«Бес бойдаққа бір той» Әуезов театры сахнасына қайта оралды

322

20 қараша күні Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында  белгілі жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Қырманбайдың тойы» шығармасының желісі бойынша қойылған «Бес бойдаққа бір той» комедиясы араға жылдар салып сүйікті көрерменімен қайта қауышты.

Алпыстың әр жақ, бер жағындағы ақсақал кемпірінен айырылып, балаларының тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмай, ұлын үйлендіре алмай, қызын ұзата алмай, қайғы меңдеп, олардың тағдырына, өз әулетінің ертеңіне алаңдаулы болса, ұлдары әкесін үйлендірмекке ынтызар екен. Бағзы заманнан бері келе жатқан әкелер мен балалар мәселесін заманауи түрде ұлттық дүниетаным тұрғысынан көрсете білген комедияда әрбір кейіпкердің іс-әрекеті, мінез-құлқы күлкі шақырады.

Қойылымның қоюшы-режиссері және өлеңдерін жазған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, қоюшы-суретші –Ерік Әдісбек, музыкаларын өңдеген – Дидар Қаден, биін қойған – Гүзел Мұхамеджанова, режиссердің ассистенті – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс. Актерлерге тоқталып өтетін болсақ, Қырманбайды Бекжан Тұрыс, Барболды Дарханг Мусаев, Нарболды Нұрғиса Қуанышбай, Күйкетайды Әсел Сайлауова, Шүйкетайды Ажарлым Бақытжанова, Жарболды Елжан Тұрысов, Гүлбарамды Гүлшат Тутова, Маратты Азат Турарбеков, Киконы Ермек Бектасов, Мараны Әсел Әбдіхамитова, Қалдыгүлді Индира Мендібаева сомдайды.

Ұлттық дүниетаным мен қазақы болмыс-бітімді көрсетуге арналған мағыналы қойылым көрерменнің жүрегіне жол тауып, көңілдерінен шықты.
Қазақ спектакльдері қай жанрда берілсе де, мейлі ол трагедия болсын, мейлі комедия әйтеуір, әрқайсысынан түйіп алар нәрсе біреу ғана. Ол – ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік.

Жанарбек Әлихан

Суреттерді түсірген: Азамат Құсайын

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *