Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Алтын бағыт» атты мерейтойлық көрме ашылды

316

2019 жылғы 23 қазан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Алтын бағыт» атты мерейтойлық көрме ашылды, деп хабарлады музейдің баспасөз бөлімі.

Көрме ҚР Өнер академиясының академигі, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Лондон Евразиялық шығармашылық гильдия мүшесі, мүсінші Шоқан Төлештің 65 жылдық мерейтойына арналды.

Шоқан Төлеш Алмахамбетұлы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің мүсін факультетін (1978) аяқтайды. 1984 жылы Абай атындағы қазақ педогогикалық институтының көркемсурет және графика факультетін бітіреді. 1988 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында сабақ берді.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан: «Мүсінші Шоқан Төлеш – уақытпен санаспай жұмыс істейтін еңбекқор азамат. Ашылып отырған көрменің мазмұны терең. Егер өнерге жанашыр жан болса, Шоқан Төлештей болсын дегім келеді. Қазақстанда талантты суретшілердің санаулы ғана тобына кіретін Шоқан Төлешті өнер сүйер қауымға үлгі еткім келеді. Ол өз өнерімен адамның рухын көтереді. Көрме құтты болсын!», – деді.

Шоқан Төлештің шығармалары көптеген елдерге танымал. Ол – Швейцарияның әр түрлі қалаларында, Лихтейнштейн княжествосында Лондонда, Египет, Мәскеуде өткен көрмелерге қатысқан. Шоқан Төлеш Мәскеудің «Өнер орталығы» ұйымы және З. Церетели басқаратын Ресей өнер академиясының жобаларына арнайы шақырылған. Суретші «Ерен еңбегі үшін», «Үздік шығармашылығы үшін», «Қазақ өнерінің қайраткері» атты медальдармен марапатталған.

Журналист-жазушы Сүлеймен Мәмет: «Рухани жаңғыру деген әлемге бет бұрып жатырмыз. Рухани жаңғыру ұлттың тілін, ұлттың құндылығын, ұлттың суретін, ұлттың болмысын жаңғыртып жатқан азаматтардың еңбегінен бастау алса керек. Суретшілердің құндылығы сол, артына ұрпақ көретін, үлгі алатын рухани мұра қалдырады. Шоқанның өнерінің, суреті, мүсіні де құнды, төрт құбыласы түгел деуге болады. Оның балалары да осы дәстүрлі өнерді жалғастыруда. Ұлттың өнері жаңғыра берсін», – деді.

Белгілі мүсіншінің жұмыстарын Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы мемлекеттік музейлерден, Қазақстанда, АҚШ-та, Францияда, Италияда, Швейцарияда, Лихтенштейн княжествосынан, Ұлыбритания, Австрия, Египет, Турция, Ресей, Сингапур, Татарстанның жеке коллекциялар мен галереяларынан кездестіруге болады. Шоқан Төлештің ескерткіштері мен монументтері Алматы, Қаскелең, Талдықорған қалалары және Қазақстанның басқа да елді мекендерінде қойылған. Ең танымал шығармалары – «Армандаушы», «Томирис», «Ойшыл» және Алматыдағы «Қазақстан» монументалды-мүсіндік композициясында Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші.

Шараға арнайы қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмайыл авторды елорда Суретшілер одағы атынан құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ Шоқан Төлешті еліміздің мүсін өнері мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапаттады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *