ҚазҰАУ жастарымен еркін диалог

288

Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жас ұрпақты адалдық, шынайылық, тазалық сынды құндылықтарды дәріптеуге, олардың патриоттық рухын шыңдап, ұлттық таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған «Ел үміті – жастар» тақырыбында студенттермен еркін пікір алмасу шарасы өтті. Бұл туралы ҚазҰАУ Баспасөз қызметі хабарлайды. 

Басқосуды университет ректоры, ҰҒА академигі Есполов Тілектес Исабайұлы ашып, оқу орнында жастар саясатын тиімді іске асырудағы жүйелі жұмыстар барысы мен Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында атқарылып отырған іс-шаралар туралы баяндады.

Студенттермен кездесуге «Sanaly urpaq» Жобалық кеңсесінің жетекшісі Токушев Қайыржан Ахметбекұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Таумұрат Данияр Таумұратұлы, Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Игіліков Елнар Тоқтабайұлы, «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Канкуров Станислав Владимирович, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысы Есдәулетов Диас Рахметұлы, «Nur Otan» партиясы Медеу аудандық филиалының консультанты Шамгунов Диас Қаппарұлы, Алматы қаласы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Ахметов Мәди Абылайұлы және жастар ұйымдары мен университет оқытушылары, Студенттер үйінің басшылары, студент жастар қатысты.

Жастармен ашық пікір алмасып, сұхбаттасу форматында өткен кездесуде «Nur Otan» партиясы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласы Білім, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалары, Республикалық «Sanaly urpaq» Жобалық кеңсесі мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің өзара тығыз жұмыс нәтижесіндегі жастар бойындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.

Мәжіліс залында басталған кездесу оқу орнының орталықтарында жалғасты. Басқосуға қатысушылар университеттегі «Digital» орталығы, «Parasat» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру орталығы, «Sanaly urpaq» клубы, «Назарбаев білім-ғылым орталығы» және осы орталықтағы Елбасы кітапханасы, Достық студенттік ассамблеясы, «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы, «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы мен О.Сүлейменов атындағы гуманитарлық тәрбие-білім беру институтында болып, «Almaty Adaldyq Alany» жобасы аясында ашылған «Сатушысыз дүкен» жұмысымен танысып, белсенді жастармен пікір алмасты.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар ҚазҰАУ-дағы Агротехнологиялық Хаб қызметімен танысып, оның құрамына кіретін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Инновациялық Су орталығы, Инновациялық жылыжай мен Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларында атқарылып отырған инновациялық бағыттағы жұмыстарға оң баға берді.

Жастармен диалог барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәденитетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін күрес тәсілдері туралы әдістемелік материалдар таныстырылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында бейнероликтер көрсетілді.

Студенттер «Nur Otan» партиясы, әкімдік, Агенттік, департамент өкілдеріне өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алып, сыбайлас жемқорлықпен күресуде жұмылып іс атқара беретіндігін атап өтті.

Суретті түсірген: Мамыржан БОТАБЕКОВ.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *