Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстан мен Татарстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: МУЗЫКАДА ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ

166

Қазақ классикалық музыка өнерін­дегі айшықты жұлдыз – Нұржамал Үсен­баева туралы әңгімелегенде бағзы­дан жеткен ертегі-жырлардағы хас сұлудың бейнесі көз алдымызға келетінін несіне жасырайық… Ол сомдаған кейіпкерлердің ұзына сонар көші Жібек, Сара, Ажар болып қол бұлғайды. Әншінің өзі де қырда ғұмыр кешкен қазақ аруларының жалғасы іспетті көрінетіні де сондықтан шығар.
Нұржамал Үсенбаеваның шетел шығармаларындағы образдары да үлкен әңгіменің өзегіне айналар сипаты бөлек бейнелер. Артистің шеберлігі деп ұққан жөн ғой, ол сахнаға Еуропа сұлуының рөлінде жарқ етіп шыға келгенде, сол ұлттың өз дауысын, өз үнін естігендей елтисің, сол ұлттың аруын көргендей қызыға қарайсың…
Оның орындауындағы қазақ және шетел шығармалары да адам жүрегінің тереңіне бойлап, музыка­ атты сиқырлы әлемнің сұлулығын паш етеді. «Қазақ даласындағы мың бояулы әуеннің құдіреті мен кереметі қандай?» дегенде де Нұржамалдың ғажап әндерін көпшілікке ұялмай ұсынасың.
Опера мен классикалық өнердегі ұлттық тұлғалар туралы әңгімелегенде де Нұржамал Үсенбаеваның есімін айналып өтіп кете алмаймыз. Ұлттық классикалық өнерді өз дауысындағы ғажап бояумен толықтырып жүрген әнші Нұржамалдың өнердегі биігі қандай?
Ерекше нәзіктігі, ғажап иірімі бар оның тұнық, ашық дауысы қазақ өнерінің бөлек бір мақтанышы десек, қателеспегеніміз. Бүгінгі өнердің жай-күйі, әншінің қазақ классикалық өнері жайлы пікір-пайымдары бүгінгі сұхбаттың негізгі өзегіне айналды…

«ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ БҮГІН ДЕ ӘНГЕ ТЕРБЕЛІП ТҰР»

– Қазақ музыка өнерін зерттеген шетелдік ғалымдар: «Қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген екен. Бүгінгі қазақ даласы ше, әлі де ән салып тұр ма, қалай ойлайсыз?
– Қазақ халқы ән-жырды бұрыннан сүйетін, өнерді құрметтейтін халық қой. Біз – дауысы сазды, үні әсем, әуезді ұлттың қатарына жатамыз. Ол бұрыннан бар, сүйекке сіңген мінезіміз. Осы күні де сол қалпы­мыз­дан көп өзгере қойдық демес едім. Яғни қазақ даласы осы күні де әнге тербеліп тұр. Қазақ даласы бүгін де байырғы заманнан бері салып келген әнін өзгерткен жоқ. Сондықтан қазақ даласы ән мен жырдың бесігі болып қала бермек. Қазақ даласы салған әнге әлі күнге әлем таңдайын қағып, тамсанатыны анық.
Сіз білесіз бе, бұл далада топыра­ғына тартқан, талантты жандар өте көп. Оның әрқайсысын мысалға келтіріп жату артық болар. Түрлі халықаралық, республикалық байқаулардан, бәйгелерден топ жарып келіп жүрген жастар көңіл қуантады, мерейімізді асырады. Бұл біздің даланың кәсіби музыкалық өнерден де құралақан емес екенінің бір дәлелі. Сондай талантты жастар барда қазақ даласының өнер деген биігі де аласармайтыны анық.
– Алғашқы сұрағымызға жалғас ­сауал тастасақ, «әу демейтін қазақ жоқ» деген сөз сізге таныс шығар. Бірақ ол сөз «әнге таласы бар да, жоқ та сахнада шырқай берсін» деген ойды білдірмесе керек. Осы күні әннің де үлкен өнер екенін ұмытып кеткендер көбейіп келеді деп қауіптенбейсіз бе?
– Қауіптену дейсіз бе?.. Иә, кәсіби білімі жоқ болса да үлкен сахнаға шығып кеткен әншілер бар. Оны мойындауымыз керек. Бұл жайт көңілді алаңдататыны да рас. Кәсіби музыкалық білімі жоқ сондай адамдардың салған әні, музыкалық шығармасы хас өнердің биік деңгейіне сай болмай шығатын кезі көп. Әрине, өте өкінішті.
Енді кәсібилік туралы айтсам. Негізінде кез келген кәсіби әнші өз өнеріне бейжай қарамайды деп ойлаймын. Музыка – кәсіби әншінің тағдыр ұсын­ған ғаламат сыйы ғой. Ондай тамаша мүмкіндік кәсіби өнер иесіне қуаныш, шаттық, бақыт сыйлайтыны анық. Сол ғажап сезімдер әншінің жүрегінен өтіп, көрерменге ізгілік таратып, көркемдіктің ғажап күйін шертеді. Саф таза өнер – ­дарынды, талантты әншіні биіктерге бастайды, мерейін асырады. Өне­рге, музыкаға құлай берілген жанға бекзат сала да дәл солай жауап қатады. Демек, классикалық музыка болсын, опера болсын, дәстүрлі ән болсын, кез келген өнер саласын шын өнер деп қарап, бағалаған кезде ғана сол өнердің қадіріне жетеміз, сол өнердің биігін бағындырамыз, сол өнердің айрықша құрметіне бөленеміз, мерейіміз артады. Сондықтан шын өнердің хас шеберлер ғана бағын­дыратын асқаралы биік екенін мойын­дағандар, оның қадіріне жеткендер әнді де өзінің талантына қарай орындап, талантын еңбегімен ұштап, жетілдіріп отыратынын айтқым келеді. Өнерге құлай берілгендер оған ешуақытта кір келтірмейді.

Иә, мен бала күнімнен әнмен, музыкамен өстім, осы саланың биіктеріне ұмтылып, армандап бойжеттім. ­Музы­ка­ны құлай сүйгендіктен, осы бекзат өнер саласының игілігі мен қуаны­шын, тіпті қиындығы мен жауапкершілігін де бір кісідей түсіндім. Әр кейіпкерім, еңбектене сомдаған әр рөлім арқылы білімімді ұштап, кәсібімді жетілдіріп қана қоймай, үлкен бір әлемге тереңдей түскенімді сезінемін. Кәсібі мен нәсібін музыкадан тапқан адам есебінде әр рөлімнің де ерекше жауапкершілік жүктейтінін түсінемін. Мамандығым, сомдаған рөлдерім арқылы әлемдік, отандық сахналарда құрметке бөлендім. Өз рөлімді қалай құрметтесем, көрермен де мен сомдаған рөлдерді құрметтеуі арқылы мені биіктерге көтерді.

«МЕНІҢ ЖІБЕГІМ ОСЫНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК»…

– Нұржамал Пернебекқызы, әрине, өзіңізге аяуылы рөл көп шығар. Бірақ сіздің «Қыз Жібек» операсындағы рөліңіз өнердегі ең бір асқақ бейнеңізді көрсететіндей. Өзіңіз бұған не дейсіз? Ол рөлді қалай алдыңыз, ең алғаш қалай орындадыңыз, көпшіліктің, белгілі тұлғалардың пікірі қандай болды? Басты сыншы – өзіңіз ғой, өзіңіздің көңіліңіз толды ма?
– «Қыз Жібек» операсы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы дебютым ғой. Осы рөлмен алғаш сахнаға шыққан 1984 жылдың 4 ақпа­нында Құрманғазы атындағы консер­ваторияның төртінші курс студенті ғана едім. Сол алғашқы рөлімнен соң, мені бірден театрдың труппасына қабылдады. Абай атын­дағы театр­дың жарты ғасырлық мерейтойы қарсаңында, осы операны жаңа нұсқада қоятын болып шешеді де, көптеген талапкерлердің арасынан Қыз Жібектің рөліне мені таңдап алады. Бұл әнші ретіндегі тағдырымды айқындаған, өнердегі кейінгі жолыма негізгі бағыт-бағдар берген, темірқазық болған, жолымды ашқан рөлім деп ойлаймын. Дәл сол қойылым аяқталған сәтте үлкен тұлға айтқан сөздің мен үшін терең мәні бар. Премьераны залда отырып тамашалаған, «Қыз Жібектің» либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов спектакль біткен соң сахнаға көтеріліп, баршамызға жылы лебізін айтты. Мені де құттықтап: «Менің Жібегім осындай болуы керек» деген еді. Қазақ сөз өнеріндегі еңселі тұлғаның, шығарма авторының осы бір сөзі мені қанаттандырғаны рас. Премьера аяқталған соң, Ғабит ағаның сахнаға көтеріліп, пікірін айтуы оның маған берген ақ батасы секілді сезілді. Сондықтан ол сөзді әркез жүрегімде сақтап жүремін, есімнен шығармаймын. Ғабит Мүсіреповтің бата іспетті осы бір пікірі маған артқан сенімі, маған берген кеңесі, ағалық ақылы деп ойлаймын.
Сол ең алғашқы спектакль мен үшін өте әсерлі болды, ол кезде­ қатты толғанып, толқыған едім. Алайда мені әріптестерім: Әлібек Дінішев (Төлеген), Шора Үмбеталиев ­(Беке­жан), Шабал Бейсекова ­(Батсай), Кеңес Бақтаев (Шеге) сынды даңқты актерлер, режиссер Байғали Досымжанов, дирижер Базарғали Жаманбаев­тар қолдап, үлкен демеу көрсетті. Олардың барлығы да маған шабыт сыйлап, көмегін, кеңесін аяған емес. Сахнаға сондай ғажап жандармен бірге шыққаным өзім үшін де үлкен мәртебе десем, артық айтқаным емес.
Ал сол рөлге өзімнің көңілім толды ма деген сауалыңызға жауап­ берсем, ең алдымен, сахнаға ірі тұлға­лармен шыққаныма риза көңілде бол­ғанымды айтқым келеді. Кез келген актер сахнаға шығар алдында қатты толқиды. Мені де сол сезім тербеді. Жоғарыда атын атап өткен шығармашылық интеллигенция өкілдерінің жылы сөзі, мейірімі, ниет­тестігі, ілтипаты толқып, әрі-сәрі күйге түскен көңіліме демеу болды ғой деп ойлаймын. Дүниежүзілік сахна болсын, өзімнің аяулы мекенім – Опера­ театрының сахнасы болсын, тіпті өңірлік театрлардың сахнасы болсын, кез келген қойылымға шығар алдында әлі күнге дейін қатты тебіренемін. Кәсіби әнші кез келген сахнаға бей-жай шыға салмайды. Ал ең алғаш рет үлкен сахнада басты рөлді ойнау үшін шығып тұрған жас әншінің сол кезде қатты толқығаны, алаңдағаны, алапат сезімге бөленгені анық. Иә, сол кезде рөлімді қалай орындағаным, әнді қалай шырқағаным анық есімде жоқ. Алайда қатты толқып, сахна сыртында уайымдап жүргенім, рөлімді қайта-қайта жұптап дайындалғаным осы қазіргідей жадымда…
Міне, сол сахна, сол сахнадағы ғажап актерлар, шығармашылық топ мені тәрбиеледі. Өнердің ғибадат­хана­сына айналған, кие қонған тамаша сол бір жер менің екінші ошағыма айналды. Студент болсам да, Опера театрының труппасына қабылдаған, сеніп рөл тапсырған менің алғашқы аяулы ұжымыма, сол ұжымдағы әріп­тестерге, аға буын өкілдеріне әлі күнге дейін ризашылық сезімім түгесілген емес.
Опералық спектакль – ұжымдық өнер екені баршаға белгілі. Кез келген спектакл­ьдің сәтті қойылуы – сол қойы­­лым­ға қатысқан, қойылымның басы-қасында жүрген сансыз адамның еңбегі, солардың тамшылап төгілген тері, демек, сансыз адамның жетістігі. Сондықтан алғаш сахнаға көтерілген сәтте үлкен құрметке бөленсек, онда да өнер­дің жауапкершілігін сезінген адамдардың еңбегі айрықша деп білемін.
 Дала аруларының да, шетелдік классикалық шығармалардағы сұлу­лардың да рөлін сомдадыңыз. Ол кейіпкерлерде Нұржамал Үсенбаеваның қандай мінезі, болмысы бар? Ал әнші Нұржамалға ол кейіпкерлер не берді?
– Иә, дәл сол образдарды үлгі тұтатын да кездер көп. Кейіпкер­лерімнің ең бір жағымды, жұғымды мінезін мен де өз бойыма сіңіргім келеді. Сахнада орындайтын образ­дарымның әрқайсысы да қымбат. Өйткені ол рөлдерді сомдау үшін жан-жүрегіммен еңбек етемін. Өнерді былай қойғанда, өмірдің өзінде әрбір әйел бейнесі – ерекше, әрқайсысы айрықша. Сол секілді әрбір кейіпкер де өзгеше екені белгілі. Ал әр рөлді сомдағанда, әр уақытта сахнаға көтерілгенде кейіпкерлерімді ерекше етіп көрсетуге ұмтыламын. Образдарды жаңа қырынан ашсам деймін. Сондықтан әр рөлде кейіпкерлерімнің және өзімнің де бойымдағы жаңа бір сипатты көрсете отырып, сан қырлы етіп орындауға ұмтыламын.
Иә, мен бала күнімнен әнмен, ­музыкамен өстім, осы саланың биік­теріне ұмтылып, армандап бойжеттім. Музыканы құлай сүйгендіктен, осы бекзат өнер саласының игілігі мен қуаны­шын, тіпті қиындығы мен жауапкершілігін де бір кісідей түсіндім. Әр кейіпкерім, еңбектене сомдаған әр рөлім арқылы білімімді ұштап, кәсібімді жетілдіріп қана қоймай, үлкен бір әлемге тереңдей түскенімді сезінемін. Кәсібі мен нәсібін музыкадан тапқан адам есебінде әр рөлімнің де ерекше жауапкершілік жүктейтінін түсінемін. Мамандығым, сомдаған рөлдерім арқылы әлемдік, отандық сахналарда құрметке бөлендім. Өз рөлімді қалай құрметтесем, көрермен де мен сомдаған рөлдерді құрметтеуі арқылы мені биіктерге көтерді.
Қазір де сахнада, операда түрлі мінездерді, партияларды – рөлдерді сомдаймын. Мен артистпін, сондық­тан кейіпкерлерімнің түрлі образдары мен мінездерін дұрыс бейнелей білуім аса маңызды. Бұл – менің кәсібім. ­Артист сахнада кез келген об­разды аша білуге тиіс: жағымды ма, жағымсыз ба – көрерменді сендіруіңіз өте қажет дүние… Ол образдардың кейбірі әншінің ішкі әлеміне жақын болмауы да мүмкін ғой. Ондай сәттерде түрлі сезімдерге тәуелділіктен арылып, ең бастысы, еңбектене отырып, сомдайтын образдарыңды халыққа жеткізе білуің керек.
Сондықтан қандай да бір образ жасаған­да, кейіпкерді сомдағанда сол образға барынша ену үшін еңбек­тенемін, дайындаламын. Сахнада өзіме сеніп тапсырылған кейіп­кердің, шығарманың өмірін сүремін. Сол образдың ішкі әлеміне бойлаймын. Әлгі кейіпкердің қуанышын да, шаттығын да, трагедиясын да өзім­дікіндей қабылдап, көрерменге өзімнің басымнан кешкендей етіп жет­кізуге ұмтыламын. Артистер үшін маңызды дүние – рөліңнің жан-жақты ашылуы, сомдаған образыңның халыққа толық жетуі, көрерменнің оны шынайылықпен қабылдауы. Иә, кейіп­керіңді өзге­лердің есінде қалар­лықтай сом­дау үшін барыңды саласың. Сөйтіп жүріп кейіпкеріңнің барлық жақсы жа­ғын, айрықша мінезін, ерекше қасиетін, жұғымды бір қылықтарын өз бойы­ңа қабылдайсың. Ал жақсы емес бір қылықтарын, мінездерін бойыңнан аулақтатуға тырысасың.
Өнер – ізгіліктің бейнесі, ол көркемдіктің сипаты. Біз рөлдерді сомдау арқылы көркемдікті қалай қабылдасақ, көрерменге де сол сұлулықтың сәулесін түсіруіміз керек. Әлемді ізгілік көркем ете түседі. Өнерге іңкәрлік бізді тәрбиелейді. Бәріміздің жақ­­сы кейіп­керлерге ұқсағымыз келеді ғой, соған еліктейміз. Актерлер де шы­ғарма кейіп­кер­лерінен эмоциялық әсер алады.
Алайда мынаны айқындап алу ­керек. Сахна мен өмірдің шекарасы бар. Шы­найы өмірді – сахнаға, ­сах­наны – шы­найы өмірге аралас­ты­руға болмайды. Мұны да түсінген абзал.

«МУЗЫКА – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ»

– «Әншің кім?» десе, ерекше мақ­та­­нышпен-ақ көрсететін жансыз. Өнер, көрік, сымбат, ізет – бәрі бір бойыңыздан табылады. Мұндай ізгі мінез қайдан сіңді? Өнерде еліктеген, ерекше құрметтеген, «осы бір жандай болсам-ау» деп ұмтылған идеалыңыз бар ма?
–  Идеалым – ата-анам дер едім. Мен 8 ұл-қызы бар көп балалы ­отбасында өстім. Әкем орта мектептің директоры, тарих пәнінің ұстазы еді. Анам мектепте кітапханашы ­болып еңбек етті. Ата-анамның берген тәрбиесі ұдайы жадымда. Олар мені еңбекқорлыққа, қара­пайым­дылыққа, елгезектікке, адамгершілікке, білім­паздыққа, «үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуге» тәрбиеледі. Мені осылай тәрбиелеген ата-анама ал­ғысым шексіз. Олардың бізге сіңірген тәрбиесін, берген білімін, өнегесін еш ұмытпақ емеспін, солар көрсеткен дұрыс жолмен жүруге, сол дұрыс бағыттан адаспауға тырыстық. Олар менің білімді болып өсуіме бар күш-жігерін жұмсады. Бала кезімнен музыкамен шұғылдандым. Бойымыздағы өнерге деген ұшқынды байқап, осы салада кәсіби білімімізді ұштауға көмектесті.
Кейінірек музыкалық училищеде оқыдым. Ол кезде менің ғана емес, көп­теген жастың кумирі Әлібек Дінішев болды. Мен де дәл сол Әлібек аға секілді әсем ән айтсам, дауысым сол кісінікіндей сазды болса деп армандайтынмын. Ол арманым біраз жылдардан кейін орын­далды. Құрманғазы атындағы консер­ваторияға әнші ретінде оқуға түскенде, академиялық, классикалық вокалға Әлібек Дінішевтің өзі жетелеп әкелді. Кейін ол менің ең алғашқы қойылымым «Қыз Жібек» операсында сахналық әріптесім болды.
– Бүгінгі классикалық өнердің жай-күйі туралы білгіміз келеді. Қазақ өнерпаздарының үлкен өнерден алар үлесі, орны қандай екенін осы саланың кәсіби маманы ретінде айтып беріңізші.
– Опера, классикалық музыка – мәңгілік өнер. Ол ешқашан өзгермейді, өшпейді. Оған деген құрмет бұрын да болған, кейінгіде де сол құрмет толас­тамайды ғой деп сенемін. Қазақстанда классикалық музыка бағытындағы мамандардың деңгейі өте жоғары. Ол – әлемдік деңгейге сәйкес келетін деңгей деп, нық сеніммен айта аламын. Әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетіп жүрген біздің музыканттарымыз осы сөзіме дәлел.
Қазіргі күні жастардың мүмкіндігі де мол. Олардың алдында өнердің даңғайыр жолы ашылып жатыр. Олар әлемнің кез келген жерінде, кез келген мәртебелі сахнада білімін жетілдіріп, кәсібилігін шыңдай алады. Арманы­ жетелеген кез келген жерде әнін шырқап, өнерін өзгелерге паш етуге мүмкіндігі мол. Музыкада шекара болмайды. Демек, бұл өнер шартты шекаралардан, шектеулерден ада. ­Ондай жағдайда әлемнің кез келген сахансын өнеріңмен баурап, бойыңдағы талантыңды өзгелерге паш етуге де мүмкіндігің мол.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *