Қ.А.ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ «МУЗЕЙ ТҮНІ» ШАРАСЫ ӨТТІ

695
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Үлкен Ақсарай бөлмесінде құрылған «Түркістан – қазақ хандығының Ақ Ордасы» экспозициясының ресми ашылуы өтті, деп хабарлады Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тарихи бөлменің салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында қолға алынған «Музей түні» шарасы аясында өтті.
Жиын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандарының ордасы ретіндегі көрінісін келушілерге өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында дайындалған.
Шараға ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтары және студенттер қатысты.
Үлкен Ақсарай бөлмесі ХV-ХІХ ғасырларда сәулет өнерінде аса бағалы ескерткіш болып табылады. Бөлме бастапқы кезде дәруіштер жиналатын орын болса, ХVІ ғасырдың аяғынан ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін Түркістанда қазақ хандарының ордасы орналасқан кезде хан сарайының (ордасының) міндетін атқарған. Бұл бөлмеде саяси-дипломатиялық, әскери келіссөздер өткізіліп отырған.
Орыс деректерінде аталған бөлмеде 1694 жылдың 22 шілдесінде Тәуке ханның (1652-1717) орыс елшілерін қабылдағаны сипатталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы қазақтың бетке тұтарлары мен ақсүйектерінің мәжіліс өткізетін орны болды.
Экспозиция жобасын жасауда Х.Тұрсын, М.Қожа сынды тарихшы ғалымдардың кеңес пікірлері ескерілді», — деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.
Экспозициялық жоба орналасатын бөлменің жалпы ауданы – 125,1 шаршы метрді құрайды. Бөлменің архитектуралық құрылысы бес ойықтан тұрады.
Экспозицияда Түркістанда жерленген Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың жүзік бетіне күмістен түскен мөрлері, хандарға қатысты Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен хаттардың көшірмелері (муляждары), сондай-ақ, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, Ясы ақша сарайында соғылған мыс ақшалар, хан тағы, хан қылышы, садақ қорамсабымен, қару-жарақтар, құран кітабы, Қабанбай батырдың қанжары, ханның сусын ішетін ыдыстары сынды көптеген жәдігерлер орын алған.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *