Ерлан АРЫН, экономика ғылымының докторы, профессор: ӘКЕМДІ ӨЗІМЕ ҮЛГІ ТҰТТЫМ

229

Өтпелі қоғамның саяси және даму мәселелерін ғылыми жұмысына арқау еткен Ерлан Арынның мемлекет пен қоғамның өркендеуіне қосқан еңбегін санамалап жату артық болар. Жауапты қызметтер атқара жүріп, өзінің негізгі саласынан бөлек, руханият­­­ пен мәдениеттің жандануы үшін бірталай жұмыс атқарғанын өзі «әкеден қонған қасиет» деп біледі. Ал сұхбаттасымыздың әкесі кім еді? Ол – қазақтың ардақты азаматы, елге танымал ғалым Мұхтар Арын болатын. Ерлан Арынмен әңгімемізде бүгінгі қазақ қоғамындағы толғауы бөлек тақырыптарды арқау еттік…

– Ерлан Мұхтарұлы, бұрындары «дәрігерлер әулеті», «ұстаздар әулеті» деген ұғым өте қадірлі еді. Сіз де сондай құрметті ортадан – «ғалымдар отбасынан» шықтыңыз. Экономика ғылымының докторы атанған сіз де, медицина ғылымының докторы, сыңарыңыз Нұрлан Арын да ғылымнан алыстаған жоқсыздар. Бұл о бастан ата-ананың салып берген жолы ма еді, әлде өздеріңіз осы ғылым саласын әуелден ұнаттаңыздар ма?
– Әр адамның тағдыры, өмірі ата-анаға байланысты деп ойлаймын. Әкем бала кезімізден қолымыздан жетелеп кітапханаға, мұражайға, театрға апаратын. Демек үлкен, қадірлі ұғымдарды әкем сіңірді. Кітапқа, кітап оқуға деген ынтызарлық та ғылымға деген сүйіспеншілікті оятатыны белгілі. Ал ол кітапты баланың қолына әуелі ата-ана ұстатуы керек деп ойлаймын. «Осыны оқып шықшы» деп әкем кішкене күнімізден қолымызға кітап берді, оқытты, көкейге тоқытты. «Ғылыммен айналыссаңдар таза жүресіңдер» деген әке сөзі де әлі жадымда.
Ғалымның болмысы әртүрлі келеді ғой. Әкемнің осы орайда айтқан сөзі, өсиеті былай еді. Кандидаттық диссертациямды тез қорғадым. Мұныма, әрине, әкем қатты қуанды. Докторлық диссертациямды жаза бастағанда, әкем: «Осы сөзімді ешқашан жадыңнан шығарма. Шалғай ауылда отырған, еш жерде оқымаған, сақалы белуарына түскен ақсақалға өзіңнің ғылыми идеяңды түсіндіре алсаң ғана сен нағыз ғалым атанасың» деді. Біздегі бүгінгі ғылымның үлкен дерті – «Ғылым – ғылым үшін» дейміз. Жоқ, ғылымның өзгелерге сәуле шашатын қызметін де ұмытып кетпейік. Нағыз ғалым қоғамның тынысын өзгертуге үлес қосып отыруы керек. Тек қана өз кітабын шығарып, атағын алып қана жүргендерді ғалым деуге келмес, олардың жұмысы да ғылыми бола қоймайтын шығар.
Бізді осы жолға бастарда әкем ғылымның жазылған, жазылмаған жайттарымен таныстырды. Бұл бағыттың ұңғыл-шұңғылын әбден біліп алған соң ғана ғылымға қызығып, саналы түрде осы саланы таңдадық-ау деп ойлаймын.
– Қазір, Құдайға шүкір деп айту керек шығар, ғалым көп. Бірақ олардың еңбектерін, ашқан жаңалықтарын, Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесін сараласақ, көбі өзіңіз айтқандай, түсініксіздеу, бұлыңғырлау. Тіпті бір ғылым саласын мысалға алсақ, сол саланың өз ғалымдары да бір-бірін түсінбей жүретін сәті көптеу секілді көрінеді сырт көзге. Бұл ненің әсері?
– Ғылым да біртұтас жүйе. Оны ретке келтіру үшін бірнеше жаңа бағытты қозғау керек. Ең алдымен, ғылым тек Ұлттық академияда ғылым, басқа жерде ғылым емес деген қасаң көзқарас қалыптасып қалғанын мойындап алайық. Қазір ғылым әр салада да ғылым болуға тиіс. Ғылым – әр қызметкердің жұмысына араласып кеткенін ұғуымыз қажет. Мысалы, әр сала өз жұмысына қатысты бірнеше бағдарлама дайындайды. Ол бағдарламаның ғылыми негізі болуы өте маңызды. ЖОО-да стандарттар өзгеруі керек дейміз. Ол да ғылыми-сараптамалық жұмыстарды талап етеді. Демек алдыңғы қатарға ғылыми бағыттарды шығарайық. Өзім де ректор болдым ғой, ең қарапайым мысал, бір кафедрадағы ғалымдардың, ізденушілердің басын біріктіретін тақырып жоқ. Кезінде Ғылым академиясында жұмыс істегенде, ұжымдық монография жазатын, бір тақырып ­бойынша тұтас ұжым бірлесе жұмыс істейтін. Қазір министрлік, мемлекет тарапынан сала-сала бойынша ұжымдық жұмыстар үшін ғылыми тақырыптардың портфелін дайындауды қолға алған абзал. Мұның пайдасы, әсіресе жас ғалымдар үшін өте зор дер едім. «Ғылым жолына түскің келсе, осы тақырыппен жұмыс істе» деп көрсетіп отыру үшін керек. Мемлекет тарапынан ғылыми тапсырыс болғаны дұрыс. Жас ғалым атанып жүрген шағымда, 1990 жылдардың басында Жапонияға жол түсті. Жапондар сол кездің өзінде «бесінші буынның чиптерін жасақтау» бойынша IT техологияны жетілдіруді қолға алып жатқан еді. Олардың ғылыми тақырыптары бірнеше ғалымды біріктіретін. Бізде, керісінше әркім жеке-жеке жұмыс істейді. Ғалымдардың потенциялын дұрыс пайдаланбаймыз. Ғалымдар ғана емес, бірнеше ғылыми инститтуттар бірігіп, бір тақырып аясында бірлесудің маңызы зор.
– Бізде керісінше, бір ғалымның жұмысын екінші ғалым, бір институттың жұмысын екіншісі көп жағдайда ­мойындай қоймайды. Мұның барлығын бір мақсатқа біріктірудің жолы бар шығар?
– Әрине, бар. Меніңше, қазір іргелі тақырыптарды қолға алған жөн. Ұсақтық көбейіп кетті. Магистранттардың, докторанттардың тақырыптарын қарап көріңізші, қарның ашады. Жас ғалымдарды аяймын. Ондай тақырыппен ертең қалай ғалым болады деп уайымдаймын. Әйтеуір дипломды алып, қалтаға салатын шығар, бірақ ғалым болып қалыптаспайды. Ғылымда үлкен бір ұғым, үлкен тақырып, үлкен ғылыми ұжым болғаны маңызды.
Қажет болса, арнайы кеңес жасап, ғылыми бағыттар бойынша тақы­рыптар белгіленуі керек. «Болашақ» бағ­­дарламасы бойынша ғылыми тағылымдамаға жас ғалымдарды жі­береді ғой. Ол ғалымдар шетелге жеке-жеке аттанады. Ал сол «Болашақ» бағдарламасымен жаңа бір бағыт ашып, бір топ ғалымды жинап, мықты ғылыми зерттеу орталықтарына жіберсе қандай керемет болар еді! Олар сол зертханада ғылыми ұжым болып бір тақырыпты індете зерттеп келсе, Қазақстанға келгенде жақсы топ ашып, орта құрып берсе, мықты ғылыми ұжым қалыптасар еді. Жеке-жеке адамды жібергенде олар ғылыми зерттеуге дендеп үлгермейді, екіншіден Қазақстанға келгенде кіммен бірге жұмыс істейді? Бабыл мұнарасындағыдай, әр ғалым өз тақырыбымен жүріп, өзгелерге көңіл бөлуді қойса, одан ғылым дамымайды.
– Ғылыми ұжымдық жұмыстарды қазіргі Ғылым академиясы атқарып отырған жоқ па?
– Осы күні Ғылым академиясының мәртебесі де, Білім және ғылым министрлігінің де жұмыстары басқаша. Олар әкімшілік-заң шығарушылық жұмыстың астына көміліп қалған. Негізінде ғылым және білім беру мекемелеріне жаңа мәртебе беріп, бірнеше функцияны сеніп тапсырса, тіпті Ғылым академиясы президенті мен академияның мәртебесін өзгертсе жағдай басқаша өрбитін еді-ау деп ойлаймын. Ғылыми-техникалық даму мәселелері, қажет болса, президенттік дәрежеде қаралып, үкіметтік комиссия­ның жоғары мәртебесімен назарға алынуы керек. ҰҒА-ны Нұр-Сұлтан қала­сына алып келуге де болады. Ғылым академиясының интегративтік, жан-жақты талдау жасайтын функциясын жаңаша қалыптастыру аса өзекті. Институттардың ғылыми ортасының жандануы үшін Қаныш Сәтпаевтың академиясы жаңаша қалыпта жұмыс істей бастағаны дұрыс.
– Бакалавр болсын, магистратура болсын, болмашы тақырыптарда ғылыми жұмыс қорғала беретінін өзіңіз де айтып қалдыңыз. Мұны реттеудің жүйесі бар шығар, мысалы өз салаңыз бойынша қандай тақырыптарды ұсынуға болады? Ғылымға бастап апаратын қандай тақырыптар сырт қалып қойды?
– Біріншіден, бакалавриат бітірген балалар дипломдық жұмыс, магис­транттар – магистрлік, докторанттар – докторлық диссертация жазады. Міне, осы деңгейлерге арналып, әр ғылым саласы бойынша нақты тақырыптар белгіленіп, бекітілуі керек. Осы тақырып ұнайды деген сөз болмауға тиіс. Ол тақырып маған ғана ұнайтын шығар, ал мемлекет үшін нендей пайдасы бар?
Тақырыптарды таңдаудың, бекітудің формасын өзгерту керек. Қажет деп тапса, ғылыми тақырыптарды стартап ретінде қарастыруға болады. Одан қорықпайық. Ғылымды іргелі, қолданбалы деп бөлудің де қажеті жоқ. Адамзаттық мәселелер қолданбалы ғылымнан жоғары тұрады. Докторанттар мен магистранттарды жаңа ғылыми мамандықтар бойынша дайындаған абзал. Ал докторанттарға келгенде мамандандыруға көп көңіл бөлу керек. Не ғалым емес, не педагог емес, дүбәра әлдекімдерді даярлап жүрміз бе деп алаңдаймын.
– Өзіңіз де мемлекеттік жауапты қызметтер атқадыңыз. Дәл қазір сол қызметті сәл басқашалау істейтін едім деген ой келе ме?
– Әр заманның желі өзінің ығайына қарай соғады ғой. Мен қызмет атқарған уақыттан бері ширек ғасыр өтіп кетті. Ол кезде мемлекеттің экономикалық жағдайы басқа еді, қазіргімен са­лыс­тыруға келмейтін. Дегенмен мем­лекеттік қызметтің функциялары бір екенін мойындайын.
Қазір ойлап қарсам, сол кезде ұйымдастыру жұмыстарына көп мән берген екенмін. Осы күні ЖОО-ларда коммерциялық емес акционерлік ұйым дегенді шығарып жүр ғой. Мүмкіндік болса, соны қарастырып, салыстырып, талдап, шешім қабылдар едім. Өзгерту деген қиын емес, тек оның нәтижесі қандай болады? Ал тікелей өзім қызмет еткен салаға келсем, білім саласында жаңа мамандықтар ашуымыз керек еді деп ойлаймын. Біз оған бара алмадық. Дегенмен, сол кезде орта білім саласын компьютерлендіруге көп мән бердік.
Конституциялық реформа туралы да айтқым келеді. Біздің конституция­да «орта білім міндетті» деп жазылған. Ол норма бір ғасыр уақыт бұрын Кеңес одағы кезінде шыққан. Қазір заман өзгерді. Сондықтан орта білім ғана емес, кәсіби білім де міндетті түрде берілуі керек деп есептеймін. Әр қазақстандық азамат міндетті түрде кәсіби білім алып шығуын қарастырғанымыз жөн. Ол колледж бола ма, техникалық мектеп бола ма – басқа әңгіме. Әрбір адам еңбек ету, табыс табу қабілетіне ие болғаны аса маңызды. Қазақстанда осыны әлеуметтік жаңа өлшем ретінде көрсетсек деймін. Бұл – сауатты, дамыған елдердің адамзаттық құндылықтарына сәйкес келетін жаңа заман талабы. Қазір ЖОО тәмамдаған балалардың жартысына жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Қанша ақшаны желге шашып отырмыз. Меніңше, мектепте арнайы курс па, пән бе енгізіп – «кәсіби бағдарды» түсіндіріп, оны ұстаз, бала, ата-ана бірлесе оқыса қандай жақсы болар еді.
Жолдасым да, мен де – екеуміз де профессормыз. Соның өзінде кәсіби бағдар беруде балаға көмек керегін түсініп жүрміз. Конституциялық реформа керек деген сөзіме қайта оралайын. Кәсіби бағдар ҚР «Білім туралы» заңының ең соңғы бабында, бір ғана сөйлемде айтылып өтеді. Оның өзінде де жеке-дара айтылмайды. Кәсіптік білімді тәрбие жұмыстарының ішіне қосарлап қойған. Білім, тәрбие, кәсіптік білімнің әрқайсысын жеке-жеке атап өту керек. Бұл Қазақстанның болашағына ғана емес, балалардың тағдырына да оң өзгеріс әкелетін бастама болатынына сенемін.
– Бүгін өзіңіз басқаратын әлеуметтік-экономикалық жобалар және сараптама ғылыми-зерттеу институтының мақсат-мұратын таныстырып өтсеңіз…
– Әу баста Еуразия интеграциялық институт ретінде ашылған едік. Қазір интеграциялық жұмыстармен ғана емес, ішкі саяси-экономикалық даму мәселелерімен де айналысамыз. Бізде айналдырған үш-төрт стартегиялық институт бар. Ол тұтас Қазақстан үшін аздық етеді. Біздің орталықтың ғылыми жұмыс формасы – сараптамалық талдау жасау, нақты шешімдерге жетелеу. Жалпы сараптамалық институттарды әр аймақта, әр салада ашу керек деген ойды құптаймын. Мәселен, іргеміздегі Ресей, Қытай секілді ірі мемлекеттерді зерттейтін бірде-бір стратегиялық инс–титут жоқ. Ресейге сол мемлекеттің өзінің көзімен қарап отырмыз. Олардың өздері туралы жазған көзқарасын ғана назарға алғандықтан, әрине, сөйтеміз. Ал біздің кез келген мемлекет туралы жеке, ішкі көзқарасымыз қалыптасуы керек.
Осы күні орталық екі бағдарламаны аяқтап қалды. Бірінші бағдарлама – Қазақстанның әлеуметтік-саяси даму жолдарына байланысты, мемлекеттік тапсырма ретінде орындалды. Ішкі саясаттың мәселелеріне байланысты, жалпы әлеуметтік саясаттың өзгеруіне қатысты, саяси модернизациялау туралы ұсыныстарымызды да дайындап жатырмыз. Ұлттық кеңеске де пікірімізді білдіріп жүрміз. Абайдың туғанына 175 жыл толу мерейтойына байланысты іс-шараларға қатысты да пікірлерімізді айттық.
– Мысалы, қандай пікірлер?
– Ол мерейтойы қарсаңында атқары­латын іс-шаралардың жоспарымен таныстық. Көбі стандартты іс-шаралар жоспары екен. Біз Шекспирді қалай танимыз? Туындылары арқылы. «Ромео-Джульетта», «Король Лир», «Гамлет» деп кете береді. Тіпті сол шығарма кейіпкерлерінің сөздерін де жатқа айтып береміз. Ал Абай туындыларының мазмұнын ше? Абай 1904 жылы өмірден өткен. Яғни Абайтану деген ұғымға биыл – 115 жыл. 115 жылдың ішінде Абай шығармаларынан бірде-бір театрлық туынды қойылған жоқ. Иә, Абайдың өзі туралы, оның бірқатар өлеңдерін мысалға алған қойылымдар бар ғой. Ал Абайдың өз шығармаларын сахналау ше? «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» сынды поэмаларынан спектакльдер неге қойылмай жүр? Абай шығармаларын экрандау да қолға алынған жоқ. Абай шығармаларының мотивімен түсірілген қандай кинотуындымыз бар?
Абай дүниеден өткен соң кітаптарын тасқа бастық. ХХ ғасырдың басында сол кітаптарға Әлихан, Ахмет, Ілияс, Тұрағұл бастаған бірқатар шығарма­шылық зиялы қауым өкілдері пікір жазды. Одан бертінде да Абайдың кітаптары туралы пікірлер көптеп шықты. Міне, осы пікірлердің басын құраған кітап бар ма? Осы істі де қолға алатын уақыт жеткен еді ғой.
Абай көзі тірісінде қара сөздерін нөмірлеген жоқ еді. Мына сөзім бірінші, ал мынаусы қырық бесінші екен демеді. Мұхтар Әуезов ыңғайлы болсын деп нөмірледі де, содан сол нөмірлеген қалпында қалып қойды. Ол сөздердің сакральдық мәнін жоғалтып алған секілдіміз. Ғарифолла Есім ағамыз бір жұмысты қолға алып еді. Абайдың әр сөзінің тақырыбы бар деп, әр сөзін тақырыптарға бөліп, реттестіре бастаған. «Намыс», «махаббат», «білім», «дін» деп кете береді… Міне, Абайдың Қара сөздеріне бір-бір сөзбен тақырыпты белгілеп шығарсақ, Абайдың 45 ұғымы көз алдымызға келе қалмай ма? Абайдың алаң көңілі, Абайдың құндылығы, Абайдың ұстанымы 45 ұғым арқылы жарқырап көзге түседі. Абайды елге жақындату үшін жаңа формаларды пайдаланудан бас тартпайық.
– Абайды айтқанда руханият туралы да сауал ойға келеді. Руханият саласында да бір кісідей еңбегіңіз сіңді. Мәшһүр Жүсіп мұрасына қатысты жобаларды бастауыңызға не түрткі болды?
– Әкем, әкемнің тәрбиесі түрткі болды. Баянауылда үлкен ақсақал бар. «Осы жұмыстармен айналысуға кім ақыл берді десем, Мұхтар әкеңнің Ақтөбедегі бастамаларын қайталаған екенсің ғой» дейді. Рас, әкемнің өмірлік ұстанымдарын қайталадым. Әкем Мұхтар Арын Ақтөбеде үлкен рухани қозғалыс жасағанын әлі күнге айтып жүргендер көп. Әруақтардың атын тірілту, артына қалған мұраларын көпшіліктің назарына қайта ұсыну, халыққа ол есімдерді құндылық ретінде, қасиет ретінде насихаттау әр азаматтың парызы. Әкем жер-су аттарына да қатты зер салып отыратын. Кейде күйініп кететін де кездері болатын. Бірде Ақтөбеде Құдайберген Жұбановтың атына көше бергізбек болып іске кірісіпті. Сонда облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы: «Бұл Жұбановқа бірнеше нысанның, құрылымның атын бердік, не деген бітпейтін ұсыныс?» деп таңғалғанын айтып, «Обкомның идеология хатшысы Құдайберген Жұбанов пен Ахмет Жұбановты бір адам деп санайды және онысына беті де қызармайды» деп қабағы қату келгені есімде. Әкемнің тағы бір мінезі, үлкен тұлғаларды насихаттап кітаптар шығартатын. Әбубәкір Кердері ақынның жазбаларын сонау Мәскеуден, КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінің архивінен алдыртып, кітап етіп бастыртқаны да бар. Біздікі сол әке жолын қайталау ғой. Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жинап, 20 томдығын бастырттық. Әлі де осы салада іздене зерттейтін дүние көп деп білемін. Дамыған ел боламыз десек, тарихымызды, мәдениетімізді ұмытпауымыз керек. Жиырма томдық­тан ықшамдап, Мәшекеңнің шығар­маларын екі том қылып ағылшын тіліне тәржімаладық. Мұның барлығы «әке көрген оқ жонардың» дәлелі шығар. Әкемнен алған тәрбие маған да жұққаны болар, барған жерімде мен де жер-су аттарына мән беріп, тарихи тұлғалардың ұмыт қалмауын ескеріп, рухани байлығымызды насихаттауға тырыстым…
– Руханияттың мәселесіне айналып келдік қой. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да бірқатар жобаларға аралас­тыңыз. Ол туралы пікіріңізді де білсек…
– «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» деген бағдарламалар аясында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Ал жаңа «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыты – қоғамдық сананы өзгерту. «Қасиетті Қазақстан», «Жүз жаңа оқулық» жобалары қатты ұнайды. Өлкетану жобалары бойынша да біраз жұмыс қолға алынды. Әр облыс жеке-жеке өлкетану оқулықтарын жазды. Негізінде, менің ойымша, өлкетану мәселесі басқаша қарастырылуы керек секілді еді. Бірде балаларымнан: «Өлкетануды бір сөзбен қалай түсіндіре аласыңдар?» деп сұрадым. Үлкен қызым: «Әке, өлкетану деген жер-су атаулары ғой» деді. Жауабы дұрыс секілді: әр өлкенің ерекшелігі сол жердің атына да байланысты ғой. Кіші қызым: «Әке, өлкетану деген сол өңірден шыққан ұлы тұлғалар емес пе?» деп жауап қатты. Оның да жауабы дұрыс еді: Абай, Қаныш, Жамбыл десе әр өлке көз алдымызға келе қалмай ма? Өлкетануға қатысты бір үйде екі пікір айтылды. Ал жан-жақтағы пікірді жинасақ, қаншама анықтамаға тура келетінімізді ойладық па? Кезінде әкем: «Алматыда туып, сонау шалғайдағы еліңнің алақандай өлкесін жатсынбасаң, нағыз қазақ болғаның» деп отыратын. Міне, біздегі өлкетану да сол бағытта бірқатар жұмыстар атқарса дейсің. Атырауда отырып Алтайдың тауын жатсынбайтын, оңтүстіктегілер Көкшені туған жеріндей аялайтын ұрпақ қалыптастыруда өлкетанушылардың атқаратын рөлі орасан. Екінші бір мәселе, бізде «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша тұлғаларымыздың кесенелерін де бір топқа жіктеді. Ал Ресейде жатқан Құрманғазы, Ташкенттегі Төле би, Шамдағы әл-Фараби кесенелері туралы не дейміз? Мазар, кесенелерден басқа, қазақтың материалдық емес құндылықтары да бар. Жеке өзім бірінші орынға қазақ тілін, дәстүрін қояр едім.
Тағы бір мәселе. Еліміздің әр облыс орталықтарында тарихи-өлкетану музейлері бар. Салыстырып көріңіз, әрқайсысы әртүрлі тарихтан сыр шертеді. Кезеңденулері де әртүрлі. Сонда біздің тарихымыз әртүрлі болғаны ма, ортақ қазақстандық тарихымыз қайда? Ал мектептердегі қазақ тілі кабинетін көрген жан бар ма? Әр мектепте әртүрлі. Қазақ тілі, қазақ тарихы, қазақ әдебиеті кабинеттері әр мектептегі ең мықты кабинеттер болуға тиіс еді. Ол үшін модельді нұсқа дайындалуы керек. Өлкетану мұражайларының да модельдік нұсқасы болса, қанеки?
– Әкеңіз Мұхтар Арын қазақ рухания­тына, ғылымына қосқан үлесі зор тұлға ретінде белгілі. Әке өнегесін, тәрбиесін перзенттеріңізге сіңіре алдым деп ойлайсыз ба?
– Бірде үлкен бір жиынға барған кезімде, алдымнан екі кішкентай оқушы қыз жүгіріп шығып, мектептің қабырға газетіне сұхбат беруімді өтінді. «Жақсы, қандай сұрақтарыңыз бар?» десем: «Сіздің жастық шағыңыз бен қазіргі жастардың айырмасы не?» деп сұрады. «Еш айырмасы жоқ» деп жауап бердім. Қазіргі жастар қандай, біздің де олардан көп айырмамыз бола қоймады-ау деп ойлаймын. Біз де мектепке барғымыз келмей, әртүрлі сылтау іздеп тұратынбыз, біз де доп қуғанды жақсы көрдік, мұғалім сабақ сұрамаса деп тілеп отыратын кезіміз де болды. Достыққа адал болғымыз келді. Жастық шақта бастан өткеруіміз тиіс сезімдерді, көңіл күйді түгел бастан өткердік. Демек, жастық сезім, жастар өзгерген емес. Ал сонда не өзгерді? Меніңше, ата-аналар өзгерді. Мен қазір өзім де әкемін ғой. Бірақ өз әкемдей бола алдым ба, алмадым ба – ол үлкен мәселе.
Әкемді ерекше үлгі тұттым. Мұражай, кітапханаға есік ашып берген мұғалім емес, әкем еді. «Осыны оқып шықшы» деп қолыма кітап ұстатты. «Мынаны қара» деп музей аралатты. Мектепте оқып жүргенде жетелеп Ғылым академиясына апарды. «Мына баспалдақтан дана тұлғалар көтерілген» деп кімдердің жұмыс істегенін таныстырды. Қаныштың дәстүрлі академиясын әкемнің айтуымен жақсы біліп өстім. Әкемнің жетелеп апаруымен сол ғылым ордасына жастайымнан ғашық болып, көзі тірі корифейлерді көріп қалдым, экономистің оқуын оқып жүрсем де солардың дәрістерінен қалмадым. Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Әбдуәли Қайдаров, Салық Зимановтардың алдын көріп, сөзін жүрегіме тоқытқан әкеме мың рақмет!
Әкемнің ұстанымы «Балам, ректор тек қана кабинетте ректор, мұғалім мектепте ғана мұғалім емес, азаматтық, тұлғалық қасиетке қашан да мән бер» дейтін. Кейінгі қызмет жолымда әкемнің осы сөзін есімнен шығарған емеспін.
«Адамның қалыптасуына екі нәрсе үлкен әсер етеді» дейтін әкем. Ол екі дүние – тегі мен ортасы. Құдайға шүкір, әкеме, ата-бабаларыма рақмет. Тегіміз жаман емес шығар, ол біздің еңбегіміз емес, сол бабалардың қаны ғой. Тегі жақсы бола тұра жаман ортаға түскен қандай болғанын да көріп жүрміз. Ішімдік пен есірткінің тұтқынында қалып қойған тектілердің ұрпақтары да бар, өкінішке қарай. Жалпы ортадан шығып, жақсы ортаға түскендердің де мерейі артқанына куәміз. «Жақсы ортаға түсу оңай емес, оған сәйкес болу үшін еңбектену, тырысу керек. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге дағдыланбаңдар» деген әкем бізді жақсы орталарға жетеледі. Иә, жақсы ортада өстім, жақсы мектепті бітірдім, жақсы оқу орнында оқыдым, жақсы білім алдым. Мұның барлығы да әкемнен алған тәлімім, тәрбием деп білемін.
Алматыда қазақ мектебі біреу ғана еді, орын жоқ болып біз орысшасына бардық. «Тілді ұмытпаңдар» деп жаз шыға ауылға жібереді. Өзі неміс тілінің маманы ғой, кешкілік, үйде басымызды қосып Гете, Гейнені немісше оқып шығады, сосын қазақшасын айтады. Абайдың аудармаларын майын тамызып тұрып мәнерлеп оқып береді. Сол кешкі басқосуларда ескінің дәмді әңгімелерін жеткізеді. Менің әкем осындай ғазиз жан еді.
Ал мен балаларыма дәл сондай әке бола алам ба – оны балалар айтатын болар…
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *