Жұмабек Омарұлы Кенжалин атындағы «Баспа және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы ашылды

317

9 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай Жұмабек Омарұлы Кенжалин атындағы «Баспа және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы ашылды.
Салтанатты шараға оқу орнының ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, танымал қаламгерлер Сарбас Ақтаев, Сауытбек Абдрахманов, Сәбит Досанов, Раушанбек Әбсаттаров және Ж.Кенжалиннің ұстаздары, әріптестері, жоғарғы оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысып, қаламгер жайлы естеліктерімен бөлісті.

Жұмабек Кенжалин «Қазақ газеттері» серіктестігінде 1999 жылы алғаш құрылған сәтінен бастап адал еңбек етті. Əсіресе, басшылық қызметте болған жылдары мекеменің дамуына зор үлесін қосты. Қазақ басылымдарының жанашыры ретінде экономикалық, қаржылық қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, әр жылдары серіктестіктің құрамына кіретін 6 басылымның жабылып қалмауын ерекше қадағалап, басты назарда ұстады. Іскер басшының білікті ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында басылымдар бүгінгі күнге дейін оқырмандарымен бірге жасап келеді.

Жұмабек Кенжалиннің курстасы, жазушы Талғат Айтбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Адамның өзі кеткенімен, көңілден кетірмейтін, зерде-зейіннен өшірмейтін ісі болады. Жүкең де соңында сондай ғажап жұмыстар қалдырған жан екенін ел біледі, көз көргендер айтады. Бүгін сондай күн. Өзі ғимаратының іргетасын қалаған университеттің журналистика факультетінде Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы ашылады.
Ең қуаныштысы – осы іргелі істің бел ортасында қос ұлы Дастан мен Жандос жүр. Атпал азамат атанған олар да бүгінгі кезеңде адалдықтың, адамдықтың ақ туын желбіретіп жүргендер.
Алла солардың өздеріне және өздерінен тарайтын ұрпақтарына өнегелі өмір берсін...» — деп ойлы жазушы, қаламы қарымды журналист Ж.Кенжалин жайлы жылы лебізімен бөлісті.

Қаламгердің есімі берілген оқу-шығармашылық зертханада келешекте əлі талай қазақ журналистикасының іргесін қалайтын ойы ұшқыр, қаламы қарымды ұрпақ өсіп шығатынына кəміл сенеміз.

Толығырақ бейнематериалдан тамашалаңыздар

Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті Неля Рушанова дайындаған қаламгер жайлы бейнематериалды оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

Суреттерді түсірген: Азамат Құсайынов 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *