Достық үйінде тарихшылар бас қосты

253

Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Мемлекет тарихы институты «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы этносаралық қарым-қатынас тәжірибесі: аймақтық ассамблеялардың және Достық үйлерінің мұрағат құжаттарындағы қызметі» атты ғылыми семинар өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының ғалымдары мен елордалық ҚХА мүшелері қатысты.

Жиын маңызы туралы Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова айтып берді: «Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандықтардың тарихи ортақтастығы жөнінде атап өтіледі. Өз тарихын құрметтейтін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы жарқын. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Киелі мұра: Ұлы дала елі» атты жаңа тарихи-экологиялық жобасы елордалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – жалпы мәдени-тарихи және рухани құндылықтар негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту», — деп атап өтті Л. Құсайынова.

Одан әрі Мемлекет тарихы институтының «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің басшысы Ғани Қарасаев сөз сөйледі. Ол тоқсаныншы жылдары басталған деректер базасын қалыптастыру туралы ақпаратты мәлімдеді.

«Бір шаңырақ астында бірнеше этнос өкілдері тұрады. Олар Қазақстанды ортақ Отанымыз деп санайды және бүгінде елдің дамуына өз үлестерін қосып, тілді, мәдениетті, тарихты дамытуға аянбай еңбектеніп келеді»,-деді сөз орайында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов.

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетованың айтуынша, 90-жылдардағы еліміздегі тұрақтылық Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында сақталды. «Сол кезде көші-қон мәселелерін бір ізге түсіру қажет болды. Ассамблеяның өңірлердегі жұмысының, халыққа дұрыс түсіндіруінің нәтижесінде біз тұрақтылықты сақтадық. Біз 1993 жылдан бастап, тарихи демография және шынайы деректер құндылығы мәселелерімен айналысамыз», — деп атап өтті Қ. Ерімбетова.

Ғылыми семинар барысында Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері Марал Қалиева, Алима Ауанасова, Қанат Еңсенов және тағы басқалар баяндама жасады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *