Фотокөрме екі елдің ұқсастығына арналды

567

Алматыда «Mega-Almaty» сауда ойын-сауық орталығында АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен «National Geographic Qazaqstan» журналы мен «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Америка мен Қазақстан: сіз ойлағаннан да жақын» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараның ашылу рәсіміне АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығы БАҚ, білім және мәдениет бөлімі басшысының орынбасары – Стефани Стравачи, «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотограф Ерболат Шадрахов пен журналдың жарнама бөлімінің директоры әрі аталмыш көрменің жетекшісі Бибігүл Имомбаева, «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы және өзге де арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Аты айтып тұрғандай көрменің негізгі мақсаты – АҚШ пен қазақ елі арасындағы экономикалық, географиялық, тарихи һәм мәдени ұқсастықты қалың көпшілікке таныстыра отырып, қос елдің айнымас серіктес, бірлігі бекем әріптес екенін жеткізу.

Алыс жатса да қос елді фототілімен жалғап, қалың бұқараның Америка мен Қазақстан туралы білім көкжиегін кеңейтуге арналған көрме бір уақытта екі бірдей қалада халық назарына ұсынуда. Қараша айының басынан бастап, 20 күн бойы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында тұрақтағаннан кейін, көрме Шымкент пен Петропавл қаласына жола тартады.

Мысалы, петроглифтер АҚШ жерінде де бар. Көрмеде осыған назар аударуға болады. Ежелгі америкалықтардың мәдениетінде петроглифтер ежелгі тұрғындардың өмір-салты, өмір дағдысын көрсететін болған. «Таңбалы тас» петрогилифтерінде табылған символдар АҚШ-тың батысындағы таңбаларға ұқсайды. Тағы бір, ерекше көзге түскені екі елдегі ядролық сынақ аймақтары. Мәселен, қазақстандық нұсқада Семей ядролқы сынақ аймағы, америкалық нұсқада Невада сынақ алаңы (Лас-Вегастың солтүстік-батысындағы шөлді аймақ) бейнеленген. Бүркіт тақырыбы — Қазақстанның туында, АҚШ-тың елтаңбасында бейнеленген. Сондықтан, фотографтар екі елдегі бүркіт тұқымдастардың ерекше сәтті кадрларын ұсынған. Қазақ асауды үйрету десе, осыған ұқсас дәстүр америкалықтарда родео деп аталады екен. Бұл да көрменің көпшілік қызыға тамашалаған суреттерінің бірі болды.

Стефани СТРАВАЧИ,

АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығы БАҚ, білім және мәдениет бөлімі басшысының орынбасары:

-Бұл көрме арқылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұқсастықтарын көрсеткіміз келді. Мұндай көрмені ұйымдастыру — екі ел арасындағы байланысты дамыта түседі. Сондай-ақ, көрме АҚШ табиғатын көру арқылы қазақстандықтардың турист ретінде саяхаттап қайтуына шабыттандырады деген ойдамын.

 

Ерболат ШАДРАХОВ,

«National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы:

-Көрмеге 23 тақырыптың негізінде — 46 фотосурет қойылды. Оған шет елден — -8, елімізден — 10 фотографтың жұмысы таңдалған. Сурет таңдауда — біз екі елдің ұқсастығын бейнелейтін фотосуреттерді іріктедік.

Ұйымдастырушы тарап-суреттің көркемдігіне басымдық берген жоқ. Өйткені, бұл тақырыптық негізде құрылған көрме. Сондықтан, екі елдің  тұмса табиғаты, әдет-ғұрпы, мәдениеті, қалалары, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларындағы ұқсастықтар қамтылған.

Бұл көрме «National Geographic Qazaqstan» журналы ұжымының идеясы. Мұндай, салыстырмалы көрме біздің ұжымда бірінші рет өткізіліп отыр. Негізі, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінде осыған ұқсас көрмелер болған секілді. Біздің көрме сол жобалардың жалғасы болып табылады. Осы көрме АҚШ-та да қойылады деп жоспарлап отырмыз.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *