«Қазақфильмнің» фильмдері Лос-Анджелес қаласындағы кинофестивальге қатысып жатыр

388

Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ», Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» және Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмдері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қарашаның 6-ы мен 14-і аралығында өтіп жатқан Asian World Film Festival фестиваліне қатысып жатыр. Бұл туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген, — деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.

Кинофестивальдің мақсаты — Азия мен Голливудтың кино өндірісі саласы арасындағы байланысты ңығайтып, Лос-Анджелес көрермендеріне үздік азиялық фильмдерді ұсыну. Биыл фестиваль шеңберінде Түркия, Жапония, Үндістан сынды басқа да мемлекеттердің 50-ден астам туынды көрсетіледі.

«Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымы – «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде жазылған. Естеріңізге сала кетсек, бұл фильм биыл Қазақстанның атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылған.

Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмі Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Ол киноның көмегімен әлемді жақсартуға болады деп сенеді. Биыл жаз айында өткен XXII Шанхай халықаралық кинофестивалі аясында аталған фильмінің әлемдік тұсаукесері өтті. Картинада басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов Анапада өткен «Киношок» кинофестивалінде «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» атты қазылар алқасының дипломымен марапатталған. Айта кетсек, аталған кинофестивальде фильмнің операторы Мартин Сечанов «Үздік оператолық жұмысы үшін» жүлдесіне (А.Княжинский атындағы жүлде) ие болды.

Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін банк қызметкері — Қанат туралы баяндайды. Бір күні бас кейіпкер коуч-тренердің өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тұлғалық өсу тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын түсініп, біраздан бері көрмеген танысы Даниярды кездестіргенде, оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Айта кетсек, «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі биыл сәуір айында қазақ киносының тарихында алғаш рет 41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және XV халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде Бас жүлделерге қол жеткізген болатын.

Шетелдің фильмдерін, сондай-ақ тәуелсіз киноларды сүйіп тамашалайтын көрермендерге арналған Asian World Film Festival фестивалі Лос-Анджелестегі азиялық қауымдастықтарының қолдауымен өткізіледі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *