Атырауға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі келді

287

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішов №3 қалалық емханаға барып, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстан Республикасы бойынша  2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру жобасы іске қосылды.  Осы мақсатта Атырау облысына іссапармен келген Денсаулық сақтау вице-министрі  емхана мен аурухананың жұмыс барысымен  танысты.
– Еліміздің барлық ауруханалары мен емханалары толыққанды цифрландыру жүйесіне көшті. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы іске қосылды. Бұл бастама арқылы әр емделуші жылына 19 мың теңге төлеп, бір жыл медициналық қызметтерді тегін ала алады. Ал, 15 санат бойынша, яғни, әлеуметтік деңгейі төмен немесе көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, оқушылар,  жүкті әйелдер және т.б емделушілер мәртебесіне қарай тегін медициналық көмек алады. Олар үшін мемлекет төлейді. Ол үшін өзінің тұрақты тіркелген емханасына барса болғаны, – деді  ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішов.
360-қа жуық қызметкер жұмыс істейтін №3 қалалық емхана бүгінде толықтай цифрландырылып, көрсетілетін барлық қызметтер оңтайландырылған. Емхана директорының айтуынша,  қазіргі таңда емханада 43 мыңнан астам адам тіркеуде тұр.
– 2017 жылы біз пилоттық режимде электронды кезекті іске қосқан болатынбыз. Электронды жүйеге көшу арқылы қағаздан құтылдық. Оған қоса, рентген, флюорография, басқа медициналық қондырғылар мен жабдықтар цифрлы жүйеде жұмыс істейді, деді  №3 қалалық емхана директоры Айман Өтегенова.
Денсаулық сақтау вице-министрінің Атырау облысына екі күндік жұмыс сапары барысында №2 облыстық аурухана, Атырау облыстық перинаталдық орталығы, Индер аудандық ауруханасына бару және бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *