ, ПЦР және ИФА, т.б.) тегін көрсетіледі;
МӘМС бойынша (ТМККК кіретін қызметтен бөлек) қосымша мынадай қызмет түрлерін алуға болады: амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту; стационарлық көмек; жоспарлы стационарлық көмек; балалар мен ересектерді меди­циналық оңалту: кар­диология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне  не кіреді?

ТМККК-ге:
• Жедел медициналық көмек және санитарлық авиация;
• Әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез, АИТВ, психикалық күйзеліс, қатерлі ісік аурулары); бас­тапқы медициналық-санитарлық кө­­мек маманының және профильдік маман­­дардың жолдамасы бойынша кон­сультациялық-диагностикалық көмек;
• Стационарлық көмек: жоспарлы стационарлық көмек – бастапқы медициналық-санитарлық көмек ма­манының немесе медициналық ұйы­мның жолдамасы бойынша; шұғыл көрсетімдер бойынша – жолдаманың бар-жоғына қарамастан;
• Бастапқы медициналық-сани­тарлық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын көмек;
• Профилактикалық егулер кіреді.
Тұрғындардың медициналық көмекке деген қажеттілігі өсіп жатқан жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу денсау­лық сақтау саласын дамытуға қо­сымша ресурстар тартуға, бюджет шығындарын азайтуға, сондай-ақ қаржы тәуе­келдерін сақтандыру тетіктері ар­қылы тұрғындардың сырқат түріне қарай жеке төлем жасауын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Қ.Қажыкенова,
Фтизиопульмонология орталығы
директорының орынбасары




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *