Дефис, тире және минус таңба туралы

340

Дефис, тире және минус таңба туралы бір-екі ауыз пікір білдіріп ек. Керек болып қала ма деп осында салдым.

І. Сызықшаның орнына дефисті қолданудан аулақ болған жөн. Әрине, одан аспан үзіліп жерге түспейді ғой, сонда да техника үстем заманда әр белгіні өз орнында қолдануға бойды үйрете берген дұрыс. Қызық болса: Маринер-1 ғарыш аппараты (әлемдегі ең қымбат дефис) туралы оқыңыз.
ІІ. Мектепте апайымыз: «Сызықшаның үш түрі бар: дефис, минус, тире. Бірақ әдетте ана екеуін дефис, азайту таңбасы, ал тирені сызықша дейміз», — деп оқытып еді. Сонымен, (-), (—) және (–) осы үшеуі — үш басқа дүниелер:
1) дефис (-) тыныс белгісіне жатпайды. Ол бір ғана күрделі сөздің (Мыс.: 2-сынып; ерсілі-қарсылы; Қасым-Жомарт, т.б.) ішінде қолданылады, яғни дефис тұрған жерде тыныс (бос орын) жоқ. Сондықтан дефис — орфографиялық белгі.
2) сызықша (тире) — тыныс белгісі, сондықтан сөйлем ішінде сызықша болса, міндетті түрде екі жағынан бос орын қалдыру керек*. Сызықша — грамматикалық белгі, ол әрі сөйлемді көрікті, өтімді етеді, әрі ұғынықты қылады.
Сызықша сөйлемнің құрамынан тыста да қолданылады. Диалог құрғандардың әрбірінің сөзінің алдынан; төл сөзді бөлу үшін; кітаптың сілтемесін жазғанда (Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. — Астана: Елорда, 2000, — 532 б.), тағы басқа жағдайларда — сызықшаның екі жағынан немесе одан кейін бос орын қалдырады. Сонымен қатар, 1917—1991; ХVІ—ХІХ; 10—15 км сияқты жерлерде сызықшаның екі жағынан бос орын қалдырмаймыз, өйткені мұнда сызықша тыныс белгісінің қызметін атқарып тұрған жоқ, яғни тыныс жоқ. Ал осы жерге сызықшаның орнына дефис қолдануға — мұндағы синтаксистік қызмет кедергі. Айтпақшы, сызықшаны ALT+0151 пернетіркес арқылы қоямыз.
Қазақша сөйлейік деп тиреден жиренеміз ғой, бірақ немістің, ар жағы латынның дефисін жатсынбаймыз да, француздың тиресіне төзбейміз. Мұндағы логиканы түсінсем бұйырмасын.
*Компьютерде мәтін тергенде әдетте жай пробел емес, бөлінбейтін бос орын — неразрывный пробел (ағыл. non-breaking space) қойылады: Ctrl+Shift+пробел. Дәл осы ББО адам аты-жөнін жазғанда да қолданылуы тиіс: М.О. Әуезов. Ол жалқы есімді қате тасымалдаудың алдын алады әрі емленің талабы. Бұл енді басқа тақырып.
3) минус — математикалық таңба. Оны дефиспен де, сызықшамен де шатастырмаған жөн. Әдетте вордта мәтін терушілер екі жағынан пробел қою арқылы дефисті сызықшаға (–) айналдырады. Ал шын мәнінде ол — дефис емес, минус таңбасы. Көптеген гарнитураларда осы таңба сызықша мен дефистен жоғарырақ орналасады. Өйткені, ереже бойынша, сызықша мен дефис әріптің орта белінде, ал минус таңбасы санның орта белінде тұрады. Сан әріптен үлкен болғандықтан, минус таңбасы да «көтеріліп қалады». Минус таңбасын шығарудың ПЕРНЕтіркесі: ALT+0150.
ІІІ. Компьютерде бәрі түсінікті делік, ал қолжазбада ше? Дәптерге әлт қосу 0151 деп жаза алмаймыз ғой, енді қалай ажыратамыз? Осындай орынды сұрақ туындайды. Мектептегі үйренгеніміз мынау: шартты түрде, әріп жазылатын торкөздің ортасына бір ғана нүкте қойсақ — көбейту амалын білдіреді; ал үш нүктені қатар тізсек, ол дефис болады, екі дефисім — минус таңбасы, ал үш дефисті қоссам — тире. Бәрі оп-оңай.
ІV. Қазір сайттарда да, әлеуметтік желіде де, ТВ, тіпті кейбір басылымдарда тиренің орнына дефис немесе минусты қолданушылық — аса кең тараған үрдіс. Біз сияқты бірлі-жарым типографияның шетін көргендер, корректорлықтан хабары барлар болмаса, көп жұрт оны елемейді. Жоғарыда айтқаным, осы үшеуін шатастырудан аспан үзіліп жерге түскен жоқ, бірақ техника ондайды кешірмейді. Әйтпесе, бір ғана дефис үшін Маринер-1 ғарыш аппаратын жарып жіберуге тура келмес еді ғой.

 

Нұрлан Тұяқовтың фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *