ҚАРАБҰЛАҚ ҚАНТ ЗАУЫТЫ ҚАШАН ЖАНДАНАДЫ?

40

Дүниежүзі мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуының нарық жағдайында, қоғамдағы әрбір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысы бар салалардың ішінде қант өндіру айрықша орын алады. Сол себептен де әлем елдері қант өндірісін молайтып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, қант өндіру өндірісінен Бразилия, Үндістан, Қытай және АҚШ сияқты алпауыт елдер алдыңғы орынды алады екен. Олар соңғы 10-15 жылда қант өндірісінің өнімін 30 пайызға көбейтіпті.

Елімізде де ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын артып келеді. Оның ішінде қант қызылшасы ерекше назарда тұр. Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының бірінде бұл мәселені күн тәртібіне қойып, аймақ басшыларына тапсырмалар жүктеген еді. Соның нәтижесінде оңтайлы күрделі өзгерістер орын алып, отандық қанттың көлемі бірнеше есеге артты. Ал қант өндірісінің еселеп ұлғаюына Алматы облысы өзіндік үлесін қосып, өзіне жүктелген негізгі борышын орындады. Оған Нұрсұлтан Әбішұлының «Соңғы 5 жыл аралығында аймақта қант қызылшасының егістігі 10 есеге көбейді» деген сөзі дәлел бола алады.

Иә, қант қызылшасы Жетісу жерінің төл дақылы. Республика бойынша өндірілетін тәтті түбірдің едәуір көлемі Алматы облысына тиесілі екен. Мысалы, бұл дақылды басқа аудандарға (кейбір облыстың аудандарында тек 4-5 ғана) қарағанда біздің облыстың 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқан, Талғар) өсіруге табиғи-климаттық жағдай мүмкіндік береді. Елімізге қажетті қант қоры 450 мыңнан асса, оның 10 пайызын Жетісу өңірі өндіреді екен.

Қазақстан аумағында қант қызылшасының ең алғаш рет Талдықорған өңірінде өсірілген. Жетісу жерінің құнарлылығы кез келген өнімді өсіруде, әсіресе осы қант қызылшасын баптауға ерекше қолайлылығын береді. Одан басқа, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда қант өндіретін 8 зауыттың 5-еуі осы жерде орналасқан екен.

Бүгінгі күні Алматы облысында екі қант зауыты жұмыс істейді. Қаншама жылдардан бері жалғыз жұмыс істеп келе жатқан Көксу қант зауыты қант өндіру қарқынына төтеп бере алмай, өткен жылы он жылдық үзілістен соң Ақсу қант зауыты қайта жаңғырып, ол да өзінің алғашқы қантын шығарған болатын. Соның нәтижесінде тәтті түбір өсірушілер зор жетістікке жетті. Облыс шаруалары 442 мың тонна қызылша жинап, әр гектардың өнімділігін 400 центнерден асырды. Ал олардың ішінде Ескелді ауданының өзінде 520 центнерден өнім алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Әлем елдеріндегі қант өндірісінің маңызы, осы өндіріс түрінің республикамыздағы үлесі, одан қалса Алматы облысының салмағын саралау арқылы жүріп келе жатқан ізімізді Ескелді ауданына бұру – өзекті де негізгі мақсат. Себебі бұл жерде тарихы 1941 жылдан бері басталатын атақты Қарабұлақ қант зауыты орналасқан. Оның одақтас республикалардың

өнеркәсібі арасындағы салмақты үлесі орасан зор болған. Өкінішке орай, аталмыш зауыт нарық қыспағына шыдай алмай, 2014 жылдан бері өз жұмысын тоқтатты. Соңғы өнімін 2013 жылы өндірген Қарабұлақ қант зауытын қайта жаңғырту бүгінгі күннің басты тақырыбы болып отыр.

Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында Ресейдің Курск облысындағы қант зауыты сол кездегі Қарабұлақ кентіне көшірілді. Зауыт жабдықтары жергілікті тұрғындардың күшімен тазаланып, қондырылған болатын. Ал алғашқы қант 1947 жылы алынды.

Зауыттың дүркіреп тұрған кезі мен құлдырау кезеңінен толық мағлұмат алу үшін алғаш Көксу қант зауытынан еңбек жолын бастап, Қарабұлақ қант зауытында бас инженердің орынбасары, бас инженер, артынан зауыттың директоры болған Дәулет Әкімбековпен арнайы жолықтық. Кездескен сәтімізде Дәулет ағамыз бірден бізді толғандырған сұрақ бойынша әңгімесін бастап кетті:

— 1984 жылдың күзінде директор болып тағайындалдым. Ол кезде зауыттың өнімділігі тәулігіне 3000 тонна қант қызылшасын өңдейтін. Төрт ауысымда 800 адам еңбек етті. Жыл өткен сайын аудан көлемінде қант қызылшасының өнімділігі төмендей бастауына байланысты алып зауытқа қант қызылшасы тапшылық жасай бастады. Осындай сәтте тығырықтан шығудың жолын іздеп, қант құрағын өңдеу мәселесін қолға алдым. Осы орайда, қант құрағы шикізатын өңдеуге 1985 жылы екінші желі жабдықталды. 5-6 ай қызылша өңдеп жүрген зауыт тәтті түбір өндіру азайып кеткендіктен, 2,5-3 ай ғана жұмыс істейтін болды, — деп сол жылдар кеше болғандай еске алды.

Содан зауыттың тоқтап қалмауы Мәскеудің бастамасымен қант құрағын өңдеу үшін екінші желіні жабдықтау туралы нұсқау түсіп, қолдарына сызба тапсырылған екен. Дәулет Рәшатұлының басшылығымен бұл желі бір жылдың ішінде жабдықталып, іске қосылады. Осылайша, қант құрағының шикізаты Қарабұлақ зауытында өңдеудің іргетасын қалайды. Жыл өткен сайын қант қызылшасының өнімі өңірімізде азая түскендіктен Дәулет ағамыз Қазақ ССР-і Тамақ өнеркәсібі министрі Бексұлтан Тынбаевқа қант қызылшасының өңдеуді тұтастай бір Көксу қант зауытына беруді, ал Қарабұлақ қант зауытын толығымен қант құрағына ауыстыруға ұсыныс береді.

— Сол кездегі Көксу қант зауытының тәуліктік өнімділігі 1800 тонна қант қызылшасын өңдеуге қабілетті болса, ал Қарабұлақ қант зауытының өнімділігі одан екі есеге жуық артық болатын. Демек, осы біздің аймақтың шаруашылықтары да қызылшасын Көксудағы кәсіпорынға өткізсе, ол кәсіпорынға жетіп жататын еді. Сондықтан министр менің ұсынысымды мақұлдап, Қарабұлақ қант зауыты тек қант құрағымен ғана жұмыс істеуге көшірілді, — деп әңгімесін жалғады.

Одан басқа Дәулет Рәшатұлының Мәскеуге барғандағы сапарында КСРО Тамақ өнеркәсібі министрі Юрий Кулиничтің қабылдауында болып, министр өз кезегінде Көксу, Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарының директорларын 1988 жылы Молдавияға тәжірибе алмасуға жібереді. Ол

жақтағы зауыттар бірнеше өндірістің басын ұстап отырғанын көреді. Яғни қант өндіру тоқтағанда, зауыт басқа өндірісті іске қосады екен. Жұмысшыларды жыл бойына еңбек ету мүмкіндігін пайдаланып отырғандарын көріп, Дәулет ағамызға да жаңа идея сап етеді. Ол одаққа крекер шығаратын 40 желі сатып алынғаны жайлы естіп, бұл өндірісті басынан аяғына дейін зерделеп, осы істі қолға алуды ұйғарады. Барлық мәселені министрдің өзі ғана шешетін болған соң, Кулиничтің алдына барып, дайындаған құжаттарын жайып салады. Өзі айтпақшы «Оймақтай Қырғызстанға бір желі, төбелдей Өзбекстанға екі желі, ал аумағы шексіз де шетсіз Қазақстанға үш желіні сұрап алдым» дейді.

Дәулет Әкімбековтің біліктілігімен бір айда бой көтерген зауыт Қазақстандағы тұңғыш крекер зауыты болады. Жұмыс процесінің бәрі автоматтандырылған аталмыш зауыттың жобалық қуаты сегіз сағатта бір желісі 8 тонна пісірме шығаруға қабілетті болған. Сөйтіп, бұл жерде 400 адам жұмыс істеп, крекердің бес түрін шығарған.

Осындай жылдамдықпен жұмыс жасауға қабілетті болған кәсіпорынның тек қиранды ғимараты мен ескірген құрал-жабдықтары қалды дегенге кім сенеді?! Облыстың ғана емес, одақтас республикалар арасында қарқыны мықты болған зауыт қаржы тапшылығына ұшырап, 1993 жылы үш жылға жуық жұмысын тоқтатады. Артынан жөндеу жұмыстары ұйымдастырылып, қайта қалпына келтіруге тырысқанымен, оның болашағы бұлыңғыр болады. Өйткені, бұл кезеңде одақ та ыдырап, Мәскеуден де қомақты көмек болмай қалады. Бір сөзбен айтқанда, зауыттың берешекке белшесіне батқаны бір басқа, кәсіпорын моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген жылу қондырғыларының жұмыс істей алмауына байланысты өз жұмысын толықтай тоқтатады. Зор қарқынмен жұмыс істеген Қарабұлақ қант зауытының қысқаша тарихы осындай.

Ендігі кезекте өзінің өмір сүру кезеңінде жергілікті жердің экономикалық жағдайына едәуір үлесін қосқан зауытты қайта жаңғырту міндетін аудан мен облыс басшылары өткен жылдан бері нықтап қолға алған еді. Көксу қант зауытының басшылығы кәсіпорынды қайта жандандыруға инвестор ретінде қызығушылықтарын танытты. 2017 жылы Ресейдің Бийск пен Челябі қазандық зауыттарымен қазандықтарын ауыстыру жөнінде келісімшарт жасалынды. Аталған өндіріс зауытынан қазандықтар тасымалданып, қазіргі уақытта қазандықтар демонтаждау жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күні жабдықтардың өндірістік қауіпсіздігі сараптамадан өткізілген. Осы жылы тартылған инвестиция көлемі 1 146,2 млн. теңгені құрады. Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың мәліметінше, алдағы уақытта құрал-жабдықтарды орнату жоспарда болған екен. Сонымен қатар, биыл зауыттың қасына бұрынғы қант қызылшасын жинаған жерге қант қызылшасын қабылдауға дайындықты бастап кеткен еді. Алайда, кепілге қойылатын мүліктің болмауына байланысты несие ала алмай, аталған жоба іске аспай қалды дейді. Ендігі барлық құзірет тек зауыт басшыларының («Астық инвестициялық компаниясы» ЖШС) еншісінде екен. Әрине, құрығы жеткен зауытты қайта көтеруге мол қаражат керегі

сөзсіз. Зауыттың іске қосылмауының басты себебінің барлығы қаражатқа тіреліп тұр. Оны бізге Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әпеков растады:

— Қарабұлақ қант зауыты қайта жанданатын болса, бір аудан еліміздің қантқа деген қажеттілігін қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосатын еді. Тек қант өнеркәсібіне ғана емес, экономикалық даму мүмкіндіктерді кеңейтуге жаңа жол ашылар еді. Зауыттың басшыларын тауып, олармен келіссөздер жүргіздік. Қайта тұрғызу мақсатында келісімшарт жасасып, газ бен су жүргізуге жер бөліп бердік. Бір сөзбен айтқанда, аудан әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалды. Ендігі кезек басшыларда. Жеті жылдан бері жұмысын тоқтатқан зауытты қайта жаңғырту жоғары біліктіліктен басқа, едәуір қаражатты қажет ететіні түсінікті. Дегенмен де, зауыт түптің түбінде міндетті түрде қайта жанданады. Ал біз өз тарапымыздан қолымыздан келген кез келген көмекті әлі де көрсетуге әзірміз, — деді.

Бір сөзбен айтқанда, республикамызға 500 мың тоннадан астам қант керек болса, облысымызға 30 мың тонна қант керек екен. Ал өткен жылы қант өндірісі 40 мың тоннаға жетіп, ішкі нарық толығымен қамтылды. Жұмысы тоқтап тұрған аталмыш Қарабұлақ пен Алакөлдегі қант зауыттары қайта жанданып, Қапшағай қаласында жоспарланып отырған бір кәсіпорын салынса, импорт азайып, экспорт көлемі едәуір ұлғайтылар еді. Сөз бен істің үйлесімдігі табылса, алмайтын асу жоқ екені сөзсіз. Тек тәтті түбірдің тағдыры тәтті болса екен.

 

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА,

Алматы облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *