Қоқыстарды бөліп жинауды кеңінен насихаттау қажет

411

Қоғамның экологиялық проблемаларға көңіл бөле бастағанын жақсыға балаған жөн. Олар берекетсіздікті, қоқысты фотоға, видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жіберіп, табиғатты, қоршаған ортаны қорғаудағы азаматтық ұстанымын білдіре бастады. 3-4 жыл бұрын жағдай мүлдем басқаша болғанын ескерсек, мұны өркениеттің өлшемі, мәдениетіміздің өскені деп қабылдаған абзал.

Бүгінгі таңда бізде 3520-ға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар екен, бірақ олардың 17.6 пайызы ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ 9 мыңнан астам заңсыз үйінділерді фотоға түсіріп, анықтаған. Елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін (бұйымдарды түгел жасамаса да) 170 кәсіпорын кешені бар, олар заманауи завод емес.

Жақында ғана Президентіміз Алматыға сапарында: Үлкен Алматы көлі, Медеу, басқа да тынығатын орындарда жатқан қоқыстардың үйінділерін қатты сынға алды.

Қала төңірегінде 86 қоқыс орнының 55-сі әлі күнге дейін жабылмаған. Алматы қаласында қоқыс өңдейтің заманауи завод жоқтығынан 11 пайыз ғана қалдықтар өңделетінін айтып, жағдайды түзеуді тапсырғанын білесіздер.

Көршілес Ресейде жаңартылатын энергия көзінің бірі ретінде қоқысты жағу заводтары салына бастады. «Hitachi» корпорациясынын технологиясын сатып алған «РТ-Инвест» компаниясы 5 завод салып жатыр, тағы 2 завод салуды жоспарлауда. Әлемде дәл осындай сапалы сүзгілері бар 500 завод қалалардың дәл ортасында іске қосылған екен. Қолжетімді озық технологияларды (НДТ) енгізуді жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануын күтпей-ақ жеделдетіп шешпесе кеш болады.

Бұл салада көршілерден үйренетін көп нәрсе бар. Мысалы, Қытайда, жекелеген ұйымдар өз аумақтарында қоқыстарды уақытында жинамаған жағдайда, оны арнайы мекемелер, кәсіпкерлер орындайды. Ал ақысы бірнеше еселенген ақшалай мөлшерде өндіріліп алынады.

Сондай-ақ, елде халықтың және бизнестің төлемдерін шоғырландыратын және оларды ҚТҚ-ны жинауға, сұрыптауға және қайта өңдеуге бағыттайтын арнайы «қоқыс хабтарын» құрып, олардың санын арттыруға болар еді. Мұның жоба-схемасы мынадай: хабтар қалдықтарды жинаушыларға ақы төлейді, сол арқылы олардың өздері де қалдықтарды заңды полигондарға жеткізуге ынталы болады. Әрине, сұрыпталған қоқыс үшін тарифтердің жоғары болатыны түсінікті. Мұның пайдасы — жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары, жаңа ойлау жүйесі деген сөз.

Біз Үкіметке осындай озық тәжірибелерді қолдану мүмкіндігін және жалпы экологияға қатысты өзекті проблемаларды шешуде көзделген кешенді іс-шараларды уақыт талабына сәйкес қайта қарап, пысықтауды ұсынамыз.

Үстіміздегі жылғы 16 қазанда өткен жиынымызда мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин мен депутат Қ.Сұлтановтың жаңа Экологиялық кодекстің идеологиясына қатысты «Экология мәселелері – бұл біздің ұлтымыздың болашағының мәселелері, барлық бағыттарда, соның ішінде ұлттық санада, мәдениетте, өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелерінде өзіміз қалыптастыратын мәселелер» деп өте орынды атап көрсетті.

Бұл орайда, қоқыс өндеу саласын реттеумен қатар қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін де көтеру ерекше маңызды деп ойлаймыз. Ал экологиялық сананың деңгейі білім беру мен ағартушылық, үгіт жұмыстарының сапасына байланысты болмақ.

Қоқыстарды бөліп жинауды кеңінен насихаттау қажет – әлеуметтік роликтерді әзірлеп, БАҚ-та, прайм-тайм-да телеарналар арқылы көрсету, оқушылар, студенттер арасында, кәсіпорындар мен ұйымдарда макулатура, қолданыстан шыққан пластик заттар, электрондық бұйымдар жинау жүйесін енгізсек. Сонымен бірге, волонтерлер стадиондарда жарыстар өткенде пластик шөлмектерді жинау акцияларын өткізсе, оны спорт федерациялары қолдап жатса, тиімді әрі тағылымды шара емес пе? Экологиялық акциялар, экология айлықтарын өткізу тек заңды тұлғалардың ғана емес, жеке тұлғалардың да актив есебіне жазылып, жинақталған балл жұмысқа орналасу кезінде де, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде ескерілуге тиіс. Қоқысты сұрыптамайтындарға жоғары тариф және оны жаңа әдіспен кәдеге жарататындарға төмендетілген тариф сияқты икемді тарифтерді белгілеу арқылы тұрғындарды ынталандыру қажет әрі маңызды. Кейбір сауалнамаларға қарағанда, қала тұрғындарының 80 пайызы қоқысты бөлек жинауға әзір екендіктерін білдірген, бұл — қуанарлық жетістік.

Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарға, мектеп оқушыларына арналған экология оқулықтарын және балаларға арналған Қызыл кітап әзірлеп, басып шығарудың да мезгілі жетті деп ойлаймыз.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, мынадай ұсыныстарды:

  1. Қоқыс жағу, қоқысты түпкілікті өңдеу заводтарын салу, арнайы қоқыс хабтарын құру жөнінде мәселелерді қарауды;
  2. Қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін арттыру жөніндегі мақсатты іс-шараларды қолға алуды және алдағы жарияланған Волонтер жылында қоршаған ортаны қорғауда волонтерлік бастамаларды бағалау жүйесін енгізуді;
  3. Мектепалды мекемелер мен оқушылар үшін экологияға арналған көрнекі, оқу-әдістемелік құралдарын, танымдық, ғылыми-көпшілік әдебиетті шығаруды жолға қоюды сұраймыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты

Дереккөз: parlam.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *