340 мыңнан астам көпбалалы отбасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа мемлекеттік жәрдемақы алады

271

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша 4 немесе одан көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша 4 немесе одан көп баласы бар 346 мың отбасы жәрдемақыға үміткер бола алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.  

Мамандардың айтуынша, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты оны алушылар саны да артуы мүмкін. Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбекмині әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде (бұдан әрі – АӘК) көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады.

Таяуда ҚР Еңбекмині тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Оның мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді.

Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп. Атаулы әлеуметтік көмек алудың басты шартына сәйкес еңбекке қабілетті отбасы мүшелері міндетті түрде жұмыс істеуі қажет. АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді.

Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады. Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *