ІСКЕРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

148

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚХР Ғылым және технологиялар министрлігінің әлеуметтік дамуға арналған ғылым және технология департаменті медицина, биология және химия саласындағы ынтымақтастық жоспарларын белгіледі. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен ҚХР Ғылым және технологиялар министрлігінің әлеуметтік дамуға арналған ғылым және технология департаменті бас директорының орынбасары Тянь Баогуомен болған екіжақты кездесуде болашақ бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін жасалатын нақты қадамдар айтылды.

Бұл жобаға әлеуметтік-экономикалық бағыттар кірген және оларды жүзеге асыру үшін университетте барлық жағдайлар мен ресурстар бар. Мысалы, химия саласында дәрілік өсімдіктер мен биологиялық белсенді табиғи қосылыстарға университет ғалымдарының жүргізген жұмыстары нәтижесінде, Қазақстанның табиғи шикізаттары негізінде жыл басында кампус аумағында дәрілік заттарды өндіру орталығы құрылды.

Кездесу барысында ҚХР делегациясы ЖОО-ның ғылыми-білім беру және халықаралық жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, ҚазҰУ-ға әлемдегі топ-500 қатарына кіретін суперкомпьютер өндірушілерден үкіметтік грант бойынша суперкомпьютерлер әкелінетін болады, бұл IT саласындағы мүмкіндіктерді және әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орындарын біріктіретін Жаңа Жібек жолы университеттер альянсындағы ЖОО-мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейтеді. Бүгінде ҚазҰУ аумағында халықаралық IT-технопарк, суперкомпьютерлік және бұлттық есептеу орталығын құру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың таяудағы Қытай еліне сапары кезінде, үкіметтік делегацияның құрамында барған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов жоғары технологиялық компаниялардың өкілдерімен кездескен болатын. Ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі бойынша жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, жоғары технологиялар саласында Inspur компаниясымен меморандумға қол қойылды. Шарт шеңберінде тараптар өнімділігі жоғары серверлерді, Қазақстанда дербес компьютерлердегі деректерді сақтау жүйелерін және т.б. өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыратын болады.

Инновациялық технологиялар бойынша жетістіктерді талқылай келе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жасалған «Аl-Farabi-2» қазақстандық наноспутнигі Калифорния штатында (АҚШ) ғарыш айлағынан ұшырылғаны туралы ақпарат айтылды. Наноспутник ғылыми, технологиялық және білім берудің бірегей міндеттерін шешуге арналған. Сондай-ақ қонақтарға университетте ашылған Жерді қашықтықтан зондтау бойынша қазақстан-қытай орталығының және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру қызметтерінің жүзеге асырылуы туралы баяндалды.

ҚХР Ғылым және технологиялар министрлігінің Әлеуметтік дамуға арналған ғылым және технология департаменті бас директорының орынбасары Тянь Баогуо өз кезегінде жылы қабылдаулар үшін университет басшылығына ризашылығын білдірді, университеттің ауқымдылығын және оның ЖОО арасында халықаралық деңгейдегі жоғары мәртебесін атап өтті.

Ол дәстүрлі медицина саласындағы ынтымақтастық бүкіл қоғамға үлкен пайдасын тигізетініне сенімді екенін айтты. Қытай тарабы ғылыми жұмыстарды жүргізу, дәрілік өсімдіктер өсіру, жаңа табиғи қосылыстарды іріктеу негізінде бірлескен шағынсериялы дәрілік заттар өндірісін жолға қоюды ұсынды.

Жоба ҚХР тарапынан қаржыландырылатын болады. Бүгінде Аспанасты елінде 8,5 млрд. астам адам емделген 4566 медициналық орталық өз ісін табысты жүргізіп жатыр. ҚХР 43 дәстүрлі медицина университеттерінде 750 млн. студент білім алуда және 2000 дәстүрлі медицина зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар, тараптар медицина саласындағы шекараны кеңейту екі елдің ынтымақтастығы үшін үлкен мүмкіндіктерді ашылатынына тоқталды.

 

www.kaznu.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *