Елордада жаңа сервистік қызмет іске қосылды

189

iKOMEK109 кері байланыс сервисін жақсарту мақсатында қала тұрғындарын СМС-хабарландыру бойынша жаңа сервисті іске қосты. Бұл туралы  ҚазАқпарат агенттігі хабарлады. «iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы елорда тұрғындарымен және қонақтарымен кері байланыс сервисін жақсарту мақсатында Бірыңғай байланыс орталығына 1-0-9 қысқа нөмірі арқылы берілген өтініштер бойынша СМС-хабарландыру қызметін іске қосады. Аталмыш СМС-хабарландырулар тұрғындарды өтініштердің орындалу дәрежесі туралы уақытылы хабардар етуге мүмкіндік береді. Өтініштің атқарылу дәрежесін егжей-тегжейлі қарау үшін қаланың iKOMEK.city порталына өту қажет. Өтініш шешімімен танысқаннан кейін тұрғынға пікір қалдырып, орындалған жұмыстар сапасын бағалау ұсынылады», — делінген елорда әкімдігінің iKOMEK109 Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы мәліметінде. Сонымен қатар, әрбір өтінішке кіру коды келеді, ол уақыт өте келе өтініштің орындалу дәрежесін қайта қарауға мүмкіндік береді. Ол үшін портал арқылы өтініштің SD мен кіру кодын енгізіп, атқарылу дәрежесін тексеру қажет. Бұл жаңашылдық 1-0-9 қысқа нөміріне ұялы телефоннан қоңырау шалу арқылы өтініш беруді жөн көретін тұрғындарға өтініш бойынша шешіммен онлайн режімде танысуға мүмкіндік ұсынады. Естеріңізге сала кетейік, өтінішті балама көздер (WhatsApp және Telegram чат-боттары, iKOMEK109 мобильді қосымшасы немесе елорда әкімдігінің сайты) арқылы берген жағдайда өтініштің орындалу дәрежесі туралы хабарландыруларды тұрғындар автоматты түрде алады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *