«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Израильде өткен фестивальде үздік атанды

633

«Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі (режиссерлері — Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы) Израильде өткен Near Nazareth Festival кинофестивалінде «Үздік анимациялық фильм» жүлдесіне ие болды. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген, — деп хабарлайды kazgazeta.kz киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жыл сайын өтетін Near Nazareth Festival кинофестивалі елдер арасында достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен режиссерлерді өз алаңына шақырады. Бұл байқауға түрлі жанрдағы фильмдер қатыса алады. Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде барлық қатысушыларға арналған кино нарығы (онлайн) өткізіледі.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды.

Нұр-Сұлтан қаласында «Әмен» анимациялық фильмдердің республикалық фестивалі өтіп жатыр. Бұл жүлдені осы фестиваль кезінде алып жатқанымызға қуаныштымыз. Фильмнің түсіру тобын осы жүлдемен құттықтаймын. Бізге әрдайым қолдау көрсететін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Қазақфильм» киностудиясына алғысымды білдіремін. Қазақ анимациясы нық сеніммен алға қадам басып, халықаралық деңгейде танылып жатыр, — деді «Анимациялық кино» бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілдинов.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Мұзбалақ» фильмі Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы – «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған. Сонымен қатар, анимациялық туынды Ресейде өткен XVII Халықаралық «Алау рухы» («Дух  огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына қатысты. Одан бөлек, бұл фильм Ресейде өткен 14 Халықаралық «Отбасымен бірге» фестивалінде арнайы жүлдеге қол жеткізді.

Үстіміздегі жылы қазан айында Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде отандық мультфильм Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *