Раиса ӨСКЕНБАЕВА, Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінің ректоры: АДАМЗАТТЫ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ АРБАП ТҰР…

262

Бүгінгі таңда студент өмірі, білімі, таңдаған мамандығына қатысты алаң көңіл көбейген. Оның себебі түсінікті де болар. Болашақтың еңбек нарығында бәсекелестіктен ұтылып қалмауы үшін әркім де жақсы маман иесі атанғысы, болашақтың еңбек нарығындағы бәсекелестікте маңдайы жарқырап алдыңғы қатардан көрінгісі келеді. Осы ретте Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректорын келелі әңгімеге тартып, бұл білім ордасында қандай білім бағдарламасына басымдық беретінін, талапкерлер мен студенттер үшін білім беру мен кәсіби бағдарды анықтаудың нендей үлгілерін ұсынатынын анықтап, жаңа заман студентіне қатысты тағы да бірталай мәселелердің басын ашып қайттық…

– Раиса Қабиқызы, әңгімемізді ­университет туралы сауалмен бастасақ. Бұл білім ордасы әуел баста қандай мақсатпен құрылып еді? Мемлекеттік және халықаралық стандарттарға жауап беру үшін университеттің құрылымдық базасы және оқытушылар құрамы қалай жасақталды?
– 2009 жылы, яғни осыдан он жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының ұсыныс-қолдауымен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті құрылған еді. Ол заманда да, қазіргі заманда да ақпараттық технологиялардың дамуы өте маңызды болатын. Ол үшін мамандар даярлау қажет. Иә, ұлттық университеттерде де мұндай маман­дықтар бар. Ал біз жеке, арнайы мамандар даярлауға көп көңіл бөлуіміз керек болды.
Білім ордасы халықаралық ынтымақтастыққа да қатты ден қояды. Осы бағытта беделді шетелдік университеттермен және IT-ком­паниялар­мен ынтымақтастық байла­ныстар ­орнатуды қолға алдық. Стратегиялық білім беру процесіндегі ең басты әріптесіміз Carnegie Mellon University (АҚШ). Осы университетпен шартқа тұрып, солардың оқу бағдарламаларын алдық. Окырманға таныстыра кетейін, Сarnegie Mellon дүниежүзіне алгоритм, компьютерлік желілер, бағдарламалау тілдері, робототехника, компьютерлік лингвистика, бағдарламалық жасақта­малар құрастыру бойынша көшбасшы ретінде танылған университет. Міне, осы білім ордасының он модулін Қазақстанның оқу стандарттарымен сәйкестендіріп, әуел баста оқу бағдарламаларын құрастырған едік.
Кез келген бағдарлама төрт жылда ескіре бастайды ғой. Қазір Carnegie Mellon University-дің инженерлік оқу бағдарламаларын қарастыра­тын Roboatter деген мекемесімен келісімшартқа отырып, олардың оқу бағдарламаларын алып, тағы он екі модульді университетіміздің бағдарламасына қостық.
Университетіміз алғаш ашылғанда мемлекет 300 грант бөлген. Студенттерге жақсы білім беріп, дұрыс жұмыс істегендіктен, грант санын көбейтті. Екі жыл болды, 1100 грант бөліп, сонша студентті қабылдаймыз. АҚШ-тан келген бағдарламамен жұмыс істегендіктен, бакалавриатқа бірінші күннен бастап ағылшын тілінде сабақ өтеміз.
– Оған студенттер ілесе ала ма?
– Әлбетте. Қазіргі ұрпақ сандық ұрпаққа жатады ғой. Оларға ағылшын­ша оқу қиын емес.
– Біздің білуімізше, сіздерге шалғай ауыл мектептерін бітірген талапкерлер де оқуға түседі. Олардың тіл білу деңгейі қандай?
– Өте жақсы. Сабақ басталғанда әр студенттің деңгейін анықтап, сол бойынша жеке дәрістер оқимыз. 17 кредитті ағылшын тілі бойынша қойдық. Ол студент ағылшын тілін дамытып, IELTS-ті тапсыруға шамасы жететіндей болады. Курстан-курсқа өткенде студент ағылшын тілінен сол деңгейде қала ма, жоқ па тексеріп, ­шамасы келсе, келесі деңгейге өткіземіз.


– Осы күні дүниежүзінің ІТ саласына­ деген қызығушылығы, ынтасы артып келеді. Біздің Қазақстандағы жағдай қалай, бұл саланың мүмкіндіктері мен жаңашылдықтары туралы не айтасыз?
– Ақпараттық технология жер-әлемде дамып келе жатқан жаңа сала ғой. Ашығын айтсақ, жақсы мағынасында адамзатты ақпараттық технология арбап тұр. Бұл – біздің тағдырымыз, тіпті мемлекетіміздің оң бағытта дамуының, әлемдік бәсекеге түсудің кепілі десек те болады. Қай салада болмасын, ақпараттық технологияны міндетті түрде қолданады. Қазақстан да бұл дамудан кенже қалмауы керек. Қазақстан – ұмтылар биігі, алға қойған мақсаты заңғар ел. Германияның «Индустрия-4.0» деген бағдарламасында жүйелердің арасына адамды да қосады. Сандық Қазақстан деген бағдарлама қабылданғанына үш жыл болды. Тұңғыш Президентіміздің соңғы екі Жолдауында да осы мәселе көтеріліп, бұл төңіректе бірталай жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқу саласы Цифрлы Қазақстан бағдарламасында жеке тақырыппен берілген. Адам капиталының дамуы үшін университеттер деңгейінде бір бағдарлама қолға алынып, оны университеттер бастап та кетті. Біз де солардың қатарындамыз. Ол – сандық университетке көшу бағдарламасы. Университет қазір стратегиясын өзгертіп, биылғы оқу жылы осы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуге кірістік. Бұл бағдарламада маманды ғана дайындау мәселесі емес, болашақта ол студент қандай маман болады, ол маманды даярлаудағы университеттің рөлі, үлесі қандай – соны анықтауды мақсат етіп қойдық. Бізге келген студенттер мектептен осы саланы біліп, үйреніп, дағдыланып келген балалар. Олар бәрін біледі. Демек,­ сол терең білімге сәйкес оқу бағдарламасын ұсынуымыз керек. Сол бағдарлама бойынша оқытуға дайын болғанымыз жөн. Мәселен, осы күні телефоныңызбен отырып біраз жұмысты еңсеріп тастайсыз.
Елімізге міне, осындай ақпараттық жүйелерді дамытатын, жаңартатын, үлес қосатын маман керек. Ал ондай мамандар даярлайтын университеттер сол жаңа бағдарламаға лайық болғаны маңызды. Өзіміз ақпараттық технологияның болашақтағы ең үздік маманын даярлап отырып, оқу бағдарламасын қағазға жазып, оны бір-бірімізге тасып жүрсек не өзгереді? Демек ең әуелі оқу орны сандық университетке көшуі керек. Міне, осы саладағы жаңашылдыққа биылғы оқу жылынан бастап кірістік.
– Университетте қандай маман­дықтар бойынша дәріс оқылады? Бүгінгі таңда ақпараттық технологияны білімді студенттердің көптеп таңдауының себебі не деп ойлайсыз?
– Оның себебі айқын. Адамзаттың дамып келе жатқан жолында бәрі де білім алғысы келеді. Келісетін шығарсыз, қазір таза мамандық жоқ. Қай саланың маманы болса да, ешқандай технологияны қолданбайтын адамды таппайсыз. Дәрігер сізді емдеу үшін дене құрылысыңызды көріп, зерттеп отырады. Қалай? Ақпарат­тық технологияның көмегімен. Сон­дықтан қазір қай салада да мықты ­маман боламын десе, ақпараттық коммуникациялық технологияларды үйренуі өте маңызды. Біз ақпараттық технологиялар университеті, оған қоса халықаралық мәртебеміз болғандықтан жаңа заманның ең үздік мамандарын дайындауға талпынуымыз керек. Құрғақ сөзбен талпынуға да болмайды. Сол үшін биыл оқу бағдарламасына көп өзгертулер енгізілді. Біздің университетте ғана емес, Білім министрлігі ҚР «Білім туралы» заңына бірнеше өзгерту енгізді. Соған байланысты оқу жүйесінің заңдары да өзгерді. Былтырғы жылға дейін оқуға қабылданғандарға бұрынғы бағытпен білім бере береміз. Ал І-ІІ курстардағы бағдарламаны өзгерттік.
Қазіргі мамандық деген түсінікке де басқаша қарайтын уақыт келген секілді. Сол үшін әр мамандықтың ішінде қандай тараптар бар, сол ­тараптарды мамандық есебінде бөлек оқу бағдарламасы ретінде өзгертіп, оқу жылын бастадық. Біздің университет талапкерлерге биыл қырық оқу бағдарламасын ұсынды. Қырық деген санды ойдан ойлап тапқан жоқпыз. Әрбір саланың негізгі трендтері бар. Ақпараттық тех­но­логия­лардың тренді 10-13 деуге болады. Көбінесе он деп атайды, күрделендіріп айтқанда, 13-ке жетеді. Міне, осы бағыттарда жаңа бағдарлама жасап, оқу үдерісіне енгіздік.
Мәселен, «жасанды зерде» ­деген ұғым қазір көпшілікке өте таныс. Ол адамның зердесі керек емес дегенді білдірмесе керек. Бар болғаны адамға көмектесу үшін жүйелерді автоматтандыруға тура келеді. Көп салада­ адамдар деректермен, мәліметтермен жұмыс істейді. Ол мәліметтерді талдап, пайда табуымыз керек. Оны бизнес-сараптама дейміз. Бүгінгі жаңа заман терминімен айтсақ, Big data – үлкен деректермен жұмыс істеу қажет болады. Одан бөлек, блокчейн деген шықты. Жасанды зердеге байланысты machine learning – машиналық оқыту деген ұғым бар. Кішкентай баланы да үйретесің ғой, үйрену арқылы ол бала білім жинап, маман болады. Тура солай, машинаны да оқытып, үйретуге болады. Машинаны, жүйені үйретіп, адамның білімін жинап, машина жұмыс істеуге қабілетті бола түседі. Тағы бір жаңа ұғым, аugmented reality – арттырылған шындық деген термин бар. Біз шындық затпен жұмыс істейміз ғой. Енді оның моделін жасап, машинаға салсақ, адам сол арттырылған шындықтың ішіне ене алатын болады. Оны виртуалды шындық, арттырылған шындық деп атап, осы саланың жандануына көп ­маман қызығып отыр. 3D printing дейміз, қазір қолыңыздағы қаламсапты дәл солай қылып принтерден шығарып бере алатын бағдарламалар бар. Осы салада да бәсіміздің биік болғанын қалаймыз. Internet of industry дейді. Жоғарыда айтқан «Индустрия-4.0.» дегенге қосымша Internet of Things – заттар интернеті деген де шықты. Мәселен қолыңыздағы электронды заттарыңыздың барлығы өзара байланысады. Қазір одан да күрделірек ұғым – «internet of every things» өмірімізге енді. Яғни өзара байланысатын электронды заттардың арасына енді адам да қосылып жатыр. Жалпақ тілмен айтқанда, адам да енді затпен сөйлесіп отырғандай бола алады. Міне, ақпараттық технология саласындағы осындай жаңалықтар бізде оқып жатқан балаларға қызық, қажет әрі маңызды. Сондықтан бұл саланың сұранысы өте жоғары. Біз бұл жаңалықтың бәрін мектептегі балаларға жеткіземіз, олармен тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Зертха­наларымызды көрсетеміз. Робототехникадан алты мектепке зертхана жасап бердік. Қазір бұл көрсеткішті көбейтсек деп отырмыз. Міне, мектеп табалдырығынан балаларға ақпараттық технологияның жаңа­лықтарын, қыр-сырын үйреткен­діктен бе, ол бала көп дүниені біліп, жүрегінен өткізіп алған соң ғана біздің университеттің табалдырығын аттайды.
– Бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну үшін маман даярлауға да ерекше зейін қоюымыз маңызды екені белгілі. Дүниежүзінде сұранысқа ие мамандар даярлайтын оқу орыны ретінде студенттеріңіздің болашақта Қазақстанда ғана емес, әлемдік қызметтер нарығында да суырылып алға шығуы үшін қандай жұмыстар атқарып жүрсіздер?
– Иә, дұрыс айтасыз, бұл ерекше бір жағдайды қажет ететін міндет. Қазақстан – жабық емес, ашық ­мемлекет. Біздің де мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек. Біз тәуелсіздік алғанда шетелдерден мамандарды көптеп шақырттық. Енді біздің мамандарды да шетел аттай қалап алдыртатын уақыт келді. Ондай жұмыстар жүргізілді, жүргізіліп те жатыр. Бізде алып жатқан диплом басқа мемлекеттерге де жарауы керек. Ол үшін біздің университетте ғана емес, басқа университеттерде де аккредитациялардан өтіп жатады. Шетелдік IEEN деген аккредитациялық бюромен байланысып, сол жерден аккредитациядан өттік. Қазақстанда осы сала бойынша аккредитация алған алғашқы оқу орны – біздің білім ордасы. Институционалдық білім беруде біздің деңгейіміз биік екенін дәлелдейтін сертификат алдық. Басқаша айтсақ, біздің диплом Еуропа мемлекеттеріне де, басқа да шетелдерге де жарай береді. Бізде оқытылатын әрбір бағдарламаға сертификат алынады, демек, бізде бар мамандықтың бәрін сол аккредитациядан өткіздік. Осылайша, бізде оқитын студенттерге мүмкіндік бердік. Олар біздің оқу орнының дипломымен ­шетелдерде жұмыс істей алады. Иә, біздің тәжірибемізде ондай балалар бар. Google-де жұмыс істейтін екі бірдей түлегімізбен мақтанамыз. Yandex-ке, Amazon-ға кеткен шәкірттеріміз бар.
Кейде жас мамандар шетелге кетіп жатыр деп қорқамыз, олардың ­шетелге шыққаны да дұрыс қой. Олар шетелден көп тәжірибе жинақтайды. Өздерінің білім, білік деңгейін көтереді. Шетелдердің мәртебелі компанияларында жұмыс істеп жатқан соң, оларға Қазақстанның бар екенін көрсетеді. Ондай таланттарды шетелге жіберуден қорықпау керек. Олар бәрібір, түптің-түбінде елге қайта оралады. Ал олар елге келгенде білімді, білікті, толысқан, тәжірибелі маман болып келеді. Мен оған сенемін.
Біздің географиямыз кеңейтілген деп санаймын. Балаларға қоятын талабымыз көп, стартап жобалар, байқаулар көптеп өтіп жатады. Студенттер әлгі жобаларға қатысуы керек. «ASIIN – Association for computering macinary» деген жоба бар. Дүниежүзінің 135 университеті қатысады, бағдарламау жағынан чемпионат өткізеді. Бір топта­ үш бала болады. Сол сайысқа, он жыл болды, қатысып келеміз. Үш жыл болды, біздің студенттер алғашқы үздік жиырманың арасына қосылды. 135 мемлекеттің ішінен, Stanford, Oxford, Cambridge секілді әлемдік мәртебелі университеттермен бір қатарда ­қа­тысып, алғашқы жиырмалықтың ішіне енуі біз үшін үлкен мәртебе. Осы сайыс­тың бірінші деңгейіндегі финалына қатысып, Қазақстанның чемпионы болдық. 1,3,2, орынды біздің университеттің студенттері алды.
– Үш орынды да сіздер алдыңыздар ма?
– Иә, үш орынды да біз алдық. Бізде осы бағыттарды дамытып, тәжірибеден өткізу үшін инновация­лық орталығымыз бар. Арнайы ашқан едік. Сол жерде студенттерді ғана емес, мектептегі балаларды да шақырып, жаңа білім көзімен таныстырамыз.
Робототехника саласында Азия мемлекеттері арасында өтетін үлкен сайыс бар. Тоғыз жылдай уақыт болды, оған да қатысып жүрміз. Бірінші орынға шыққан жоқпыз, алайда үздік он университеттің құрамына кірдік. 3-4 жыл болды арнайы жұмыс істеп, бұйырса, келесі жылы сайыстың орталығын Қазақстанға әкелмекпіз.
Байқаған боларсыз, біздің оқуға жобалар қызықтыратын, ақпараттық технология саласына жаңалық енгі­зетін маман боламын деген бала келеді.
– Сізбен сұхбаттасар алдында университетті аралап шықтым. Өзімнің салама қатысы бар болғандықтан, журналистика бағытындағы кабинет­терді назардан тыс қалдырғым келмеді. Теориялық оқыту ғана емес, практикалық тәжірибе үшін заманауи, әдемі студиялар ашып, студенттер оқу мекемесінде отырып-ақ жұмыс істей беретін жағдай туғызған екенсіздер. Барлық бағыттар бойынша осындай тәжірибелік орындарыңыз бар ма?
– Қазіргі заманның студенті ондай жабдықталған кабинетте оқымаса, жеткілікті білім ала алмайды. Мәселен, пиар жасайтын департаментіміз бар. Онда маманданатын студенттеріміз бізге ғана пиар жасап қоймайды, жұмыс беретін компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Арнайы университеттік порталымыз бар. Жұмыс беретін компанияларды таныстырамыз және студенттердің де резюмесін береміз. Бір-бірімен байланыстырамыз. Барлық бағыттың да өз зертханалары бар. SАП бізде биыл ашылған бағыт болса да, онда да зертханада отырып жұмыс істеуге мүмкіндік бердік. Бұл зертхана ТМД бойынша екінші зертхана. Осы зертхана жұмысы үшін Қазақтелеком, Қазпоштаны шақырдық. Осы екі компаниялардың жобалары үшін SАП өзінің технологиясын береді. Оны біздің зертханада отырған студенттер орындайды. Яғни олар оқу саласында­ теориялық білімін алып жатса, практикада сол білімді қолданады. Практикалық жұмыс көбейген соң, тапсырманы орындау үшін теорияны өзі іздейді. Алатау инновациялық орталығында да филиалымыз бар. Бірнеше компаниямен тығыз жұмыс істейміз.
Сіз мысалға алған журналистика бағытында да классикалық біліммен қатар, студенттердің бірінші курс­тан жұмысқа араласуына жағдай жасағымыз келеді. Сол үшін зертханаларды жабдықтауға көп көңіл бөлеміз.
– Студенттік өмір – жастық кезеңнің ең бір ғажайып шағы. Ендеше студенттердің осы бір сәулелі күндері ерекше есте қалуы үшін ұйымдастырылатын, тәрбиелік маңызы зор, қосымша қандай да бір іс-шаралар жоспарларын да дайындайтындарыңызды білеміз. Олар туралы да айта отырсаңыз.
– Студенттік шағы – адамның ең ғажайып жылдары ғой. Сол ең тамаша уақытын студент зертханада отырып, сабақ оқып қана өткізбеуі керек. Дамудың басқа да жолдары бар. Университет жұмысының процесінде студенттік үкімет құрылған. Өздерінің әр сала бойынша министрлері бар. Білім министрі білім бойынша қызықты істерді, Мәдениет министрі өз саласы бойынша басқосуларды, Спорт министрі өз саласы бойынша сайыстарды ұйымдастырады. Оған студенттер өз қызығушылығы бойынша қатысып, университеттің мәдени-қоғамдық тыныс-тіршілігінен де құр қалмайды. Түрлі клубтарымыз бар. Спорт студенттерге ең қажет сала ғой. Сондықтан, ең әуелі осы бір спорт туралы­ қосымша жетістіктерімізді мысалға алайын. Футзалдан ұлттық студенттік лигаға кірдік. Университетіміздің экс-ректоры сол лиганың төрағасы болған еді. Былтыр біздің университет қабырғасында халықаралық чемпионат өткіздік. Біздің студенттер қатысып, тобымыз халықаралық жарыста үшінші орынға шықты. Одан бөлек, шахматтық клубымыз да бар. Кеше ғана елімізде студенттер арасында ҚБТУ-да өткен сайыста чемпион атанды. Енді университеттер арасындағы халықаралық чемпионатты біздің елде де өткізсек деп жоспарлап жүрміз. Осындай жаңалықтарымыз көп.
Мәдени клубтарымыз бар. Тілдер кафедрасында осы аптада қазақ тіліне арналған іс-шаралар басталды. Күн сайын әр бағытта оқып жатқан студенттер қойылым қояды, өлеңдерін оқиды.
Университетте жалпы жиырма шақты клуб бар шығар. Осы демалыста бірінші курс студенттеріне Алматыны таныстыру мақсатында Медеуде ­Айс-пати өтеді.
Жалпы біздің студенттеріміздің өмірі қызық деп ойлаймын. Олар интеллектуал балалар ғой, тосын, қызық шығармашылық шешім шығара біледі.
Оқу ордамызда 4500 студент, 350-ге жақын оқытушылар бар. Міне, осы үлкен ұжымның әрқайсысы уни­верситетіміздің іргесі бекіп, мәртебесі асуы үшін өте қымбат маман деп санаймын.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *