Алматыда «Тіршілік» фотокөрмесі өтіп жатыр

375

Алматыда OzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің ұсынысымен «Тіршілік» фотокөрмесі өтіп жатыр.

«Тіршілік» фотокөрмесі-қаймағы бұзылмаған ауыл тұрмысы мен тіршілігінен, ондағы қазақы болмысынан ажырамаған тұрғындардың кейпінен көрініс беретін өнер шарасы. Бұл көрменің өтуіне Қазақстандағы Internews өкілдігі гранттық негізінде қолдау көрсеткен.

«Тіршілік» көрмесі «Түркістан ауылдары» жобасының қорытындысы іспеттес. Жобаның мақсаты Түркістан облысына қарасты 15 елдімекенге барып, ондағы кейіпкерлермен сұхбаттасып, Informburo.kz ақпараттық порталына ауыл тіршілігі мен тұрмысын сипаттайтын әлеуметтік фоторепортаж жариялау болатын. Ол-«Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл» репортажы, бұл материалға Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылының тұрғындары арқау болды.

Маусым айының соңында Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында әскери қоймада жарылыс болып, төтенше жағдай орын алды. Шығармашылық топ аталмыш елдімекенге бірнеше рет барып, тұрғындармен тілдесті, фоторепортаж түсірді. «Арысқа оралған тұрғындардың жаңа өмірі» деген тақырыппен жарық көрген әлеуметтік мақалада жарылыстан кейін ауылына қайтқан кейіпкерлердің ішкі әрі сыртқы күйзелісі, тағдыры баяндалды.

Шілде айының үшінші аптасында Өскенбай әулетінің қонақ бөлмесінен тігін цехын ашып, кәсіпкерлік саласында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғаны туралы жазылған мақала жарық көрді. Мақала тақырыбы-«Бізде кәсіпкерлерді қолдау теледидардан көргенде ғана тамаша». Қараша айының басында»Қамыс-табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?» деген тақырыппен келесі мақаласы жарық көреді. Онда қамыс сатумен күн көріп отырған Қызылшаруа ауылының тұрғыны Перизат Ысқақова тұрымысы мен тіршілігі туралы баяндалады. Көрмеде осындай кейіпкерлердің өмірі мен тіршілігі бейнеленген суреттер көпшілікке жол тартқан.

Еске салайық, «Тіршілік» фотокөрмесі 28 қыркүйек күні Шыменкеттегі City Gallery-де  он күнге қойылған болатын. Оған келушілердің саны, 3 мыңнан асып жығылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Шаңырақ Fest» атты этнофестивалдің аясында да көрме жұмыстары қойылған болатын. Ал 16-17 қараша күндері OzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің ұсынысымен көрме жұмыстары Алматы қаласында жалғасын тапты. Оған қала тұрғындары мен қонақтары қатысуда. Қатысушалардың басым көпшілігі-жастар.

Сәрсенбек Қызайбекұлы, кәсіби фотограф:

-Осы уақытқа дейінгі өткізлген көрмелердің көбінде ресми суреттер қойылып келген еді. Мәселен, әкімдер, шенеуніктер, белгілі бір нысандардың ашылуы  сияқты жалпылама суреттер.

Бүгін Әйегрім бастап келген фотокөрмеде қарапайым ауыл адамдарының тіршілігі, балалардың өмірі, адамдардың көңіл-күйі, ішкі эмоциясы, солардың барлығы  көрініс тапқан.

Кейбір суреттердің айтатын ойын сақтап қалу үшін-композицияны бұзуға тура келеді. Ондай суреттер бар. Жалпы, барлық сурет жақсы шыққан.   Солардың ішінде, маған ең ұнағаны Арыстағы оқиға кезіндегі әженің суреті («Үзілмеген үміт». Авторы-Шыңғыс Әбдіразақ) және көрменің афишасында бейнеленген балалардың суреті.

Өзім әлемдік фотографтардың суреттерін жиі қараймын. Осыдан бес, он жыл бұрын көп фотографтар табиғат түсіретін. Қазір фотографияның бағыты-репортажға қарай жылжыды. Оның ішінде де, австракты ойлар беретін, психологиялық жанрларға қарай ойысқан. Бірақ, ондай суреттерді өзім де қатты түсіне бермеймін. Суреттерді адамдардың көлеңкесімен ғана көрсету, ақ пен қара түстерді ғана пайдалану сияқты бағыттар байқалады. Болашақта бізде де сондай суреттер шыға бастайды деп ойлаймын. Мына, көрмедегі суреттер де соның бастауы.

Молдияр Ергебеков, Өнертану ғылымының PhD докторы:

-Әйгерім, Қанат, Шыңғыс, Сәбина қолдарындағы фототехникаларымен бізді эстетикалық, әлеуметтік, саяси және экономикалық дүниеге алып барды. Сондықтан, бұл өте керек дүние.

Әйгерім екеуміз әлеуметтік желі арқылы доспыз. Сен танымайтын, өмірде араласпаған адамдардың осындай эстетикамен айналысып, тіпті онымен қатар әлеуметтік мәселелерді көркемдік дүние арасында бір байланысқа құра алатын адамдарды көрген кезде, жүрек «лүп-лүп» етуі тиіс деп ойлаймын. Алматыға, қош келдіңіздер! Көрменің көрермендері көп болсын!

Мақпал ЖҰМАБАЙ,ақын:

-Біздің қоғамда адамдар тұңғыш және соңғы болғысы келеді. Ал өзінің соңынан шәкірт ілестіру біздің қоғам үйренетін нәрсе. Біздің борышымыз-жастарға көмектесу. Бүгінгі жоба да, біздің айтқымыз келгені-сендер ешқашан жалғыз емессіңдер, алдарында аға-әпкелерің бар. Біз қажет болса, жанымызды, жүрегімізді жұлып береміз. Әйгерім бастаған көрме авторларын шын жүректен құттықтаймын!

Әйгерім Бегімбет, «Тіршілік» фотокөрмесінің авторы:

-Біз Қанат екеуміз сәуір айында Internews-тен грант жеңіп алғанымызды естідік. 268 жоба қатысқан, 33-і екінші кезеңге өтті. Соңында, 10 жобаға грант бөлді. Біз бұл конкурсқа  «Түркістан тіршілігі» жобамызды ұсынған едік. Өзім ауылда өстім, әлі күнге дейін ауылда тұрамын. Сондықтан маған ауылдың проблемалары, адамдардың өмір сүру салты, ондағы мәселелер өте жақсы таныс. Бірақ, біз бұл жобаны грант жеңіп алады деп мүлдем ойлаған жоқпыз. Сол жобаны бастар кезде, Қанаттың денсаулығы аздап сыр бере бастады. Маған жобаны тез бастайық, ауылға кеттік деп жиі айтуымен болды. Бірақ, мен бір жұмыстарымның шығуына байланысты бір аптаға кейінге шегерген едім. Өкінішке орай, ол Қанаттың өмірдегі соңғы күндері екен. Жетінші мамыр күні өмірден озды. Одан кейін, мен бұл жобаны арықарай жалғастырғым келмеді. Гранттан бас тартқым келді. Бірақ, Халықаралық жобаның гранты болғандықтан, қасыма арықарай бір фотограф алып, жобаны жалғастырудың дұрыс екенін айтқандар болды. Бірден ойыма келгені- Шыңғыс Әбдіразақ досым еді. Талантты дизайнер. Сол екеуміз төрт ай жүріп, Түркістан облысында суы мен байланысы жоқ, түрлі әлеуметтік проблемалары бар ауыл өмірін, ондағы түрлі кейіпкерлерді түсірдік. Одан кейін, қорытындысы ретінде Шымкент қаласында көрмемізді көпшілікке ұсындық. Кейін, Алматыға Мақпал Жұмабай әпкеміздің шақыруымен, көрмемізді екі күнге алып келдік. Сондай-ақ, бұл көрмеге Сабинаны қосып отырмыз. Сабинаны бір-екі жылдан бері білемін. Ол ұялы телефонмен тамаша суреттер түсіреді. Сабинаның туындыларына қатты қызығып, өзіміздің қатарға қосып алдық.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *