Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қазақ солдатының сүйегі 77 жылдан соң туған жеріне жерленді

397

Осыдан бірнеше ай бұрын Ресей Федерациясының Воронеж облысы, Семилук ауданы, Федоровка селосының маңынан Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан солдаттардың сүйегі табылған болатын. Воронеждік «Патриот» іздеушілер отрядының мүшелері неміс фашистерімен кескілескен шайқастар болған осы маңнан жерленбеген 8 солдаттың мәйітін және жеке заттарын тапқан. Іздеушілер үш сарбаздың есімін анықтады, ал қалған бесеуі белгісіз күйінде Семилук ауданындағы мемориалдық кешенде қайта жерленді. Есімі анықталған үш солдаттың біреуі – қазақстандық Сүйінбай Мазыбаев.

Бүгін таңға жуық Алматы халықаралық әуежайына Ұлы Отан соғысының батыры Сүйінбай Мазыбаевтың сүйегін жеткізген ұшақ келіп қонды. Ерлікпен қаза тапқан жерлесіміздің мәйітін воронеждік іздеушілер алып келді. Іс-шараға Алматы өңірлік гарнизонының басшысы, генерал-майор Қаныш Әубәкіров және гарнизонның әскери қызметшілері, Түрксіб аудандық Қорғаныс істері басқармасының қызметкерлері, С.Мазыбаев туып-өскен Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері, соғыс ардагерлері және сарбаздың туыстары қатысты. С.Мазыбаевтың сүйегі салтанатты түрде әскери тәртіппен қарсы алынып, лайықты құрмет көрсетілді. 77 жыл өткен соң туған жеріне оралған С.Мазыбаев өзі туып-өскен Алматы облысы Ұйғыр ауданының Сүмбе ауылында қазақ дәстүрімен жерленді.

Айта кетерлігі, Ұлы Отан соғысы кезінде осы аумақта атақты Курск, Орел шайқастары өткен, Қазақстаннан 7 бірдей дивизия (әрқайсысында 10-11 мыңнан адам бар) жауынгерлері қатысқан.

Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *