Бүгін дүниежүзілік диабетпен күрес күні

236

Қант диабетінің алдын алуға бола ма?..

Жыл сайын 14 қарашада дүниежүзілік диабетпен күрес күні атап өтіледі (WorldDiabetesDay).

Қант диабеті әлемде көп таралған эндокринологиялық ауру болып табылады. Дерттің пайда болуы ағзадағы көмірсулар алмасуының бұзылуымен байланыстырылады. Қант диабеті ағза қандағы қант (глюкоза) мөлшерін реттей алмаған кезде туындайды. Қан қоюланып, уақыт өте келе, ауруды дер кезінде анықтамаса, арты инфаркт, инсульт, соқырлық, бүйрек жеткіліксіздігі және аяқ гангренасына әкелуі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде әлемде 422 миллион диабетке шалдыққан науқас тіркелген. Алайда сусамырдың адам денсаулығына төндіріп тұрған қаупіне қарамастан, оған шалдыққан науқастардың тең жартысы өзінің ауруға шалдыққанынан мүлдем хабарсыз екен.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары аурудың алдын алу үшін бірнеше қағиданы ұстануға кеңес береді.

Дұрыс тамақтану. Инсулин бөлетін  ұйқы безіне ауырлық салмас үшін көмірсуларды тұтынуды азайту, ағзаны бірқалыпты ұстап, күн сайын тұтынатын калориялар мөлшерін шектеу.

Диабеттің алдын алу үшін ас мәзірінен қант пен құрамында қанты бар өнімдерді (піспенан, жасанды шырындар) алып тастау керек. Оның орнын құс етімен, калориясы аз балықпен, көкөністермен, қантсыз шырындармен алмастырған жөн.

Макарон және ұн өнімдерін, татымды, өткір, қақталған тағамдарды шектеу қажет. Қуырылған тағамды қайнатылған, қақтап пісірілген немесе бұқтырылған тамақпен алмастыру керек.

Күнделікті дене жаттығулары. Қант диабетінің алдын алуда күнделікті жарты сағаттық дене жаттығулары аса тиімді. Денедегі физикалық жүктемелер зат алмасу процесстеріне жақсы ықпал етеді. Есесіне майлардың ыдырауынан қанның майлы құрамы жақсарып, дене салмағы едәуір төмендейді.

Қант диабетінің алдын алу үшін көбірек жаяу жүріп, велосипед тебу, бимен, жүзумен, футболмен және басқа да спорт түрлерімен шұғылданған абзал.
Көңіл-күйді бір қалыпта ұстау. Жүйелі күйзелістер ауруға әкелетін себептердің бірі болатындықтан, аурудың  алдын алу үшін эмоциялық күйді бақылауда ұстау қажет. Күйзеліс жағдаяттарынан алшақ болып, оны тудыратын адамдармен араласпаған дұрыс.

Медициналық тексерістен жүйелі түрде өтіңіз. Қауіп-қатер тобында тұрған адамдар кем дегенде жарты жылда бір рет талдаулар тапсырулары қажет.

Қант диабетінің белгілері: шөлдің қанбауы, жиі зәр шығару, ағзаның сусыздануы, қатты ашығу, жүдеу, көру қабілетінің нашарлауы, бұлшықет әлсіздігі, қышыну мен тері тітіркенуі.

Егер де аталған белгілердің біреуі өзіңізден табылса, дереу дәрігерге қаралыңыз.

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің

Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының

баспасөз қызметі

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *