Курсанттар балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жылмен құттықтады

514

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары қызықты мерекелік бағдарламамен №1 Алматы облыстық балалар үйіне барып, Жаңа жылмен құттықтады. Бұл туралы РЭжБӘИИ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылды, курсанттар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Балалар ерекше көңіл-күйге, шаттыққа бөленді, әр түрлі сайыстарға, ойындарға қатысып, ән шырқап, би биледі, тәтті сыйлықтарға ие болды.

Әскери институт бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Дархан Үмбетов Жаңа жыл қарсаңында балалар үйіне кеп, оларға сыйлықтар таратып, құттықтау әскери мекеменің дәстүрлі шарасы.

«Ата-анасының жылуын көрмей өсіп келе жатқан балалар әрқашан аялы алақанның жылуын аңсап тұрады. Бұл мерекелік шараға курсанттарымыз ерекше ықыласпен дайындалды. Болашақ офицерлер ертегілер әлеміне саяхат жасатып, мерекелік көңіл-күй сыйлады», — деп атап өтті ол.

Балалар үйінің директоры Гүльмира Қондыбаева әскери институтпен ынтымақтаса жұмыс жүргізілген жылдар ішінде тәрбиеленушілердің әскери қызметке ынтызарлары ауып, әскери қызметшілерді өздеріне үлгі тұтып, болашақта Отан қорғайтын офицер болсақ деп армандайтындарын жеткізді.

«Айналаңдағыларға мейірім сыйлап, жүрек жылуымен бөлісу өте маңызды іс. Әсіресе, балалар жан жылуын аңсайды. Жанашырлық пен қамқорлық мерекелермен қоса аяқталмауы тиіс, оның шектеуі жоқ», — дейді курсанттар.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері мен курсанттары әртүрлі қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде қатысып, аянбай көмек көрсетіп келеді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *