«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» республикалық форумы өтті

1362

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Тұңғыш Президент күніне арналған «МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» республикалық форумы өтті. Салтанатты марапаттау рәсімінде жастар форумы байқауының жеңімпаздары анықталды.

Ауқымды шараны ҚР БжҒМ, АжҚДМ, «Жандану әлемі» қоры, «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар Одағы, «Қазақ радиосы» қолдауымен ҚазҰУ және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Форум ҚазҰУ қабырғасында 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы республикалық шара аясында «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы өтеді. Жастар жылында форум қоржынына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығына арналған – қайырымдылық қағидаларын ілгерілету және үздік шығармашылық туындылар сияқты жаңа байқаулар қосылды.

Биыл форум байқауларына қатысу үшін ұйымдастыру алқасына еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың арасында жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар.

Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне вице-премьер Б.М. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінде қызмет ететін жастар қатысты.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев форум қатысушыларына арнаған сөзінде 2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы бастамасымен Жастар жылы болып жарияланғанын атап өтті.

«Жастардың энергиясы мол және өте талантты. Олар Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына белсене атсалысуда. Мемлекет алдындағы Үкіметтің міндеті қазақстандық жастардың халықаралық стандарттарға сай, лайықты білім алуына және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау»,  — деді вице-премьер.

Форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «ҚазҰУ — бұл еліміздің білім беру флагманы ғана емес. ҚазҰУ университеттен де ауқымдырақ. Мұнда татулықты, өзіңді дамытуды, шығармашылықты үйрететін, мейірімділік бағасын ұғындырып, өз Отаныңды қолдау мен сүйіспеншілікке баулитын ерекше аура мен энергия бар. Бүгінгі шара осының дәлелі. Бұл залда еркін және тәуелсіз елде оқып, еңбек ететін жастар жиналған. Мен оптимист ретінде қазақтың ұлы ақыны айтқандай, «Мен жастарға сенемін!» дегім келеді. Бұл сенім тектен тек айтылған жоқ».

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантына ие болды. «Мен мемлекетіміздің гүлденуі үшін не істей аламын?» тақырыбындағы замансөздік туындылар байқауында жеңімпаз атанған Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің студенті Жұмабаев Ерғанат Ғазизұлына «Қазақ газеттері» серіктестігінің сертификаты мен арнайы сыйлығы табысталды. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарияланады. Форум соңында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарламаға ұласты.

 




One thought on “«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!» республикалық форумы өтті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *