Алғашқы Ұлттық «Қазақстандық отбасылар – 2019» баяндамасы талқыланды

321

Бүгін Қазақстан қонақ үйінің «Алтын емел»  конференц-залында «Қазақстандық отбасылар-2019»  алғашқы ұлттық баяндамасының тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Баяндама жобасы Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАО-ның тапсырысымен жүзеге асырылды. Жоба мақсаты  қазақстандық отбасылық саясат моделін қалыптастыру  негізіндегі жүйелі әрі тиянақты ұсыныстарды дайындау болып табылады.

Баспасөз маслихатында спикерлер  «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті, ҚР президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық кеңесінің мүшесі Маргарита Өскембаева, «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ сарапшы-әлеуметтанушысы,        Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ-дың саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, докторанты Татьяна Резвушкина, «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ сарапшы-консультанты, БҰҰ-ның SDG және гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі сарапшысы, «ADAM DAMU Еуразиялық гуманитарлық орталығы» ҚҚ төрағасы Аида Әлжанова сөз алды. Шараға сондай-ақ БАҚ өкілдері мен Үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, құқық қорғау органдарының полиция қызметкерлері қатысты.

 

 

Баяндамаға негіз болған сауалнама ағымдағы жылдық маусым айында басталып,  қараша айына дейін жүргізілді. Әлеуметтанулық зерттеуге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қазақстанның 14 облысынан барлығы 3600-ден астам адам қатыстырылған.

Зерттеу отбасының 17 түрін – көп балалы, кеңейтілген, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларды қамтыды. Сауалнамаға қалалық (62,5%), ауылдық тұрғындары (37,5%),  әр түрлі жастағылар мен этникалық құрам қатысты. Сұралған респонденттердің 77,6%-ы әйелдер, ал 22,4%-ы ер адамдар болған.

Маргарита Өскембаева сауалнамаға белсене атсалысқан  өңірлердегі супервайзерларды ерекше атап өтті. Сондай-ақ сауалнамаға қатыстырылған азаматтардың пікірін ескере, жобаның қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілуіне мұрындық болатынын және жоба негізінде дайындалған ұсыныстың мемлекеттік құзырлы орындар мен министрліктерге жолданатынын  айтты.

Спикерлер  халықта жалпы  сауалнама туралы және оған қатысу тәртібі жөніндегі түсініктің әлі де болса төмен екендігіне де  тоқталып өтті. Бұдан басқа, сауалнамаға қатыстырылған респонденттердің басым бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуі көңіл көншітерліктей еместігін алға тартты.

«Сауалнамада қойылған сұрақтар қазақстандық отбасындағы жан-жақты мәселелер мен әр түрлі тақырыптарды қамтыған»,  дейді спикерлер.

Сарапшы-әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина жеке-жеке тоқталған слайдтарда сауалнамаға берілген жауаптар сұрыпталып, пайыздық мәнде көрсетілді. Мысалы респонденттердің некеге деген көзқарасы қандай, немесе олардың үйлену себептері, ұлтаралық некелерге қалыптасқан көзқарас, ата-аналардың екпелерге деген пікірі, отбасындағы зорлық-зомбылық, оның ішінде балаларға жасалатын зорлық-зомбылық, мүгедек баласы бар отбасылар, отбасындағы «басшы» кім? Отбасының әлеуметтік жағдайы, ажырасудың себептері  секілді көптеген көкейкесті әрі қызықты сауалдарға берілген түрлі жауаптар негізінде статистикалық деректер дайындалған.

«ADAM DAMU Еуразиялық гуманитарлық орталығы» ҚҚ төрағасы Аида Әлжанованың айтуынша, қазіргі қазақстандық отбасылардың басым  бөлігі балалары үшін жауапкершілікті өз мойындарына алған, яғни олар мемлекетке алақан жайғаннан гөрі, балаларды тәрбиелеу мен материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету тікелей ата-ананың борышы деп есептейді. Респонденттер баланы өмірге әкелгеннен кейін оны асырау, тәрбиелеу, оқыту әрбір ата-ананың міндеті, ал мемлекет тек белгілі-бір көмек көрсетіп, демеуге мүдделі деп жауап берген. Ең қызығы – отбасын асырау ертеректе тек ер адамның мойнында деп есептелсе, қазіргі отбасылардың пікірінше,  жанұяның әлеуметтік жағдайына еркек те әйел де жауапты деп санайды екен.

«Қазақстандық отбасылардың қазіргі хал-ахуалына әлемде болып жатқан түрлі саяси, экономикалық, жаһандық өзгерістер, басқаша айтқанда «трендтер»  әсер етуде», дейді сарапшылар.

Сауалнама респонденттері отбасындағы басты құндылықты материалдық-әлеуметтік молшылық емес, махаббат пен адал сезім деп белгілеп, баяндама құрастырушыларын біршама таң қылдарған.

Жиын соңында сарапшылар отбасылық саясатты жүргізудің халықаралық тәжірибесін, қазақстандық отбасының құндылықтар жүйесін, олардың өзгеру тенденцияларын талқылап, спикерлер бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Британдық «The Economist» журналында қазақстандықтардың ажырасу деңгейі бойынша ондыққа кіретіндігі жарияланған. Қазақстандық отбасылар неге құлдырайды? Отбасын құруға қарағанда, ажырасу деңгейі неге жоғары? Қазақстандықтардың отбасында зорлық-зомбылыққа жол беріле ме? Халық мемлекеттік органдардың жұмысын қалай бағалайды? Осы және басқа да сұрақтарға жауаптарды «Қазақстандық отбасылар – 2019» алғашқы ұлттық баяндамасынан таба аласыздар.

Баяндама алдағы уақытта қалың көпшілікке жол тартпақ.

Үміт Жұмаділова

Бейнематериалды әзірлеген: Жанарбек Әлихан

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *