Әлемнің 20 тілінде жарық көрген альманахтың тұсаукесері өтті

2067

Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық Кітапханасында «GALAMSHAR ADEBIETI – GLOBAL LITERA» атты əлем әдебиетінің жауһарларына арналған альманах журналының тұсаукесер рәсімі өтті.

Альманах Әлем Халықтары Жазушылары Одағының меншікті басылымы, Одақ осыдан бес жыл бұрын, яғни 2014 жылдың 18 қыркүйегінде ақын, сазгер Қайрат Дүйсен-Парманның бастамасымен құрылған.

Салтанатты шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбекұлы ашып, сөз кезегін тұсаукесердің модераторы, танымал диктор Аманжан Еңсебаевқа берді.

Бүгінгі шара қазақ рухани, мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп есептеймін. 2014 жылдың 18 қыркүйегінде құрылған Әлем Халықтары Жазушылар Одағы қоғамдық бірлестігінің қолдауымен əлемнің 20 тілінде: қазақ, орыс, украин, ағылшын, араб, әзірбайжан, бенгал, вьетнам, испан, индонезия, малайзия, италян, қытай, қырғыз, неміс, парсы, партугал, француз, өзбек, хинди, түрік, жапон тілдерінде жарық көріп отырған тұңғыш басылым. Журнал 3 айда 1 рет шығатын болғандықтан, яғни өткен жылғы 4 нөмірі түгел жарыққа шықты. Журналдың жалпы көлемі 40 баспа табаққа таяу. Әлем Халықтары Жазушылар Одағының 94 мемлекетте өкілдері мен мүшелері бар. Солардың ішінен 55 мемлекеттен ақын-жазушылардың туындылары осы журналға енгізіліпті. Қазақ әдебиетін, қазақ жазушылары еңбектерін әлемге танытуда бұл басылымның алдағы болашағы зор, — деді Аманжан Еңсебаев.

Əлем Халықтары Жазушылары Одағының президенті Қайрат Дүйсен-Парман журналдың тарихына тоқтала келіп, Одақтың осы уақытқа дейінгі атқарған жұмысы жайлы айтып өтті:

Алғашында бесіктегі бала секілді одағымызды тек ондаған бастамашылар мен санаулы қалмгерлер ғана танып-білсе, бірте-бірте шетелдерден өзге өкілдері мен мүшелері тартылып, бүгінгі таңда бірлестігіміз дамып, әлемнің 94 мемлекетіне қанатын жайып отыр. Қазақстандық және дүниежүзілік одақ мүшелерін ынталандыру мақсатында дүниежүзілік поэзия фестивальдарын, халықаралық байқауларды, онлайн және басқа да шараларды өткізіп келе жатқан біршама мәдени іс-шараларымыз бар. Осы бес жылдың көлемінде арнайы веб-сайтымызға барлық қаламгерлеріміздің өмірбаянын шамамыз келгенше шет тілдеріне де аударып жариялап келдік. Екінші жағынан, бүгінгі таңда дүние жүзінде ең танымал деген қаламдас әріптестерімізді Əлем Халықтары Жазушылар Одағының атынан марапаттауды 2017 жылдан бері қолға алғанбыз. Мысалы, алғашқы жылдары қазақстандық ондаған қаламгерлеріміз бен дүние жүзіне танымал 30-ға жуық қаламгерге «Әлем әдебиетінің лауреаты», «»Ғаламшар мақтанышы» деген көптеген әдеби сыйлықтар берсек, 2018 жылы осындай сыйлықтармен ең танымал 100-ге тарта қаламгерлерді  марапаттадық.

Биылғы жылы Мемлекет басшысы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175-жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойғаны баршаға аян. Сондай-ақ, ұлы ойшыл, ғұлама Əбу-Нəсір Əл-Фарабидің 1150 жылдығы. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мерейтойы журналдың шығармашылық тобының назарынан тыс қалмаған.

Журналдың негізгі ұстанымы — Қазақстанның авторларын дүние жүзіне, ал дүние жүзінің ең танымал авторларын Қазақстанға таныту. Осындай ізгі ниетті мақсат еткен бірлестігіміздің жүрек соғысын әлемге естірту үшін «Galamshar adebieti – Global litera»  альманах журналын ашуымыз қажет болды. Жаңа журналымызға «Əдебиет жауһарлары» айдарымен Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштеріндегі жазылған ежелгі поэзиядан бастап, кешегі Әбділдә Тәжібаевқа дейінгі 14 автордың  туындылары жарияланды. Міне, солардың арасында биылғы жылы мемлекетіміз ЮНЕСКО деңгейінде 1150 жылдығын атап өтетін Әбу-Нәсір Әл-Фарабидің шығармалары және портретін, 175 жылдығы аталып өтетін ұлы Абайымыздың өлеңдерін, жеке портреттерін журналға енгіздік, — деді Қайрат Дүйсен-Парман.

Журнал Одаққа мүше қазақстандық қаламгерлердің жəне əдебиет жанашырларының қаржылай  қолдауымен жарық көріп отыр.

Игі шараға  БҰҰ өкілі Әбен Нұрманов, Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдігінің Басқарма Басшысы және Саяси тобының жетекшісі Алмаша Аренова, Үндістан Бас Консулыдығының дипломаты Мартин Сирияк Клеманс, Өзбекстан Бас Консулдығының дипломаты Дилшот Сабиров, Қырғызстан Бас Консулдығының дипломаты Сейдалиева Жұлдыз және  белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысып, жаңа басылымға деген жылы лебіздерімен бөлісті.

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері» ЖШС

Суреттерді түсірген:

Ерсұлтан Орынбай

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *