«Қазақфильм» киностудиясының youtube желісіндегі ресми арнасына тәуелсіздік жылдары жарыққа шыққан мультфильмдер жүктелді

250

«Қазақфильм» киностудиясы барлық қазақстандықтарды Халықаралық анимация күнімен құттықтайды. Бұл мереке үлкенге де, кішіге де ортақ, өйткені бала кезден сүйіп тамашалайтын мультфильмдер адам мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететіні баршаға мәлім. Бүгінде отандық анимацияның сапасы мен жеткен жетістіктері де қуантарлық. Мысалы, жақында ғана Германияда өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel фестивалінде «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі сыншылардың жоғары бағасын алып, «Үздік анимациялық фильм» жүлдесіне ие болды. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Баспасөз қызметі хабарлайды.

Әмен Қайдаров негізін қалаған отандық анимация бүгінде елімізде, сонымен қатар шетелде де үлкен сұранысқа ие. Сапасы жағынан батыстың фильмдерінен кем түспейтін біздің мультфильмдер үнемі халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Өздеріңіз білетіндей, биыл қыркүйектің ортасында «Қазақфильмде» қазақ киносының мұражайы ашылған болатын. Осы мерекеге орай «Қазақфильм» киностудиясы еліміздің анимация саласының дамуына үлес қосқан киногер ардагерлерімізге естелік сыйлықтарды – қазақ анимациясының 50 жылдығына арнайы шығарған күміс монеталар және пошта маркасын табыстады.

Анимация өнері – кино өндірісіндегі стратегиялық маңызды әрі ең қызықты салалардың бірі. Біз үшін әр көрермен қымбат, сондықтан да анимация саласында да бүлдіршіндеріміздің көңілінен шығуға тырысамыз, — деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсенов.

Сонымен қатар, киностудия басшысы осы жылдың соңына дейін бүгінгі қазақ анимациясына арналған пошта маркаларының жарыққа шығатынын айтты. Бұл маркаларда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінде түсірілген мультфильмдердің («Қошқар мен теке», «Мақтаншақ қыз», «Ер Төстік және Айдаһар») кадрлары бейнеленетін болады.

Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның тәуелсіздік жылдары жарыққа шығарған бірнеше анимациялық фильмдерді «Қазақфильм» киностудиясының youtube желісіндегі ресми арнасынан көруге болады.

Анимациялық фильмдердің тізімі:

1. «Күлтегін» / Режиссері — Адай Әбілдинов / 2017 жыл.

2. «Мұзбалақ» /Режиссерлері -Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы / 2017 жыл.

3. «Тимур мен Жаник» / Режиссері — Рамиль Усманов/ 2010 жыл.

4. «Тимур мен айдаһар» / Режиссері — Рамиль Усманов / 2013 жыл.

5. «Жерұйық» / Режиссері — А.Әбілдинов / 2013 жыл.

6. «Мақтаншақ қыз» / Режиссері — Рамиль Усманов /2011 жыл.

7. «Қошқар мен теке» / Режиссеры — Батырхан Дәуренбеков / 2008 жыл.

8. «Ер Төстік және Айдаһар» / Режиссерлері — Жәкен Даненов, Рустам Тұралиев / 2012 жыл.

9. «Қазақстан — біздің ортақ үйіміз» (9 сериялы анимациялық цикл)/2014 жыл.

10. «Қазақ Елі» /Режиссері — Б. Дәуренбеков/ 2015 жыл.

Одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясы қазақ киносының алтын қорына енген фильмдерді, оның ішінде қазақ киносының классигі Шәкен Айманов түсірген барлық фильмдерді өзінің youtube желісіндегі ресми арнасына жүктеуді жоспарлап отырғанын айта кеткен жөн.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *