АРХИВ ҒИМАРАТЫ МӘДЕНИ МҰРА ЕСКЕРТКІШІТЕРІНІҢ ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛДІ

2140

Алматы қаласында орналасқан Орталық мемлекеттік архивінің ғимараты Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне еніп, «Мәдени мұра» мәртебесіне ие болды. Осыған орай Орталық мемлекеттік архивінің ғимаратына арнайы таңба бейнеленген ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, «Қазқайтажаңарту» мекемесінің архитекторы Қанат Тұяқбаев, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, тарихшылар қатысты.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архиві 1921 жылы сол кездегі астанамыз Орынборда құрылған. 1927 жылы Алматы қаласына көшірілді. Бұл мұрағат еліміздегі ең көне және аса ірі архив мекемесі болып саналады. Оның қорында XVI ғасырдан бергі тарихты қамтитын құнды құжаттар бар. Ғимарат құрылысы да ерекше, Қазақстанда алғаш арнайы жоба бойынша салынған. Құжаттарды сақтау режимдерінің бәрі сақталған. Осы ғимараттың оқу залында белгілі ғалымдар Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Ермұқан Бекмаханов қазақ елінің тарихын зерттеген. Қазіргі уақытта ғасырлық тарихы бар архив Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды.

«Еліміздегі 25 мыңға жуық тарихи ескерткіштің 247-сі республикалық мәртебе иеленіп, арнайы мемлекет қорғауына алынған. Осы тізімге енгенінің арқасында осы жылы бюджет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді» — деді өз сөзінде Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры К.Сейітова.

Сондай-ақ іс-шара барысында кітапхананың жаңартылған оқу залы ашылды.

«Архив ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кем-кетігімізді түзеп, мейлінше өң беруге тырыстық. Оқу залын, акт залын жаңартып, кітапхана аштық. Спорт залын жөндедік. Ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарынан өзге, құжаттарды жинақтау, түрлі мекемелермен меморандум орнату, шетелдерге іссапармен барып қайту секілді ауқымды жұмыстар қолға алынды. Ал, енді жаңадан ашылып отырған кітапханамыздың маңызына келетін болсақ, бізде отандық және шетелдік зерттеушілер көптеп келеді. АҚШ, Германия, Италия, Австрия, Ресей, Оңтүстік Корея зерттеушілері тұрақты оқырмандарымыздың қатарында. Біз жөндеу жұмыстары барысында арнайы кітапхана ашу арқылы қазақ ғылымының мейлінше терең зерттелуіне мүмкіндік жасауды көздедік» — деді Орталық мемлекеттік архив директоры Арнұр Қарымсақов.

Шараға қатысушылар архив қызметкерлеріне арналған тренажерлық залды, кітапхананы, оқу залдарын аралап көрді. Жалпы, архивте зерттеушілерге жақсы жағдай жасалған. Ұлттық нақыштағы оқу залында жайғасып отырып жұмыс істеуге болады.

Дина Имамбаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *