Таудағы Жапон жолымен жүріп көрдіңіз бе?

426

Алматыда туристік нысандар өте көп. Қала тауға жақын болғандықтан, шатқалдар мен шыңдарға шығып, тұмса табиғатты тамашалаушылар күннен-күнге артып келеді. Соңғы уақыттарда, таудағы жапон жолымен серуендеуді ұнататындар көбейген. Оны әлеуметтік желіден жиі байқап жүрміз. Бірақ, бір қызығы ғаламтордан осы жапондық жол туралы қазақ тілінде ақпарат та, фоторепортажды да кездестіре алмадық. Сондықтан, біз аталған тауға жаяу көтеріліп, фоторепортаж дайындап қайтқан едік.

Қазіргі тау серпантин жолы — бұл ГЭС-1 құрылысы кезінде қаланған жұмыс жолының қалдықтары. Туннельдер таулар арқылы тесіп өтті, ол  жолдар 1939 жылдан 1956 жылға дейін Алматыда орналасқан 40-шы лагерьде тұтқында болған жапондық әскерилерінің жұмыс күшімен салынған (raknagore.kz). Бұл еңбекті біреу білсе, біреу біле бермейді. Жолдың салыну мақсаты көп болған, қазірде гидроэлектростанцияның жұмысын басқаруға мүмкіндік берді.

Ескі Жапондық жолдың («Visit Almaty» мекемесі туристтерге қызмет көрсету тақтайшасында осылай атайды) күрделілік деңгейі-жұмсақ және жеңіл болып есептеледі. Оған көтерілу көп күшті қажет етпейді, егер сіз Көкшоқы ауылынан емес, Аю-Сай шатқалынан шықсаңыз, онда сіз велосипедпен аралап қайтуыңызға да болады. Жаяу серуендеп, төңіректі еркін серуендеуге үш сағат уақыт қажет  (қозғалыс бірқалыпты болғанда) болады. Жодың теңіз деңгейінен биіктігі -1900 метр. Жолда сіз Көкшоқы шоқысы (2305 м), Қарғалы шыңы (3675 м), Үлкен Алматы шыңдарын (3681 м) көресіз, ал трассаның өзі Көкжайлау үстіртіне және В. Терешкова асуына баруға мүмкіндік береді.

Көкшоқы ауылы

Көкшоқы шоқысы

Бұл тарихи жолға қалай баруға болады? Сіз Алматы қаласынан әл-Фараби-Науаи көшелерінің қиылысынан № 28 автобусқа отырасыз. Аталған автобустың соңғы аялдамасынан («Бұғы» ескерткіші) Үлкен Алматы көліне апаратын жолдан сол жаққа, Көкшоқы ауылына қарай көтерілесіз. Гидроэлектростанцияға жеткенде, оны оң жағынан айналып өтіп, ұзындығы 1174 метр болатын құбыр бойымен баспалдаққа көтерілесіз. Бұл ескі жапондық жолдың бастауы. Одан ары қарай сізді сұлу табиғат қарсы алады.

АНЫҚТАМА:

Қашықтығы- 7,87 шақырым

Биіктік айырмасы — 520 м

Күрделілік санаты- жеңіл

Фауна- бүркіт, құман, түлкі, сұр суыр, сұр тышқан, тас сусары, Тянь-Шань аюы, таутеке, қырғауыл, шіл, кекілікі, жабайы қабан, осман балығы.

Флора-Тянь-Шань шыршасы, қайың, Сиверс алма ағашы, өрік, таңқурай, көктерек, қылқан жапырақты ағаштар, терек, шомырт, қарақат, бүлдірген, қой бүлдірген, қара бүлдірген, бөріқарақат, шырғанақ, шетен, долана, итмұрын, мията.

Ерекшелігі-Оны Үлкен Алматы өзенінің шатқалындағы жартасты бетте жапон әскери тұтқындары қашап жасаған.

Қызығы- Үлкен Алматы шатқалы мен қаланың сұлу көріністері ашылады.

Жапон тұтқындары салған жол

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *