Біліктілік бәсекеде танылады

204

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жалпы тәжірибелік дәрігерлердің емделушілерге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды, деп есептейді сала мамандары. Газетімізге берген сұхбатында Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат БЕРКІНҒАЛИ денсаулық сақтау жүйесіндегі алдағы өзгерістер және аймақтың сақтандырылған медицинаға көшуге дайындығы жайында деректермен бөлісті.

– Нұрданат Беркінғалиұлы, медициналық сақтандыру дәрігерлік көмек сапасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Әңгімені бүгінде медициналық ұйымдар арасында бәсекелестік пайда болғандығынан бастасақ. Өздеріңізге мәлім, бәсекелестік ортада тең бағамен ең жақсы сапаны ұсынатын жеткізуші артықшылыққа ие болады.

Бүгінгі таңда Орал қаласындағы 59 медициналық мекемелердің 51-і медициналық көмектің кепіл­дендірілген тегін көлемін көрсету туралы Медициналық сақтандыру қорымен келісім жасасқан, ал келер жылдан бастап олар сақтандыру пакетіндегі медициналық қызмет­тердің жеткізушісі болады. Олардың жартысы – қызмет көрсету деңгейі жоғары, қызметкерлердің әлеуеті күштірек жеке клиникалар. Яғни, мемлекеттік сектордың өзінің көмек қызметін жақсартып, жетілдірумен пациент үшін күресуден басқа амалы жоқ. Сондықтан біз оларға қолымыздан келгенше көмектесіп, жыл сайын мамандарды, соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлерді кәсіби біліктілігін арттыру үшін оқытуға жіберудеміз. Тек соңғы екі жылдың ішінде мыңнан астам медицина қызметкері өздерінің күнделікті жұмысына оң әсер ететін ауруды басқару бағдарламасы бойынша оқытылды. Сонымен қатар сақтандыру медицинасының негізгі және дұрыс талаптарының бірі – жалпы тәжірибе дәрігерлеріне жүктемені азайту. Егер бұрын бір терапевтке 2,5 мың адамнан келсе, енді бұл көрсеткіш 1,7 мың адамға дейін қысқарды, ал алдағы жылы біз 1,5 мыңға дейін азаяды деп күтудеміз.
– Бұл сандар жұмыс сапасының жақсаруына ықпал ете ме?
– Қазір терапевт күніне 300 адам­ға қызмет көрсетеді, сол себепті оның науқаспен сөйлесуге де уақыт жоқ. Келесі жылдан бастап олар­дың жүктемесі жаңа учаскелер мен емханалардың есебінен, соның ішінде «сатылық қолжетімділік» жобасы бойынша біршама азаяды. Былтырдан бастап біз 56 ЖТД (жалпы тәжірибелік дәрігерлер) учаскесі мен 3 алғашқы медициналық көмек орталығын аш­тық. Жыл соңына дейін тағы бір орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Енді дәрігерлер қазіргідей бір жарым немесе екі мезгілмен емес, бір ставкамен жұмыс істейді. Осылайша, олардың пациентке арнайы уақыт бөлуіне, әрбір азаматтың денсаулық жағдайынан егжей-тегжейлі хабардар болуына мүмкіндік туады. Дәрігер емделушінің нендей сырқатпен ауыратынын, қандай сауықтыру шараларын қарастыруға, қалай тамақтанып, ем қабылдауға болатынын алдын-ала біле алатын болады. Яғни, соңғы кездері көп айтылып жүрген отбасылық медицинаның принципі осылай жұмыс істей бастайды.
Амбулаториялық-емханалық көмекке сатылық қолжетімділіктің артықшылығы айқын: дәрігерге бару үшін көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, ол сізден «бес минуттық» жерде. Сондай-ақ ұзын-сонар кезек те болмайды, үлкен клиникалардағы сияқты науқастармен байланысу қаупі азаяды, бұл әсіресе күзгі-қысқы кезеңде өте маңызды. Сөйтіп, пациенттің өмір сапасы жақсарады.
Қазірде медициналық сақтан­дыруға көшудің дұрыстығына күмән­мен қарайтын жандарға айтарым, мен төрт жылдан аса уақыт шетелде оқыдым, докторлық диссертациямды Германияда қорғадым. Осы ретте шетелдік азамат ретінде сақтандыру бойынша медициналық қызметтерді пайдаланып, бұл жүйенің тиімді жұмыс істейтіндігіне көз жеткіздім. Бізге еш нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, тек табысты елдердің тәжірибесін зерттеп, енгізсек, жеткілікті.
– Жаңа учаскелер мен емхана­лар­дың ашылуы құптарлық-ақ, алайда бұл көп еңбек шығынын қажет етеді. Сіздерде кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілуде, әлде аймақта мұндай проблема жоқ па?
– Әлбетте, мамандар жетіспеушілігі әр кезде, әр жерде байқалатын жайт. Бізде тамыз айында медициналық кадрларға қажеттілік 389 адамды құрады, олардың ішінде 156 лауазым зейнет жасындағы дәрігерлерге келеді. Осы қажеттіліктің 60 пайызы түлектердің қайта бөлінуі есебінен жабылды. Шыны керек, алғаш рет бізге адамдар көп келді, әдетте жас мамандар бізге жете алмайтын. Әрине, білікті медициналық кадрларсыз кез-келген жұмыс ақшаны ысырап етуі мүмкін екені түсінікті, сондықтан біз өзіміздің кадрлық саясатымызды құруға тырысамыз. Қуанышқа орай, бізде бұл мәселені материалдық-техникалық құралдармен қатар шешуге мүмкіндік бар. Бұл жыл сайын жергілікті бюджеттен 25 бакалаврды, 20 магистрантты және 28 резидентті оқытуға қаржы бөлу, олар оқу бітіргеннен кейін біздің жоғары білікті дәрігерлеріміздің қатарын толықтырады. Сонымен қатар С.Асфендияров атындағы медициналық университетпен жоғары оқу орнынан кейінгі практикаға меморандум жасалды. Енді ондағы түлектер біздің клиникалардың базасында резидентурадан өтіп, ауруханалар мен емханаларда, стационарларда клиникалық жұ­мыс­­тардың қалай жүргізілетінін, ақпараттық жүйелер қалай жұмыс жасайтынын білетін болады. Олар бізбен бір жылдан астам уақыт жұмыс істейді, осы мезгілде араларынан осында қалып, мансабын өсіргісі келетіндер табылады деп ойлаймыз.
– Облыста қалып жұмыс істеуге шешім қабылдаған мамандар үшін нендей ынталандыру шараларын ұсына аласыздар?
– «Дипломмен ауылға» бағдарла­масы аясында жас мамандар үшін жоғары төлемдер, баспана кредиті жөнінен жақсы шарттар алуға мүм­кіндік берілгені мәлім. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен оларға қосымша 1 миллион теңге төленеді. Менің ойымша, бұл жұмысын жаңадан бастаған дәрігер үшін жақсы бастама. Егер түлектер ақшаларын дұрыс басқарып, жинақ шотына салса, олар бүгінде бар мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиеге пәтер сатып ала алады. Олар біз жалға берген пәтерде де тұра алады. Яғни, нақты тұратын жері бар, қалада сатып алған пәтері үшін жарна төлейді, тұрақты жұмысы, табысы бар.
– Дегенмен, «жайлы жұмыс үшін қолайлы жағдай барлық ауылда бола бермейді» деген де пікір бар.
– Ауылдағы маманның өмірі тек жұмыспен ғана шектелмейді, оған жақсы өмір сүру жағдайлары керек екенін түсінеміз. Бұл үшін облысымызда барлық мәселелер тиісті деңгейде шешілген деп айтуға негіз бар. Атап айтсақ, ауыл-аймақтардың барлығы дерлік газбен жылытуға қосылған, сумен қамтамасыз етілген, барлық бағытта сапалы жолдар салынуда. Қазірде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстанның ең батыс шеткі нүктесі – Бөкейорда ауданына баратын жол салынып жатыр. Яғни, 2-3 жыл ішінде біз ұзындығы 300 км болатын жаңа тас жолмен жүретін боламыз және онда жұмыс істеуге жас мамандарды шақыра аламыз. Барлық жерде дерлік фельдшерлік-акушерлік, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін пункттер жұмыс істейді. Шалғай елді мекендерге жылжымалы медициналық кешендер үнемі шығып тұрады. Биыл 32 автокөлік сатылып алынса, жыл соңына дейін тағы 26-сы алынбақ.
Бұдан бөлек, облыстың медици­налық мекемелері компьютерлік техникамен толықтай жабдықталуда. Қазірде 383 медициналық мекеменің 263-і интернет жүйесіне қосылған, шалғайдағы шекаралас аудандардағы медициналық посттар мен фельд­шерлік-акушерлік пункттер мәсе­лесі ашық қалуда, дегенмен, біз бұл мәселені шешудеміз. Сондай-ақ телекоммуникациялық оператормен осы нысандарды кең жолақты интернет каналына қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде, ақпараттық қолдау жүйесі және оны төлем жүйелерімен біріктіру 100 пайыз аяқталды. Облысымыз алғашқылардың бірі болып барлық медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйелердің электронды форматын енгізді. Сонымен қатар мобильді қосымшалар санын көбейту көзде­луде. Өйткені онда емделушілер өзде­рінің медициналық тарихын көре алады. Адам кеңес алуға келген кезде дәрігер дереу электронды денсаулық паспортына ақпаратты енгізуі керек. Сауалнамалар мен нәтижелер енді жүйеге автоматты түрде енеді, оларды бұрынғыдай кеңселерде іздеуге уақыт кетпейді. Ақпараттық жүйені ашып, науқас туралы толық ақпарат алған дәрігер аурудың динамикасын байқап, жедел ем-шара жасай алады.
– Маңызды мәліметтеріңіз үшін көп рақмет.

 

Сұхбатты дайындаған –
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *