Атаулы әлеуметтік көмек неге көңіл көншітпейді?

733

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) хақында соңғы кездері жиі әңгіме қозғалып, оның қоғамда айтарлықтай толғаныс туғызғаны аян. Әрине, оның қажетті шара екені – даусыз ақиқат, ал бірақ жергілікті жерлерде жүзеге асуы көңіл көншітпей-ақ келеді. Бұған осындай көмекке зәрулер тарапынан емес, керісінше, жеке «көлденең пайда көріп қалуға» тырысқандар тұрғысынан да жайсыз оқиғалар орын алғанына куә болдық.

Ал, арнайы мамандар пікірі қалай екен? Соның кейбірі бөліскен ойларын ортаға салуды жөн көрдік.
– Жалпы алғанда, менің ойымша, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің негізгі проблемасы – әдеттен тыс шапшаңдық және аяғына дейін ойластырылмаған реформалар. АӘК жүйесі әлі жарты жыл да өмір сүріп үлгерген жоқ. Оның үстіне, жаңа өзгертулер бұған қарағанда табыстырақ болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мемлекеттік көмек алатындар жүйесі бойынша мәліметтерді неғұрлым көбірек жариялап, реформаларды талқылауды жариялы жүргізуді ұсынар едім, – дейді салалық министрліктің басшысы Біржан Нұрымбетовтың өз ведомствосының АӘК-дегі теріс пайдалануға жол бермеу мақсатында ұсынып отырған заңға өзгерістер енгізу туралы мәлімдемесіне әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Енді министрлік тарапынан көрсетілетін көмектерге жеке-жеке тоқталып өтсек.

2020 ЖЫЛДАН  КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТІК  ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛЕДІ

Көпбалалы отбасылардың құрамындағы балаларға табысқа қарамастан белгілетен мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылдан бастап төленеді. Еңбек министрлігінің бұл ұсынысы қолдауға ие болып, тиісті заң жобасы қабылданса, 1 қаңтардан бастап жаңа жәрдемақы төленеді. Қазақстанда көпбалалы 343 мың отбасы бар. Төрт балалы – 61%, бес балалы – 27%, алты балалы – 9%, жеті және одан көп баласы бар – 3%. Жаңа ұстанымдар көпбалалы аналарды қолдауды, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтиды. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы – отбасы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 мың теңге аралығында.

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ ҚҰРАМЫНДАҒЫ БАЛАЛАРҒА ТАБЫСҚА ҚАРАМАСТАН МЕМЛЕКЕТТІК  ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛЕДІ

Жаңа ұстанымдар көпбалалы аналарды қолдауды, жаңартыл­ған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады. АӘК-ті алатын балалардың 60 пайыздан астамы көпбалалы отбасыдан.

Осыған байланысты АӘК алуға көпбалалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қара­мастан берілетін мем­лекеттік жәрдемақыға ауыстыру ұсынылды. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арт­тыруға септігін тигізері анық. Көпбалалы отба­сыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін са­раланған АЕК-ке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК  КӨМЕК ҚАЛАЙ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?

Аз қамтылған көп­ба­лалы отба­сыларға әлеу­мет­­­тік көмектің үш түрі көр­се­­тіледі.
Жаңа атаулы әлеуметтік көмек отбасылық кіріске қарамастан барлық көп­балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Егер бұл отбасы табысы бойынша аз қамтылған отбасы санатына жататын болса, онда бұл отбасыға жаңа жәрдемақыдан бө­лек атаулы әлеуметтік кө­мек беріледі. Бұған қоса, кепілдікті әлеуметтік топтама ұсынылады. Сон­дықтан аз қамтылған, көп­балалы отбасы болса, аталмыш көмектің барлық үш түрін алады.

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА АӘК ТӨЛЕНЕ БЕРЕ МЕ?

Аз қамтылған отбасыларды анықтайтын ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайыздық өлшемшарт сол күйі қалады. Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері бұған дейінгідей отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады. АӘК алу процедурасы мен шарттары қайта қаралады. АӘК тоқсан сайын тағайындап, төлеу жүйесі қайта қолға алынады. Қазір бұл 6 немесе 12 айға тағайындалады. АӘК алу үшін құжат ұсынудың қажеті жоқ. ЖСН мен өтініш болса жеткілікті. Учаскелік комиссиялардың жұмы­сы күшейтіледі. Еңбек минис­трлігі қажетті өлшемшартты анықтап, учаскелік комиссияға беріп, комиссия тексеріп, шешім шығарады.
Мелекет тарапынан күн көрісі төмен немесе аз қамтылған отбасыларына, ондағы балалрға қолдау көрсету нақтылана түспек.

АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫНА – ЖАҢА КӨМЕК

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілмек. Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Оқушы балаларға мектепте тегін ыстық тамақ, күнделікті мектепке тегін барып-келу, мектеп формасы мен оқу құралды мемлекет есебінен беру. Осылайша атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетігі түзетіледі. Егер көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны ала отырып, аз қамтылған отбасы мәртебесінде қала беретін болса, ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, бұл жанұяға атаулы әлеуметтік көмек пен балаларына кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын көмек тағайындалады.

ОТБАСЫ МҮШЕСІ ЖҰМЫСҚА  ОРНАЛАСУДАН БАС ТАРТСА  АӘК ТӨЛЕНБЕЙДІ

Еңбекке қабілетті азамат жұ­мысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Оларға шартты ақшалай көмек түрінде қол ұшы беріліп, ол ауласында қандай да бір жеке шаруашылығымен айналыса бастауы үшін бірне­ше ай бірреттік АӘК төленеді. Аз қамтылған отбасылардың жұмыс­сыз азаматтарға бағытталған жұ­мыспен қамту бағдар­ламасы пайдаға асуы тиіс.
АӘК алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылады. Бұл ретте «Еңбек» бағдарламасына өзгертулер енгізіледі. Яғни, шағын несие бұрын­­ғыдай 5 жыл емес, 7 жылға жыл­­дық 4 пайызбен ұсы­нылады. Шағын несие сомасы да «ауыл», «қала» деп бөлінбейді. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жұмыс­пен қамту бойынша мақсатты инди­каторға жергілікті атқарушы орган жауапты.

КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАМА НЕЛІКТЕН 1 ЖАСҚА ТОЛМАҒАН БАЛАҒА  БЕРІЛМЕЙДІ?

ҚР заңына сәйкес, баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне арнайы жәрдемақы бар. Оның мөлшері жұмыс істемейтін әйелдерге ай сайын бірінші баладан 14 500 теңгеден бастап төртінші балаға 22 500 теңге дейін. Жұмыс істейтін аналар мемлекеттік сақтандыру қорынан жалақысының 40 пайызы мөлшерінде, орташа есеппен 33 мың теңге көлемінде баласы 1 жасқа толғанға дейін жәрдемақы алады. Аталмыш заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізіледі.

АӘК ЖАҢА  ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Атаулы әлеуметтік көмек өмір­лік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс.
Біріншіден, АӘК-тің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару және тиісінше, шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау. Бұл АӘК алу­шылардың өз табысын жасы­руын төмендетеді.
Екіншіден, көмекті тағайын­дау тәртібі әділ болады. Се­бебі отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқ­санда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін.
Үшіншіден, барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырма­шылық көлемінде төлене­­тін болады.
Төртіншіден, егер отба­сы­­ның еңбекке қабілет­ті мүшесі ұсынылған жұ­мыс­­пен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады.
Бесіншіден, бала күті­мімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады.
АӘК үміткер отбасы­лардың саны­ның артуы қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комис­сиялардың жұмысы­на әсер ететіні рас. Заңда учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына қорытынды жасау үшін мерзім үш күннен жеті күнге дейін арттыру ұсынылды.

МҮГЕДЕК БАЛАСЫ БАР ОТБАСЫЛАР ТУРАЛЫ

Мамыр айында 2025 жылға дейін мүгедектер құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсар­ту жөніндегі Ұлттық жоспар қабыл­­­данды. Ұлттық жоспар аясында мүгедектігі бар адамдарды техника­лық құралдармен және оңалту қыз­мет­­терімен қамтамасыз ету көзделген.
16 жасқа дейінгі мү­гедек балаларға шілде айында мөлшері ұлғай­ған жәрдемақы бар – 42 500 теңге. Ал 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек жас­­өспірімдер де 35 мың­нан 57 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Заңна­мада 18 жасқа дейін мүдегек баланы және 18 жастан асқан 1 топтағы мүгедекті тәрбиелейтін ата-анасы да, қамқоршысы да мемлекеттен 41 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Отбасының аз қамтылғанын анықтау барысында мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар отбасы табысының құрамында есепке алынбайды.

АӘК-ТІ ЗАҢСЫЗ АЛҒАНДАР АҚШАНЫ ӨЗ ЕРКІМЕН ҚАЙТАРЫП ЖАТЫР

Атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалуына жергі­лікті атқарушы органдар қызмет­керлерінің де кінәсі бар. Жыл басынан бері АӘК алуға табысы мен дүние-мүлкін жасырған 73 714 отбасы анықталды. Кірістерін жасырған адам – жауапты. Қазір АӘК заңсыз алған отбасылар қаражаттарын қайтадан мемлекетке өз еркімен қайтарып жатыр. Артық төленгендерге алдағы айлардың төлемдерінен ұсталады. Жазалау шаралары болмайды.
«Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК Алматыда 11 мың отбасына, 55 мың адамға тағайын­далды. АӘК алатын отбасыларын аула-үйлерді аралап, қайтадан мониторинг өткізу барысында, 634 отбасына жәрдемақы төлеу күшін жойды», – деді баспасөз мәслихаты барысында Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Оның айтуынша, АӘК алушы­лар­дың кейбір бөлігінде сырттай бақы­лаудың өзінде-ақ өз табыстарын жа­сы­рып қалғаны анықталды – мен­шік­терінде екіқабатты үй­лері, жол талғамайтын көліктері және т.б. бай­лықтары бар екен. Қорыта айт­қанда, заңға енгізілмек жаңа өзгер­тулер атау­лы көмекті ең мұқтаж дегендер­ге бөлуге мей­лінше мүмкін­­дік­тер ашады деген сенім ұялатып отыр көңілде.

Исатай ҚАМБАРОВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *