Әлеуметтік мәселелер талқыланды

151

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасында «Жамбыл облыстық, қалалық, аудандық қоғамдық кеңестері төралқаларының тең әрі әріптестік негізде аумақтық әдістемелік-үйлестіру кеңесінің «Қоғамдық кеңестердің дамуы» атты конференция өтті.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» атты жоба аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығының» ұйымдастыруымен өткен конференция жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам комитетінің бас сарапшысы Жанар Санаубаева қатысты. Жиынды Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің әдістемелік-үйлестіру кеңесінің төрағасы Жандар Кәрібайұлы жүргізді. Ол «өңірдегі қоғамдық кеңестердің күндерін» өткізу туралы баяндап, Қоғамдық кеңестің рөлін күшейтіп, арыз-шағымдарды жинақтау керегін айта кетті. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің ресми сайтында аудандарда қандай да бір күрделі мәселелердің шешіліп, сын-ескертпелер қалай орындалып жатқаны туралы ақпараттандырылып, жүргізілген жұмыстардың ашықтығы көрсетілуге тиіс екенін де ескертті. Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ президенті Исламбек Дастанұлы Қоғамдық кеңестердің 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында халық алдында есеп беру бойынша қоғамдық мониторинг жұмысының нәтижесі туралы баяндады. Жиын барысында әртүрлі мәселелер де талқыланды. Меркі аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Құралбай «Сұрат» ауылындағы әлеуметтік шиеленісті шешудің жолдарын ұсынды. Талас аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы қауіпті індет – есірткі затын анықтау үшін ауданда наркологиялық сараптама жасайтын орынның жоқ екенін айтты. «Есірткінің түрі өте көп, оның жеңіл және ауыр, өмірге қауіпті түрі көбеюде. Жеңіл есірткі денеге тез тарап кетеді. Қылмыс түнде болған жағдайда біз Тараз қаласына немесе Жаңатас қаласына жеткізгенше қан құрамындағы есірткі денеге тарап болады. Осыған орай, ауданнан арнайы штат бөліп, медицина саласынан мамандар берілсе деген ұсынысымыз бар. Қажет болса тиісті органдарға хат дайындауға дайынбыз» деген Талас аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ақынбек Бектай мәселе көтерді. Барлық ауданның ұсыныстары мен көтерілген мәселелерді облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы мақұлдап, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтынын жеткізді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *