Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист, жазушы: СӨЗДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН СЕЗІНУ АЗАЙДЫ

221

– Қалам ұстайтыныңызды бала күніңіз­ден білдіңіз бе? Қатарластарыңыз кішкен­тайыңыздан кітап кеміріп өскеніңізді айтады. Әлде ол заманда екінің бірі кітап оқып ер жетті ме?
– Тоғызыншы сыныпқа дейін журналист болам деп ойламадым. Себебі әкем бухгалтер болды да, мені есеп-қисап саласына бейімдеуге тырысты. Математикаға, физикаға ептеп ебім де бар еді. «Тіпті болмаса хирург не стоматолог бол, бір үйге бір дәрігер керек» дейтін әкем. Ал менің екеуіне де ықыласым жоқ. 1984 жылы Несіп Жүнісбайұлының «Футболмен тыныстаған Испания» деген кітабы шықты. Әлем чемпионатына «Лениншіл жастың» атынан барып, ойындарды өз көзімен көріп, сол елді толық аралап шығып, футбол тойын ғана емес, испан халқының салт-дәстүрін, болмыс-бітімін суреттеген керемет кітап. Тіпті кітап оқымайды деген балалардың өзі менің қызықтыруыммен сұрап алып, әлгі кітаптың түте-түтесін шығарып, жабыла оқыды. «Бұл да автордың бақыты шығар» деп ойлаймын осы күні… Содан кейін ­Сейдахмет Бердіқұловтың кітаптарына қолым жетті. Олар, әрине, бұрынырақ шыққан. «Осы кісілер секілді журналист болсам, Олимпиадаға, әлем чемпионаттарына барып, ойындарды, жарыс өткен елді өз көзіммен көріп, соны әсерлі етіп жазсам» деп армандай бастадым. «Ол үшін не істеу керек?» деп ойланамын. Сұрастырсам, ол үшін Алматыға барып, ҚазҰУ-дың журналис­тика факультетіне оқуға түсу, мақала жазу керек екен. Биыл сексенге толған әкем – бухгалтер болса да, кітапты көп жинаған кісі. Біздің үйде көркем әдебиет қазақ, орыс, тіпті өзбек тілінде де тізіліп тұрды. Әкемнің «Әбдіғаппар Сыбанбаевтың жеке кітапханасы» дейтін мөрі де бар, әр кітапқа басып қойған, ешкім иемденіп кете алмайды. Үйде он баламыз, онымыз да оқымысты болып кетпегенімізбен, сол кітапхана арқылы есейдік. Ол да тәрбиенің бір түрі екен-ау. Әкем көп газет-журналға да жазылатын. Бәрін оқимын. Тоғызыншы сыныптан өзім де жайлап жаза бастадым. Аудандық газеттің де абыройы аспандап тұрған уақыт қой. Мақала, мектепішілік іс-шаралар туралы хабар жазып жіберемін. Ол уақытта «Қазақстан пионері» деп аталатын қазіргі «Ұлан» газетіне де жазып тұратынмын…
– Баспасөзде айтулы тұлғалармен қатар жүріп, бірге еңбек еттіңіз. Не үйрендіңіз, олар жайлы айтқанда, қандай оқиғалар еске түседі?
– Еңбек кітапшама ең алғаш жазылған жұмыс орным – «Ақ желкен» журналы. 1993 жылдың 5 тамызы күні жұмысқа тұрғаным есімде. Екі жыл Фариза Оңғарсынова апайдың қарамағында жұмыс істедім. Айына бір шығатын журнал ғой, апай ұжымды қатты қысып ұстаған жоқ, алайда жазуға келгенде өте талапшыл болды. Көк базардың қарсысындағы тоғыз қабатты ғимараттың үшінші қабатында отырамыз. Апайды іздеп атақты тұлғалар көп келеді. Қазіргідей суретке түсу ойда жоқ, сырттан көріп қалғанымызға мәзбіз. Бір оқиға есімде: апай мені шақырып алып, қолыма «Ақ желкеннің» жаңа санын ұстатып, арасына бір жапырақ қағаз салды да: «Гоголь мен Қалдаяқов көшесінің қиылысындағы осындай үй, осындай пәтерге, Әсет ­деген ағаңа апарып бер» деді. Жаяу баратын жер ғой, аяңдап келемін. Журналды парақтап көрем деп, арасындағы қағазды жерге түсіріп алдым. Көтеріп ала бергенімде көзім түсіп кетті, бір бет өлең екен. Апай айтқан мекенжайға барсам, есікті толықша келген бір кісі ашты. «Фариза апай беріп жіберді» деп қолымдағы журналды ішіндегі қағазымен ұстата сала, кері бұрылдым. «Тұра тұр» деді әлгі ағай. Ол кезде тор қалта деген болатын. «Қуыс үйден құр шықпа» деп, соған алма салып беріп жіберді. Алманы редакцияға алып келіп, қыз-жігіттер бөлісіп жеп алдық. Кейін білсем, ол кісі – Әсет Бейсеуов, ал өлең – әннің мәтіні екен. Көп ұзамай Мақпал Жүнісованың орындауында елге танылды. «Қыз ғұмыр, шынарым-ай» деген ән… Фариза апай дүниеден озғаннан кейін ол туралы бір телехабар көрдім. Біраз адам қатысып, естелік айтты. Жас ақындар, әншілер «Фариза апай басымыздан ­сипап, маңдайымыздан сүйетін, сыйлық беретін» деп сүйсініп жатты. Олардың сипаттамасы мен өзім көрген Фаризадан онша ұқсастық таппай отырдым. «Өмірінің кейінгі жылдарында апайдың мінезі ептеп өзгеріп, жұмсара түскен де шығар» деп ойладым. Хабардың соңына қарай сөз алған Темірхан Медетбек аға: «Манадан бері тыңдап отырмын, сендердің мұндай елжіреуік Фаризаларыңды мен танымайды екем. Фаризамен араласу деген жарылғалы тұрған бомбаның жанында жүргендей еді. Оның қашан, қай уақытта, қандай себеппен жарылатынын болжау мүмкін емес-ті!» деп, «Махамбет в юбке» атанған жанның нағыз бейнесін ашты… Апайды ең соңғы рет үлкен тойда көрдім. «Арада біраз жыл өтті, үлкен кісі, ұмытып та қалған шығар» деген оймен «Амансыз ба, Сәкенмін ғой…» деп жөнімді айта бастап едім, бірден: ­«Танып тұрмын, немене, алжып қалды деп пе ең?!» деді. Ол кісінің осындай сөзінің өзі бізге «айналайындай» естілетін…
«Ұлан» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен Алпысбай Шымырбайұлының жазғандарын бала кезден оқитын­мын. Ол кісі үнді мәдениеті әуес­қой­ларына арнап «Тагор» деген клуб ашты. Бұл тақырып мені де қызықтыратындықтан, Алпысбай ағамен тез сырлас болып кеттім. «Ғажайып Үндістан» деген газет ашып, бір жылдан соң журналға айналдырды. Ол кісіден үйренгенім көп. Журналистикаға шын берілген, адал, өте ықтият адам еді. Бүгін бітіруге тиіс жұмыстарын қағазға тізіп жазып алатын. Кешке таман: «Мыналарды бітірдім, ал мына іс ертеңге қалатын болды-ау» деп өкініп, ертеңгі тізімге қосып қоятын. Бірте-бірте өзім де ағаның сол әдетіне бейімделіп, ұқыптылықты үйрендім. Марқұм бала сияқты жан еді, өмірге де баладай пәк ынтызарлықпен, шынайы махаббатпен қарады. Кез келген адамнан дос пейіл іздеп, жақсылығын көргісі келіп тұратын. Ол кезде жаспыз, тәжірибе жоқ, біреу біреуді жамандаса, сол ойдың ығына жығылып қаламыз. Ал ­Алпысбай ағай ондайға ілеспейтін. «Оның мынадай жақсы мінезі де бар» деп, сыналған адамның әйтеуір бір ізгілігін тауып­ отыратын. Дүниеден өткенше осы мінезі өзгермеді. Жүрегіндегі балалығын сақтаған адам өмір бақи таза қалпында қалады екен ғой деп ойлаймын. Ал біз балалығымызды, балаға тән тазалығымызды сақтай алдық па – күмәнім бар.
«Ана тіліне» 1995 жылы келдім. Газеттің таралымы 100 мыңнан асып, дәуірлеп тұрған шағында ең жас тілші ­болып еңбек еттім. Жарылқап Бейсенбайұлы – бас редактор, Марат Қабанбай – бірінші орынбасар, Ертай Айғалиұлы – жауапты хатшы, Байбота Серікбайұлы, Сағатбек Медеубекұлы – бөлім меңгерушілері. Ахмет Жүнісұлы ақсақал ұлттық ұғым мен салт-дәстүрдің керемет білгірі еді. Осы кісілерден көп нәрсе үйрендім. Кейінірек Сабыржан Шүкірұлы ақсақалмен бір ­кабинетте отырып, тәлім алдым. Солтүстік өңірдегі тілшіміз болған Жұматай Сабыржанұлын жүзбе-жүз көрмесем де, жазуына сүйсініп, сырттай ұстаз тұттым. Марат аға жазғанымды быт-шытын шығарып, қызыл-ала қылып жөндеп беретін де, «Түзетулерді енгізген соң, мына ескі парақты сақтап қой, кейін жының басылған соң оқы» дейтін. Жыным келіп тұрғанын бет-жүзімнен байқайтын болса керек. Шынында да, екі-үш күннен кейін оқимын да, ағаның әп-әдемі ғып түзегенін байқап, өз кемшілігімді амалсыз мойындаймын. Мәкең түзеп-күзеп, сыптай ғып жіберген материалға ­сосын Жақаң шұқшияды келіп… Сөйтіп-сөйтіп адам болдық қой. Сол кезде бірге істеген ­Раушан Төленқызының бір сөзі есімде: «Ертең біз әжептәуір журналист болып шықсақ, жаманды-жақсылы атымыз қалыптасса, бәрі де осы екі шалдың тепкісінің арқасында екенін ұмытпа, сондықтан шыда» дейтін ол. Қазір қарап отырсам, Жақаң да, Мәкең де ол кезде әлі елуге де келмеген екен ғой. Бізге үлкен кісі сияқты көрінетін. Жарылқап, Марат ағаларымыз бірін-бірі толықтырған керемет тандем еді. Маған сөзді қазақы саптаудың қыр-сырын жалықпай үйреткен – осы кісілер. Қазір журналистің негізгі құралы компьютер, диктофон болса, ол кезде бізге қағаз-қалам, сосын желім өте қажет еді. Жазғанымыз аямай сызылады. Түзелген сөз-сөйлемнің бәрін мәшіңкешіге қайта тергіземіз де, жөнделген тұсқа жапсырамыз. Дулат Исабековтің «Ескерткішінде»: «Бұрыштамадан бұрыштама соғылып, бұрыштама соғатын сау жер қалмаған соң тілдей-тілдей сілтемелер жапсырылып, әлгі қағаз әулиенің басындағы шеңгелдей сәусілдеп әрең жетті» дейтін жері бар еді ғой. Біздің мәшіңкеге басылған мақаламыз да сол сияқты жапсырмалары жалбырап, түте-түтесі шығып, бас редактордың алдына сәусілдеп әрең жететін. Жақаң газетке баратын кішкентай ақпараттың өзін оқымай жібермейтін. Онысы ­газет қызметкерлеріне деген сенімсіздік емес, редакторлық жауапкершілік болатын. Мен көрген редакторлардың осалы жоқ, бірақ бәрібір «Бас редактор деген қандай болуы керек?» дегенде, көз алдыма Жарылқап аға Бейсенбайұлының тұлғасы елестейді.
Келер жылы «Ана тілі» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толады (1990 жылдың 22 наурызында алғашқы саны шыққан). Бұл да – бір мерейлі дата. ­Басылым тарихына, осында қызмет істеген қаламгерлерге қатысты қызықты материал­дар ұйым­дастыруларыңызға болады.
– Әр толқынның өз айтары бар десек, сіздер айтуға талпынған сөз қандай еді?
– Біз журналистикаға 90-жыл­дардың басында келдік. «Журналист – тұлға болуы керек, қайраткер болуы керек» деп ұқтық. Мамандығымыздың атына кір келтірмеуге тырыстық. Ұлттық сана дүр сілкініп, күн тәртібіне «кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз?» деген сауалдың ашық қойылған кезі болатын. Сол сілкініс, сол ұлттық ұстаным біздің буынның өмірлік бағдарына әсер етті, шығармашылық темірқазығы болды.
Ал қазір мамандыққа деген адалдық азайды ма, мейлінше өз кәсібінің шебері болуға ұмтылыс байқала бермейді. Біреу көшедегі жалдамалы жұмысшыға ісі түсіп, «ошақтың мұржасын орнату керек еді, жасай аласың ба?» десе, ол «көрсетсеңіз болды ғой, ары қарай алып кетеміз» депті. Қазір Қазақстан қоғамында осы әдіс салтанат құрып тұр. Тұрсынжан Шапайдың «Қатқан етікші болатын-ақ жігіт еді, жазушы болып кетті» деп жазғаны бар еді. Сол секілді, бізде қай деңгейде болсын, өз орнында отырған маман сирек. Әсірепысықтығының, жоғары жақпен тіл табыса білуінің, тамыр-танысының арқасында сала басқарып, санатқа кіріп жүргендер бар. Бізде ешкім де «мен білмеймін» демейді, «көрсетсе болды, ары қарай алып кетеді». Барлық деңгейдегі қызметкерлер, министр, ­депутат, қарапайым мекеме басшысы, қатардағы жұмысшы бола ма, тым болмаса­ оңашада: «Мен өз ісімді қаншалықты білемін?» деп, өзіне-өзі есеп берсе ғой деп ойлаймын. Өз шамасын білсе ғой! Оспанхан Әубәкіровтің «Байғыз қалай бастық болды?» деген шағын ғана мысалы бар. Құстар өздеріне бастық сайламақ болып, «кім лайықты?» дегенде, біреу «байғызға барыңдар, одан бедірейген бет те, ежірейген көз де табылады» дейді. Бәрі жиналып, байғызға келеді. «Басшылық ету – менің ата кәсібім. Көз ашқалы үрім-бұтағымызбен үстел тоқпақтап келеміз. Қаласаңдар, аяқтарыңды бір етікке тығып, қаққанда қандарыңды, соққанда сөлдеріңді алып отырамын. Ал сендерге керегі бет болса, бетіме қарағанның беті күйетіндей бедірейгеннің көкесін көрсетемін» дейді байғыз. Сол сияқты, бізде де басшы болу үшін «бедірейген бет пен ежірейген көз» ғана керек секілді. Басқасын жоғарыдағы «көкесі» шешеді, ең бастысы – «бастықтық түр» бар…
Тағы бір қынжылтатын жайт: бізде жершілдік, рушылдық, туыстық намыс бар, бірақ осының бәрі қосылып ұлттық намысқа ұласпай жатыр. Мысалы, кім-кімге де «әкең осындай еді» деп жаман сөз айтшы, жағаңнан алады. «Балаң оңбаған» десең де солай. Руын келеке етсең, ауылын әжуаласаң, тура қолыңда өле жаздайды. Ал осы әкесі мен баласын жамандатпайтын, руы мен ауылына шаң жуытпайтын адамдар біреу «қазақ жаман» десе, «иә, иә, ­жаман болғанда қандай!» деп неге қосыла жамандай жөнеледі? «Қазақ» деген – мен, сен, ол емес пе? Жаңа ғана өзің шаң жуытпай отырған әкең, балаң, ауылдасың, туысың қазақ емес пе? Қазақты жамандасаң, солардың бәріне сөз келеді ғой. Жоқ, бізде қазақ деген – ешкім көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын абстрактілі ұғым секілді. Әкеміз, бауырымыз, ауылдасымыз – бәрі жақсы, бірақ қазақ деген бір оңбаған халық бар екен, кез келген жамандықты соған жаба салуға болады екен. Өкінішті…


– Қай тақырыпқа қалам тербесеңіз де, әбден зерттеп, зерделеп барып кірісетініңізді білеміз. Мәдениет, өнер, спорт тақырыптарын қозғап жүрген бүгінгі журналистер туралы не айтасыз?
– Студент кезде спорт журналисі болам дедім. «Лениншіл жасқа» жазып тұрдым. Бірде, 1989 жылдың күзі, Қыдырбек ­Рысбек аға: «Қайрат» пен «Шинник» футбол ­ойнайын деп жатыр, сол матчтан репортаж жазып кел» деп тапсырды. Ойынға барып, көріп, үлкен сары қағаздың екі жағын толтырып, үшінші парақтың да біраз жерін шимайлап апардым. Ертесіне газетті қарасам, алақандай ақпарат ­болып шығыпты. Әбден қысқартқан, артық ­баяндауларды алып тастаған. Газет бетіне шыққан алпыс жолда да менің сөзім сирек. Маған бұл да бір мектеп болды. Кейін де барып, тапсырма алып жүрдім. Байқасам, футболдан басқа ештеңе қызықтырмайды екен. Волейболға жібереді – жазғым келмейді, спорт комитетінің өкілімен сұхбатқа жұмсайды – ықыласым жоқ, бұқаралық спорт туралы жаз десе де – көңілім тартпайды. Сөйтіп, спорт туралы мақалаларды сиреттім. «Азия дауысы» фестивалінің дәуірлеп тұрған шағы. Соған барып, ондағы келеңсіздіктер туралы жаздым. Редакциядағылар: «Өнер тақырыбы оң жамбасыңа келеді екен ғой, жазып тұр» деді. Содан осы салаға ойыстым.
Мәдениет туралы жазуды оңай көретіндер бар. Шын мәнінде, өнердің қай жанрын да түсініп, зерттеп, таратып жазу үшін көп білім керек, тынымсыз ізденіс керек. «Концерт өтті, спектакль қойылды, фильм түсірілді, көрме ұйымдастырылды…» деген ақпарат беру – өнер туралы жазу емес. Өнер туындысының сан қырлы сипатын аша алу, автор көзқарасына, ­режиссер трактовкасына, актер ойынына, ән құдіретіне, суретші идеясына бойлау, үңілу, зерделеу – тұтас бір шығарма ­жазып шығардай еңбектенуді қажет етеді. Туындының бәрі жауһар дүние емес, жетістігімен қатар, кемшілігі де болады, соның бәрін саралап, санаңмен түйсініп барып жазбасаң, ол мақала оқырманға да өтпейді, тақырып та ашылмайды.
«Жас Алаштағы» «Ырғақ» қосымшасы қазақ эстрадасының әлі қанат қаға ­алмай жатқан кезінде ашылды. Кафеде­ де, көшеде де, көлікте де – тек орыс әндері шырқалып жататын. Қазақтың жас тыңдарманын ­Ресей музыкасының осы басқыншылығынан арашалап, қазақ әніне қарай бұру үшін ұлттық эстрада өкілдерін жиі-жиі жаздық: таныстырдық, сұхбаттастық, насихаттадық… Көтермеледік те, сынадық та. Біз жазғаннан солай болып кетті демейміз, уақыттың өзі соған алып келе жатты, қазақ жастары қазақ эстрадасын тыңдауға көшті. Осы үрдісте «Жас Алаштың» да үлесі аз емес-ті.
Ал қазір барлық салада жеңіл тәсіл алға шықты. БАҚ-та да кіл науқандық іс-шараларға көңіл бөлу белең алды. Өнердің құдіретін, мәдениеттің мәнісін тереңдеп жазу сиреп тұр. «Жұлдыздардың» жеке өмірін тәптіштеп кеткендер көп. Осы тақырыппен күн көретін журналистер, сайттар, телеарналар шықты…
– Белгілі журналиссіз. Жазушылы­ғыңыздан да ел жақсы хабардар. Бұл төңі­ректе оқырманды немен қуантасыз?
– Бірде марқұм Әшірбек Сығай ағамен сапарлас болдым. Әңгіме барысында кітап жазып бітіргенін, көкейінде тағы бір дүние барын айта келіп, «Ал сен не жазып жүрсің?» деп сұрады. «Сол, газеттің жұмысы ғой» деймін. «Кітабың шығып па еді?». «Жоқ». «Сен араласпаған тақырып жоқ қой, спортты, киноны, музыканы жаздың, солардың әрқайсысынан бір-бір кітап жазып қойған шығарсың деп жүрсем… Қой, бұл жүрісің болмайды, жазғандарыңды сұрыптап алып кел, өзім алғы сөзін жазып беремін» деді. Сөйтіп, 2012 жылы Әшағамның алғы сөзімен «Ділдің дерті» шықты. 2015 жылы «Ала доптың аламаны» жарық көрді.
Мақсатым – журналист болу, ­жаным қалаған жұмыс – газетте істеу еді. Телевизияға, радиоға қызықпадым. Көркем дүние жазу да ойыма мүлде кіріп шыққан емес-ті. Қазір есіме түсірсем, кезінде бірнеше кісі маған «жаз» деген екен: Несіп Жүнісбайұлы ағам «газет деген конвейер бойыңдағы бүкіл күшті сығып алмай тұрғанда жеке шығармашылыққа кіріс, тілің бар, қабілетің бар» десе, Жұмабай Шаштайұлы ағам шақырып алып, не оқып жүргенімді сұрап, жазбай жүргеніме қынжылып, «жаз» деп ұрысқан. Марат Қабанбай ұстазым да әдебиет туралы жиі айтатын. Ол кезде ойда ештеңе жоқ, тезірек ақылын айтып болса, кабинетінен шығып кеткім келіп, сырттағы қызықтарға елеңдеп тұрғанмын. Мәкең сонымды байқады ма, сәл ойланып отырды да: «Ішіңе әлі сөз түспеген екен ғой, бара бер» деді…
2012-2013 жылдары өз-өзімнен жазғым келсін. Ешкім айтпай-ақ. Ешкім «ұрыспай-ақ». Сірә, «сөз ішіме енді түссе» керек. Көп жазып тастағаным шамалы, бірақ әрекет бар, ізденіс бар. Құдай қаласа, кітап боп шығып қалар.
– Қазір асығыс бір заман басталғандай: демде жазып, демде кітап бастырып, демде таратып… жанталасып жатқан жұрт. Мұндай тасқынның астында шын көркем дүние, шын қажет кітаптар қалып қоймай ма?
– Рас, бүгінде қоғамдық өмірдің қай ­саласында да бір алапат асығыстық бар. Бәрін тезірек өткізіп, тезірек бітіріп, тезірек есеп беріп тастағысы келіп, қарбаласып ­жатады. Осы әдет шығармашылық ортада да байқалады. Қазір шығармалар автор тартпасында айлап жатпайды. Жазылып бола салысымен, бірден басылады. «Әттеген-айын» кейін байқаймыз. Сайттардан, газеттерден оқыған шығармалардың әлі де бір қайнауы ішінде жатқанын сезіп қаламыз. Ағымға ілесуге, бүгінгі күннің тренді болуға ұмтылыс, ел назарына тезірек ілігуге талпыныс жақсы ғой, бірақ мұндай қапылыстан үлкен шығарма туатынына күмәндімін. Оқырманның деңгейі де әртүрлі. Әлеуметтік желіде жарияланған қарапайым ғана өлеңнің астындағы пікірлерді оқып, таңғаласың. Жай лап еткен бір көңіл ауанынан туған ортақол дүниеге таңдай қағып, тамсанып жатады. «Мұндай өлең бекер тумайды, сіз тезірек кітап шығарыңыз!» деп қолпаштайды. Әлдекім фейсбукке өз басынан өткен оқиғаны немесе кісіні кәдімгідей ойландыратын қызықты естелігін салады. Оның да асты толған мадақ: «Дайын тұрған көркем шығарма! Сіз жазушы болуыңыз керек!» дейді жабыла. Осындай асыра мақтау, әсіре қошеметтен кейін әлгілер шынымен-ақ «кітап жазбасам болмайды екен» деп ойлап қалатын шығар, кім білсін…
– Қазақ сөзінің дұрыс жазылуына, қате кетпеуіне көңіл бөліп, алаңдап, сол тақырыптарда пікір бөлісіп келесіз. Сөздің бүлінуіне не себеп деп ойлайсыз?
– Сөздің жауапкершілігін сезіну азайды ма деймін, әсіресе қалам ұстаған қауымның өз арасында. Сауат деңгейі де құлдырап кетті. Тіл білген жақсы ғой, бірақ орыс тілін білудің біз үшін «зиян жағы» да байқалып қалады: орысша ойлап барып, қазақша сөйлем құрау, қалың калька қаптап жүреді. «Баратын болсақ…», «қарастыратын болсақ…», «айтатын болсақ…» дей береміз, осындағы «болсақ»-тың тіпті де артық екенін, орыстың «будемінің» ізі екенін аңғармаймыз. «Барсақ», «қарастырсақ», «айтсақ» десек те келер шақ екені білініп тұр ғой. «Оқыс оқиға орын алды» деп ­жазатындар көп. Солардан «оқыс оқиға нешінші орын алды?» деп сұрағым келеді. «Оқыс оқиға болды» десек жетпей ме? Бұл да – «иметь место»-ның калькасы. Әлдебір мәтіннен үзінді келтіреміз де, соның ішінен бірер сөйлемді қара немесе көлбеу қаріппен беріп, жақша ішіне «астын сызған – біз» дейміз (бірақ ештеңенің де асты сызылмаған). «Подчеркнуто нами» деген сөздің көшірмесі бұл. «Подчеркнуть» сөзі тек «астын сызуды» ғана білдірмейді, сонымен қатар «ерекшелеу» деген де мағынасы бар. Яғни «астын сызған – біз» емес, «ерекшелеген – біз». «Астын сызып айтатын мәселе…» деудің орнына «аса маңыз беретін» немесе «ерекше ден қоятын мәселе» десек, мейлінше жатық болмақ.
Сөйлем ортасында да «сіз» деген сөзді бас әріппен жазамыз. Неге? Өйткені орыс тілінде солай. Орыста солай болатын себебі – оларда «вы» сөзі екі мағына береді: 1) сіз; 2) сендер. Осы екеуін ажырату үшін олар «сіз» мағынасындағы «вы»-ды бас әріппен жазады («сіз» деген сөз сыпайылықты білдіреді деген де уәжі бар, бірақ басты себебі ол емес). «Түбек» деген сөзді ұмытып, «Корей жарты аралы», «Апеннин жарты аралы» деп жоқ жерден сөз ойлап таба бастадық («полуостров» қой баяғы). «Болон процесі», «Севиль шаштаразы» деген қателерге әбден көз үйреніп бітті, тіпті елең етпейміз де. Түбірге қарамаймыз, орысшадағы «Болонский», «Севильский» дегендердің «скийін» алып тастаймыз да, жаза береміз. Егер ізденсек, «Болонскийдің» түбірі – Италиядағы ­Болонья қаласы, ал «Севильскийдің» түбірі – Испаниядағы Севилья қаласы екенін ұғар едік те, «Болонья процесі», «Севилья шаштаразы» деп сауатты жазар едік.
«Олар ауыздарына келгендерін айтты» деп сөз саптайтын халге жеттік. Бір сөйлемге бір көптік жалғау жететінін білмейміз. «Олар» дегеннен кейін-ақ көп адам екені көрініп тұр, қалғанын «аузына келгенін айтты» десек болады ғой. «Бару керекпіз», «айту керекпіз» деп ауызекі сөйлеу былай тұрсын, тіпті жаза бастадық. Дұрысы – «баруымыз керек», «айтуымыз керек» екенін біле тұра, түземей өте береміз. Керісінше, «баруға тиіс», «айтуға тиіс» деудің орнына «баруы тиіс», «айтуы тиіс» дейтін болдық. Бұл да – мән берілмей жүрген қате…
«Қазақ кинолары» деп жазатындар бар. Кино – өнердің ауқымды бір саласы, үлкен индустрия, дара ұғым, оған көптік жалғау жалғанбайды. «Қазақ мәдениеті», «қазақ әдебиеті», «қазақ даласы» деген сияқты. Сіз «қазақ мәдениеттері», «қазақ әдебиеттері», «қазақ далалары» деп айтып-жазбайсыз ғой. Әдебиеттің өнімі – әдеби шығарма (роман, дастан, т.б.) болса, киноның өнімі – фильм. «Қазақ кинолары» деп жазған журналистің айтқысы келгені осы – «қазақ фильмдері». Ал «қазақ киносы» десеңіз – әңгіме нақты бір туынды, яғни фильм емес, тұтас кино өнері хақында деген сөз.
Бірде (2002 жылы ғой деймін) «Барып қайт, балам, ауылға», «Сағыныш» секілді белгілі әндердің авторы, композитор Темірәлі Бақтыгереевпен әңгіме барысында «Соңғы жазған әніңіз қайсы?» деп сұрап қала жаздап барып, соның әбес екенін сездім бе, әйтеуір «Ең кейінгі жазған әніңіз қайсы?» деп сұрадым. Сонда Темкең балдағына сүйене орнынан көтеріліп: «Бері жақындашы-ей, қолыңды алайын! – деді. – Елдің бәрі «соңғы әніңіз қайсы?» деп сұрайды, мен енді қайтып ән жазбайтындай… «Ең кейінгі әніңіз қайсы?» деп сұраған бірінші журналист сенсің, айналайын!».
Ойланып қарасақ, орыс тіліндегі ­«последний» сөзі «соңғы (ақырғы)» деген мағынаны да, «кейінгі» деген мағынаны да береді екен. Яғни «последний путь» (соңғы, қайтпас сапар), «последнее мгновение» (ақырғы немесе ақтық сәт) деген жерде де, «в последнее время» (кейінгі уақытта), «последняя книга, которую вы прочитали» (сіз оқыған ең кейінгі кітап) деген мәнде де қолданылады. Орыс тілі­нің ыңғайымен кеткеніміз сондай, біз де осы айырмашылықты аңғарудан қалып барамыз. «Ең соңғы көрген фильміңіз қандай?» немесе «Соңғы оқы­ғ­ан­ кітабыңызды айтыңызшы» ­деген сауал­нама әлеуметтік желілерде өріп жүреді. «Мен бұдан кейін ешқандай фильм көрмейтіндей…» ­немесе «бұдан соң ешқашан кітап оқымайтындай…» деп марқұм Темірәлі аға сияқты ренжісек те, ештеңе өзгермейтін секілді.
Ал шетелдік жер-су атаулары, халық­ара­лық, салалық терминдер әркімнің құлағының қалай естуіне қарай жазыла салатын болып барады. Құрығанда «гуглға» салып тексеруге де ерінеміз-ау сонда, ә… «Гугл» жоқ заманда да жұрт қатесіз жазып, газет шығарып, кітап басып келді ғой. Рас, ол кезде ғаламтор болмағанымен, адамдарда сауат бар еді. Ал қазір ғаламтор бар, ал сауат… білмеймін…
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ




One thought on “Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист, жазушы: СӨЗДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН СЕЗІНУ АЗАЙДЫ

  1. Айнұр

    Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату да қиын қазір. Мысалы соңғы деген сөзде әбестік бар ма? Осыған дейінгінің соңғысы емес па ол? «Бір сөйлем — бір көптік жалғау» деген ережені де білмейді екем.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *