Беташар бизнес па?

242

«Келін түсіру тойы» – кесірлі тойға айналып бара ма, қалай? Осы тойдың аты айтылса асабалар: «Беташар қайда болады, қанша адамға ашылады? Ақшасын кім алады?» – деп түк көрмегендей жалаңдап жарыса сұрай бастайды. Одан ары қарай беташар ақшасын бетжүздік етіп асаба, әншілермен той иелерінің келісуі басталады. Ең сорақысы, жаңа түскен келіннің беті өзі келін боп түскен қасиетті қара шаңыраққа, үлкендер отырған үйде емес, далада, қалада, қайдағы бір мейрамханада, кафеде ашылады. Ұйымдастырушының сылтауы: «Көпшілік қызық көрсін». Мүлдем олай емес, бар қызық беташарға тіреліп қалған жоқ қой, керісінше «көбірек ақша түссін» деген арсыз ой аржағынан қылаң береді. Осы ойды «сәтті» жүзеге асыру үшін неше жүздеген адамның атын беташар тізіміне тіркеп жазады. Оның ішінде кім жоқ дейсіз? Марқұм боп кеткен кісілерден бастап, бесіктен белі шықпаған сәбилер, айдаладағы, айналадағы, тойға келгеннің бәрінің аты бар. Ал қазақтың нағыз дәстүрінде келін өзі түскен әулеттің ең жанашыр, жақындарына, соның ішінде міндетті түрде күйеуінен жасы үлкен жақын туыстарына ғана сәлем салады. Ешқашан қайнысына, қайын сіңілісіне, достарына сәлем салған емес. Оның үстіне бұл салт (сәлем салу) тұрақты түрде жалғасатын болғандықтан, келіннің кімнің үлкен, кімнің ең жақын туыс, кімге үздіксіз сәлем беруге міндетті екенін білуіе жол ашады. Ал қазіргі беташарда оны жаттап, есіне сақтамақ түгіл, «Беташар қашан бітер екен» деп аяғы талып, ес-ақылы ауып қалады.
Жақында екі тойда болдым. Екеуінде де 200ден астам адамның аты аталды, екеуінде де келін әуелі үйге кірді, сосын мейрамханада беті ашылды. Беташарға кеткен уақыт пен қайран күш-жігер? Ана жерден тұра қашқым келді. Недеген сұмдық?
Қазақтың беташары – келінге, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, жақсылыққа үндейтін, ең жақын туыстарын жақынырақ танып-білуге арналған, әзілге құрылып, әдемі өрілетін дәстүр.
Өз басым ауылға түскен, өзім басшылық жасаған келін түсіру тойларында, келіндердің бәрінің бетін қара шаңырақта, түсе салған күні шағын ғана туыстармен аштырдым. Одан кедей болып, кем қалып, салтанатым төмендеп кеткен жоқ. Есесіне, сол келіндерім беташарда аты аталған үлкендердің атын атамай, сәлемін үзбей салып, тектілігін жалғастырып жүр.
Ардақты ағайын, ата салттан ауытқып, арсыздыққа баруды доғарайық!

 

Жарқын Сәленұлының фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *