Отарбаев әлемі

439

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған кездесу өтті. Жиынға қаламгердің жары Сәуле Отарбаева, ұлы Ермерей Рахымжанұлы, сыншы-қаламгерлер Амангелді Кеңшілікұлы, Серік Елікбай, Ұларбек Нұрғалым, Заңғар Кәрімхан, Анар Қабдылхақ, Бақытгүл Махамбетова, университет оқытушылары мен тарих, журналистика, филология мамандығы бойынша тәлім алып жүрген студенттер қатысты. Кездесуге университеттің ғылым жөніндегі проректоры Саламат Нұрмұханұлы модератор болды.

Шараны ашқан Саламат Нұрмұханұлы Атырау төрінде шымылдығын ашқан ІІІ театр фестивалінің жұмысына шығармашылық табыс тілеп, қаламгер жайлы: «Жазушы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы Атырау жұртшылығы үшін ғана емес, күллі қазақ оқырманы үшін аяулы деп санаймын. 2006 жылы біздің университеттің «Құрметті профессоры» атағын алған қаламгердің шығармашылық өмірін зерттеу де біздің назардан тыс қалмайтын болады» деді. Кездесу барысында Р.Отарбаевтың шығармашылығы, өмірі туралы жазушының жары, қанаттас қаламгерлер де пікір білдірді.

Сәуле Отарбаева, жазушының жары: Шуақты кездесу ұйымдастырып отырған университет ұжымына көп рахмет!  Рахаң осы өңірдің тарихын, тұлғаларын жанындай жақсы көрген, жастарды қатты қадірлеген, білімді, шығармашыл жастарды қолдаған тұлға еді. Бүгінгі күні Отарбаев әулеті Рахаңның аманатына адал болғысы келеді. Біз де Рахаң құрметтеген жастардың шығармашылық өмірге дендеп енуіне жол ашуда себепші болғанды қалаймыз. Қазір Рахаңның екі қызы шалғай елде оқу оқып жүр. Кішкентайы, өзі «Кенжебикем» дейтін Айжамалына: «Сен осында оқисың» деп айтып кеткендіктен, перзенті әке аманатына адал болып, сіздердің университеттің журналистика факультетіне оқуға түскен. Рахаң қатты қадірлеген, қатты құрметтеген оқу орнындағы кездесу үшін сіздерге зор алғыс.

Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы: Рахымжан Отарбаевтың есімі, шығармашылығы бүгінгі жастардың жүрегіне жетуі керек. Рахымжан ағаны жазушы, қаламгер ретінде жақсы білетін едім, осы фестивальде жаңа қырын аштым. Оның ең алғаш жазған «Соғыстың соңғы бомбасы» – ең үлкен құбылыс болды. Жалпы шығармашылық адамы әдебиетке қалай алапат құбылыс болып келсе, дәл солай құбылыс болып кететін сияқты. Ол шығармашылыққа бірден өз биігін алып келді де, содан төмендеген жоқ. Өз топырақтарыңыздан шыққан ірі суреткерлеріңізбен мақтануларыңыз, оны жан-жақты зерттеулеріңіз керек.

Отарбаевтың әр шығармасын оқыған сайын өзім үшін үлкен жаңалық ашамын. Қазақ прозасында жазушылар көп, талантты жазушылар да аз емес. Бірақ юморды, сарказм арқылы қоғамның шындығын айтқан суреткерлер сирек. Міне, сол сирек суреткердің бірі – Рахаң болатын.

Серік Елікбай, әдебиеттанушы, сыншы, профессор: Рахымжан Отарбаевта ұлттық идеологияда жоғалтып алған дүниеміз – талантқа деген бауырмалдық, өзгені жақсы көру, қатарға қосу, жақсының жақсы екенін, жаманның жаман екенін айту мінезі бар еді. Әдебиет деген ғажап әлемдегі биігі ұмытылмайды. Бұл кешегі ұлыларымыздың жолы еді. Кейінгі толқынды өзімен қатар алып жүрген үлкендердің ғажап үлгісі болатын. Ұлттың негізгі бір ұстындарына апаратын даңғайыр даңғылды жалғастырған қаламгер Рахаң еді.

Ал оның жазушылығы жүректің бұлқынысы ғой. Оның кейіпкерлері өлмейтін, өшпейтін бейнелер. Сахнада жүрген Әміре. Франциядан бас жүлдені алып келген Әміре қайтадан қазақ даласына келгенде ешкім емес болып қалуы үлкен трагедия! Ол қазақтың жыртылмайтын байрағы еді, оның жан азабы жүректі қалай ауыртады. «Фариза мен Мұқағалиды» алып қараңыз. Күшеншекті ойнаған актер парықсыздықтың, әлсіздіктің белең алғаның қалай шебер көрсетеді. Отарбаев драматургияда кесек-кесек дүниені алып келген қаламгер.

Ұларбек Нұрғалым, жазушы, Отарбаев фестивалінің қазылар алқасының мүшесі: Қандай да бір еңбектің қайтарымы болады ғой. Бірақ руханиятқа еңбек еткен адамның еңбегінің бодауы не екен деп ойлаймын. Қазақ руханиятына жанымен де, тәнімен де, жүрек қанымен де, керек десеңіз қаламгер жастарға қолдауы арқылы малымен де қызмет еткен кім дейтін болсақ, тәуелсіздіктен кейінгі тарихта ең алдымен Рахымжан аға еске түседі.

Р.Отарбаев ұлтқа ұлы тұлғаларынан образ жасап берген сирек жазушыларымыздың бірі. Бүгінгі күні қазақ сахнасында Отарбаев жазған Бейбарыс сұлтан, Жәңгір хан, Әміре, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов сынды тұлғаларымыз қалың жұртымен қайта қауышып жүр. Бұл да қаламгердің ұлт тәуелсіздігіне қосқан зор үлесі деп білемін.

 Заңғар Кәрімхан, әдебиеттанушы: Шәкәрім, Мұстафа Шоқай, Әлиханды ақтау процесі ұзаққа созылғаны белгілі. Сондықтан ұлттың ондай тұлғаларын ұлықтау қаламге серт берген әр қаламгердің үлкен арманы дер едім. Ол арманға біреулер жетеді, келесілерінің қолы жетпейді. Отарбаев ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды әдеби шығармашалықта қайта тірілткен үлкен жазушыларымыздың бірі. Оның осы еңбегінің өзі-ақ қаламгердің шығармашылық болмасын аша түспей ме? Көңіл қуанатын тағы бір жағдай, қаламгердің шығармашылық мұрасын, аманатын жалғаған қаламгердің отбасына зор алғыс айтқым келеді.

Бақытгүл Махамбетова, әдебиет насихатшысы: Атырау жұртшылығына үлкен бір қуанышты хабар айтқым келеді. Лондонда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазынаны жинаған Британ кітапханасы бар. Ол кітапханадағы мұраны әдебиет атты әлемнің нағыз бекзат оқырмандары оқиды.  Рахымжан Отарбаевтың отбасының тапсыруымен қаламгердің кітаптарын күні кеше ғана сол кітапхана қорына сыйға тарттым. Ендігіде Отарбаевтың рухани мұрасы шетелдерде де рух беріп тұратын болады.

Кездесу соңында Рахымжан Отарбаевтың шығармаларымен жақсы таныспыз деген бірінші курс студенттері арнайы пікір білдіріп, университет театры 26-қараша күні «Нашақор жайлы новелла» шығармасының желісі бойынша сахналанатын Р.Отарбаевтың «Шырғалаң» атты қойылымына шақырды.

Қарагөз Серікқызы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *