«Ел ертеңін ойлаған — Елбасы» көрмесі ашылды

171

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Ел ертеңін ойлаған — Елбасы» көрмесі ашылды. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі  хабарлайды. 

Шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков ашып берді.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен, ілтипатымен байланыстыруға болады. Әркез бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Әзірет Сұлтан кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ең алдымен, 1985-1988 жылдары Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысады. Содан бері Елбасы тарапынан Әулие бабамызға тағзым ретінде саналатын игі жұмыстарға ақ жол ашылды деп есептеуге болады. Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ашылды. Сонымен қатар кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын  ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасап отырған қамқорлығының арқасында  «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе,- деді Мұрат Мейірбекұлы.

Жиынға қатысқан Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков те Елбасының қазақ елі үшін сіңірген зор еңбектері жөнінде айта келіп, жас жеткіншектерді елге қалтқысыз қызмет етуге, білімді, білікті болуға шақырды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістандағы тарихи кездесулерінің маңыздылығын жас жеткіншектерге көрсету мақсатында өткен көрмеге мұражай қорынан 50-ден аса жәдігер қойылды.

Оның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Р.Т.Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовтармен Түркістандағы екінші дүниежүзілік қазақтар құрылтайы, ресми кеңестері мен қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілінде «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Еуразия жүрегінде», «Бейбітшілік кіндігі», «Казахстанский путь», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім — тірегім», «Евразийский Союз идеи, практика перспективы», «Важнейшее условие интенсификации», «Идейная консолидация общества как условие прогресса Казахстана», «Стратегия трансформации общества и возрождение евразийской цивилизации», «Экономика Казахстана: реальность и перспектива становления», «Kutup Yildizi», «Nursultan Nazarbayev» кітаптары мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалары бар.

Шара Түркістан қаласындағы «Балалар мен жасөспірімдер» орталығының концерттік бағдарламасына ұласты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *