Нұрлан Ноғаев тұрғындарды жеке қабылдауда: «Пәтер тек кезекпен беріледі»

76

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауына жүзге жуық тұрғын жазылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда мемлекеттік органдар арасында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтіп жатыр. Аймақ басшысынан кеңес алуға 160-тан астам тұрғын жазылған. Түске дейін тұрғындардан түскен сауалдар тұрғын үй, жер кезегін алуға жеңілдік, жұмысқа орналасу туралы болды. Халықтың әлеуметтік осал тобын әлеуметтік қолдау шаралары туралы да сұрақтар қойылды.
Нұрлан Ноғаев азаматтардың сауалдарына жауап беріп, тұрғындарға көмек заң аясында ғана берілетінін атап өтті.
– Мемлекет қайырымдылық қоры емес, тұрғын үйді оңды-солды кезексіз бере алмаймыз, бізден де сұрау болады, пәтер беру үшін негіз керек. Қазір Атыраудың өзінде 13 санат бойынша 20 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Тұрғын үй тек қана кезекпен беріледі, – деп нақтылады Нұрлан Ноғаев.
Азаматтарды жеке қабылдау барысында келер жылдан бастап колледж түлектеріне Атырау облысының жоғары оқу орындарына түсуге өңірлік грант алу мүмкіндігі болатыны туралы айтылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *