ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАЙЛЫ БОЛҒАНЫ ЖӨН

180

Нұр-Сұлтан қаласында «Төмен көміртекті дамуға арналған орнықты қалалар» ПРООН-ГЭФ жобасы «ҮЙ-ҚҰРЫЛЫС-Экспо. SmartСity-2019» көрмесі шеңберінде арнайы сессия өткізді. Онда мемлекеттік және жергілікті органдардың, ТКШ, ҮЕҰ, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, ғалымдар және журналистер көпқабатты тұрғын үйлерге термомодернизация технологиясын енгізу мәселесін талқылады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, біздің ғимараттарымыздың 70% қыс мезгілінде айтарлықтай жылу жоғалтады. Сарапшылар ғимараттарда жылу сақтау әлеуеті жылу энергиясының 20%-дан 50%-ға дейін құрайтынын анықтады. Олардың есептеуінше, ғимараттардың жылу энергиясын тұтыну деңгейі жылына 230-270 кВт сағ/м2 құрайды, ал орташа еуропалық көрсеткіш – 70-100 кВт сағ/м2. Бұл едәуір қаржы шығынына ұшыратып, отын көлемінің көп жұмсалуына байланысты біздің қалаларымыздың ауа сапасын айтарлықтай нашарлатады.

Ескірген тұрғын үй қоры тиісті энергия тұтыну деңгейін қамтамасыз ете алмайды әрі ғимараттарды термодернизациялау қажеттілігі өте орасан. Сарапшылар ғимараттарды нарықта қолжетімді энергия сақтау технологиясын қолдана отырып жөндеу жүргізуді ұсынады. Алайда жаппай термомодернизация жасау үшін қаражат керек, сондай-ақ энергия сақтау технологиясын ғана емес, ғимараттарды басқаруды да, тұрғындармен жұмыс жасауды ұйымдастыруды да терең білуді қажет етеді.

БҰҰ ДБ-ЖЭҚ «Төмен көміртекті қалаларды дамыту» жобасын жүзеге асыру арқылы мынадай нәтиже күтіліп отыр:көп пәтерлі тұрғын үй қоры мен оған тиесілі территорияны кешенді жаңғыртудан өткізу арқылы қоршаған ауаға шығарылатын парникті газдарды азайту және тәжірибені тарату. Пилоттық территория ретінде Нұр-Сұлтан қаласы Пушкин көшесіндегі 7 үй мен Жұбанов көшесіндегі 1; 3; 3/1; 3/2 үйлер орналасқан аумақ таңдалып алынды.

Бұл пилоттық жобаның мақсаты – қала территориясын басқару мен жаңғыртудың және қала тұрғындарына тұрақты, әрі сенімді қызмет көрсетудің кешенді тәсілдерін насихатау.

Жобаны іске асыру барысында пилоттық үйлер тұрғындарымен, «Луч-7» ПИК кездесулер өткізіліп, жобаның мақсаттары мен міндеттері түсіндірілген. Ғимараттардың энергия тұтынуы және ағымдағы жағдайы туралы мәліметтер жинақталып, энергия тұтыну және энергия үнемдеу мүмкіндіктерін көрсететін, техникалық шешімдер варианттары қарастырылып, нақты жоспар жасалған. Бұл жоспар қала әкімшілігіне таныстырылып, пилоттық территория тұрғындарымен кездесу өткізуге арналған мәліметтік парақшалар, билбордтар шығарылып, «Нұр-Сұлтан қаласының 2018-2020 жылдарға жасалған қала ортасын сауықтырудың кешенді жоспарына» енгізілген. Аула ішіндегі инженерлік коммуникацияларды ауыстыру және территорияны абаттандыру үшін қала бюджетінен 100 млн. теңге қарастырылған. Тұрғындар арасында жиналыстар өткізіліп, пилоттық жобаға қатысуға келісім беруі үшін сұраунамалар жүргізілген. Бүгінгі таңда қарастырылып отырған бес тұрғын үйдің келісімі алынған.

Жобалық құжаттарды жасауды талап етпейтін, энергия үнемдеуге септігін тигізетін іс-шаралар іске асырылған: подъездердің терезелері жаңартылып, жарық беру шамдары LED-шамдарына ауыстырылып, подъезд бойынша электр қуатын есептеу мүмкіндігі жасалған. Жертөлелерге терезелер, подъезд алдына тиімді жарық шамдары орнатылған. Бұл шаралар төрт үйде жасалып, бесінші үйде жүргізіліп жатыр.

Қатысушылар өткізілген сессия шеңберінде инвестициялау мәселесін талқылады, ғимараттарды термомодернизациялау және басқару бойынша нәтижелі тәжірибелерге шолу жасады, көпқабатты тұрғын үй қорының энергия тиімділігі проблемалары мен оларды еңсеру шараларын нақтылады.

Оған қатысқандар: мемлекеттік және жергілікті билік органдардың, энергетика және ТКШ басқармасының, тұрғын үй инспекцияларының басшылары мен мамандары, кондоминиум нысандары басқармасы органдарының жетекшілері (ПИК және т.б.), Тұрғындар кеңесі, ҮЕҰ, НПО, коммуналдық кәсіпорындардың басшылары мен мамандары, жобалау ұйымдары, басқарушы компаниялар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар, бизнес құрылымдары, энергия сақтаушы жабдықтарды өндіруші кәсіпорындардың басшылары, ЖОО, ҰЗИ ғалымдары.

БАҚ өкілдері үшін «Біздің өмірімізді қалай неғұрылым «жасыл» етуге болады?» деген тақырыпта медиа тренинг, пікірталас, талқылау өткізіліп, соңынан сертификаттар тапсырылды.

Меруерт Абдалиева

Нұр-Сұлтан қаласы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *