ҚазҰУ-да «Бесінші жатақхана» кітабының тұсаукесері өтті

275

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде республикалық «Айқын» газетінің Алматы қаласындағы меншікті тілшісі, журналист Абай Аймағанбеттің студенттік жылдардың жарқын естеліктері жазылған «Бесінші жатақхана» кітабының тұсаукесері өтті. Шараға автордың ұстаздары, замандастары мен студенттер, журналистер қатысты.

Автордың айтуынша, оқиғалардың ешбірі қиялдан туған емес, шынайы. Жатақханадағы студент өмірінің сан қырын бейнелеп, бастан өткен шытырман жағдайларды әңгіме етеді. Кейіпкерлер де — автордың бірге оқыған құрдастары. Негізінен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 2009-2013 жылдар аралығында білім алған ұл-қыздардың қызыққа толы сәттері көрініс тапқан.

Оқиғалар мазмұны-барлық адамға жақын таныс. Тілі жеңіл, түсінікті жазылған. Сол себепті, оқырманның санасына жеңіл сіңіп, тез жатталады. Мәселен, Балмұздақ атанған күн, 600 теңге ұтқан жыл, 5-қабаттағы орыс кемпір, Егер бұл 1970 жылдар болса, Біздің «болашақтар», Жатақхана жыры бітпес, Журфак-ертегі секілді көптеген әңгімелері, оқырманын қызықтырып, бір шығармадан, екінші шығармаға жетелеп отырады. Кітап Нұр-Сұлтан қаласындағы «Muqaba» баспасынан 500 данамен жарық көрген.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы:

-Бүгін факультетіміздің түлегі-Абай Аймағанбеттің жаңа шыққан жинағының тұсаукесері өтіп отыр. Абайдың қаламы жүйрік, тілі жеңіл, ойы ұшқыр екен. Ойдан құрастырып ешнәрсе айтпайды, көзімен көріп, түйгендерін болған оқиғалардың ар жағындағы мәнді, маңызды, мағыналы сәттерді ойып алып, әдемі жеткізе біледі. Осындай қаламгерлік қабілеті қатая берсін.

Кезінде студент кезде кітап шығару деген сирек болатын құбылыс еді. Біздің курста Жүсіпбек Қорғасбек бесінші курста кітап шығарған. Қалғандары оқу бітіргеннен кейін шығарып жатты. Ал енді кеше бітіріп, бүгін кітабыңды шығарып жататын болсаң, ол сенің студент кездегі қаламгерлігінің ары қарай қатайып, сабақтаса түскендігі. Сонымен қатар, оның нәтижесін ел-жұртқа ұсыну мақсатында жаңа жинақ шығарып, оны «Бесінші жатақхана» деп өзіннің құт мекеніңді еске ала отырып, осы факультетте бірге оқыған достарына, ұстаздарына арналған ой салатын еңбек шығарыпсың. Құтты болсын, сәттілік тілеймін!

Кәкен ҚАМЗИН,

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры:

-Абайдың кітабы-үлкен ескерткіш. Тарихи мұра және қарасаңыз — «Бесінші жатақхана» деп аталады. Біздің ойымызда, көңілімзде бірінші жатақхана қалған. Сендердің ойларында-бесінші жатақхананың орны бөлек. Бұл қарасаңыздар, оқудың, білімнің эволюциясы. Бірден-беске көштіңдер. Жаңаға, жаңалыққа көштіңдер. Міне, мұнда ұжымдық портрет бар. Бүкіл крустың портреті-журналистиканың өмірі десек болады. Шіркін, дәл осындай кітапты әр курс жылда шығарып тұрса-ғой. Соны жинақтаса, журналистиканың мектебі, шығармашылығы, осы жерден бітірген журналистердің өсу жолы көрінер еді.

Абай, жолың болсын! Өсе бер! Шығармашылығың өркендей берсін! Мына, бесінші жатақхана-басқа мекенге көшіп кетті. Бірақ, сендердің көңілдерінде сол бұрынғы бесінші жатқахана, ол — тарих. Рақмет, саған!

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *