«Астана» телеарнасының Бас директоры Құрманбек Жұмағалимен кездесу өтті

71

2019 жылдың 29 қарашасында Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Астана» телеарнасының Бас директоры, белгілі тілші, медиа-менеджер және университетіміздің түлегі Құрманбек Жұмағалимен кездесу өтті.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған кездесудің мақсаты — жастардың рухани дүниетанымын дамыту үшін университет пен телеарна арасында байланыс орнату. Осы міндет аясында телеарна студенттер мен жас оқытушыларды отандық және әлемдік медиа нарықтың үздік жұмыстарымен таныстырады.

Шара басында ректор Такир Балықбаев пен «Астана» телеарнасының басшысы Құрманбек Жұмағали ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында Құрманбек Жұмағали Абай атындағы ҚазҰПУ студенттеріне шеберлік сабағын өткізді.  Танымал тілші өзінің жеке оқиғаларымен және кәсіби кеңестерімен бөлісті. Телеарна қызметі мен тілшілердің күрделі жұмысы туралы, әсіресе, белгілі бір бағдарламаны жүзеге асыру және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі қалыптастыру бойынша кеңестерін айтты.

Студенттерді кәсіби тілші қандай болуы керек деген сұрақ мазалады. Осы мәселе бойынша Құрманбек Жұмағали өз пікірін білдірді:

— Тілші ақпараттың «көмекшісі» болуы керек. Ол ақпаратты терең зерттеп, жетілдіруі керек. Рейтингке ұмтылу мақсатында адамдардың тыныштығын бұзатын хабарларды таратуға болмайды. Тілші үшін бірнеше сөзбен ақпаратты нақты жеткізе білу маңызды, ол барлығына түсінікті және қызықты болуы қажет.

Спикер ақпаратты дұрыс қабылдау, түрлі дереккөздерді пайдалану, құқықтық нормаларды білу керек екенін атап өтті. Барлық сұрақтарға студенттер Құрманбек Жұмағалидан толық жауаптар ғана емес, сондай-ақ нақты кеңестер алды.

Кездесу соңында естелік үшін ортақ фотосурет жасалды.

Римма Жанбаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *