«Астана» атақты қарсыласқа қандай сый жасайды?

180

Елордада нағыз футбол бумы болып жатыр. Себебі, Қазақстан астанасына атақты «Манчестер Юнайтед» келе жатыр. Бұл ойынға қалай баруға болады? Билетті қайдан табасыз? Осы сауалдарға жауап іздейміз.

  Еуропа лигасының аясында өтетін «Астана» — «Манчестер Юнайтед» арасындағы ойынның қарсаңында көптеген қызықтар болып жатыр. Матчқа дейінгі уақыт азайған сайын билеттердің де бағасы қымбаттауда. Қазір стадионға кіруге рұқсат беретін билетті тек қомақты қаржыға ғана сатып аласыз. Нағыз жанкүйерге осындай тұста не істеу қажет? Футбол жанкүйері Әлібек Даңғарин болса былай дейді: — Мен бұл ойынды ұзақ күткен едім. Клуб ресми түрде билеттер сатылымға шықты деген кезде билет құны 4000 теңгені құрады. Алайда сол сәтте билет сататын сайтқа кіріп билет ала алмадым. Себебі, сайт жұмыс істемей қатып қалды. Қанша уақыт пен жүйкені құртты. Нәтижесінде мен билетсіз қалдым. Енді ойынға үш күн қалғанда тағы да билеттер сатылымға шығады дейді. Ең төменгі баға 40000 ды құрап тұр. Алып-сатарлардан алсаңыздар билет құны 2 немесе 3 есе қымбат болады. Мен әлбетте «Астана» командасын жақсы көремін, алайда мұндай соманы жаратып турнирлік маңызы жоқ ойынды көргім келіп тұрғаны шамалы.

«Астана» командасы құрылғалы бері билеттен мұндай тапшылық орын алмаған еді. Тіпті Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ойындарға кіру оңайырақ болды. «Манчестер Юнайтед» келетін болғандықтан ел чемпионы билет құнынан қаржы тапқысы келетіні анық.

Әлібек Даңғарин бұл мәселеде «Астана» клубының басшылығы асыра сілтеп отыр деп есептейді. «Менің ойымша бұл «Астана» клубының басшылығының жасап отырған саясаты. «Атлетикоға» қарсы өткен ойында мұндай болмап еді» дейді футбол фанаты.

«Манчестер Юнайтедтің» фанаттары бүкіл әлемде бар. Олардың біршамасы біздің Қазақстанда да тіркелген. Солардың бірі «Astana Reds» жанкүйерлер тобы. Сол топтың белді мүшесі Асқар Зиннуллин. Нұр-Сұлтан қаласында МЮ жанкүйерлері жетіп артылады. Олар жиналып сүйікті команданың ойынын теледидардан бірге тамашалайды. Асқар манкунияндықтардың жанкүйері болғанына 19 жыл болыпты. Клубтың дәуірлеген шағы Сэр Алекстің кезінде еді дейді тәжірибиелі фанат. «Сәтсіздіктің барлығы Сэр Алекс пен Дэвид Гиллдың кетуінен кейін басталды. Сосын клуб басшысы Эд Вудворд әр 1,5-2 жыл сайын бапкер ауыстырғаны да дұрыс емес».

Ойынға бір күн қалғанда фанаттар көшеге шығып шеру өткізбекші. Мыңға жуық адам сүйікті клубтың жалауын желбіретін қалаға футбол атмосферасын бермекші. Бұл шеруді көру үшін оның қай жерде өтетінін білгеніміз дұрыс. «27-28 қараша күндері Мәскеуден, Минскіден және Британияның өзінен фанаттар ағылып келе бастайды. Біз оларды қарсы аламыз» дейді Асқар.

«Олд Трафордқа» барып сүйікті командасының ойынын көргісі келген жанкүйер бұл матчқа қандай көзқараста? «Ол сәтті әл ұмытпаспыз. Жеребеде бізге «Манчестер Юнайтед» түскен шақты қуанышымызда шек болмады. Уатсаптағы топтарымызда хаттар толып, телефоным жарылып кете жаздады» дейді «МЮ» фанаты. Болатын ойынның алдында біз футбол жайлы мақала жазатын блогерлер мен тілшілердің де пікірін сұрадық. Олардың қатарында да атақты клубтың жанкүйерлері бар болып шықты. Мысалы комментатор Евгений Акманов «қызыл сойқандардың» жанкүйері.

«Бұл жерде ең басты мәселе ынта-жігерде. Мю өзінің негізгі мақсатын шешіп қойған. Ал «Астанада» барлығы керісінше. Өз алаңында алғашқы ұпайын еншілегісі келеді. Оның үстіне трибуна толып, «Астана» қолдауға ие болады. Онымен қоса жасанды алаң мен күн райы алаң иелеріне көмектесуі тиіс» дейді.  Англияның атақты клубы қазір бұрынғыдай емес. Оның басты себебі Сэр Алекс Фергюссонның қызметтен кетуі. Соңғы 6 жыл бойы команда өз деңгейінде өнер көрсете алмай келеді. Соңғы рет олар 2017 жылы Жозе Моуриньоның баптауымен Еуропа Лигасын жеңді. Одан кейін тізгінді Оле Гуннар Сульшер ұстады. «Қызыл сойқандар» әлемде жанкүйері көп, әрі ең бай клуб екені бесенеден белгілі. Әл-қуаты біразға жететін команданың екінші деңгейлі жарыста жүргені не жорық?

«Қазір клубты басқару әдісі өзгерді. Бұрын Сер Алекс кезінде команда ойынымен көзге түсетін. Ал қазір басшылық футболдың айналасындағы жағдайдың өзінен қаржы табуға көшті. Сосын ойынның өзіне аса қатты мән беріп жатқан жоқ» дейді комментатор Евгений Акманов.  Жұмыс кестесінің тым қауырт болғандығынан Евгений бұл ойынды трибунадан тамашалай алмайды. Алайда, өзімнің сүйікті командам, «Манчестерге» жанкүйер боламын дейді.

Сондықтан да біз комментатордан ойынға болжам сұрадық. «Мен 20 жыл бойы «Манчестерге» жанкүйермін. Алайда бұл ойында «Астана» жеңілмейді деп ойлаймын. Есеп 1-1 немесе 2-1 болуы тиіс» дейді Евгений.

Матч 28-қараша күні «Астана Арена» стадионында өтеді. Басталуы 21-50де.

Ермұхамед Мәулен




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *