Абай мұрасына арналған әдеби орталық ашылды

556

Ұлттық поэзияның ұлы кемеңгері, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақын мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы рухани ошақ – Ұлттық кітапханада ауқымды шара өтті. «Қазақстан кітаптары» оқу залында Абай әдеби орталығы салтанатты түрде ашылып, оған ақынның ұрпақтары мен белгілі қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері және де Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Әуезов Мұрат Мұхтарұлы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев, академик Оразалы Сәбден Абай әдеби орталығының лентасын қиып,  ресми түрде ашыты. Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы, акын Талант Арынғали орталықтың тұсаукесеріне арнау айтып, әуезді жырымен шашу шашты.

Алматы  қаласы әкімдігінің кеңесшісі Данияр Әлиев: «Абай атамыз бізге бұйырған үлкен бақ, бізді жаһанданудан сақтайтын ұлы құдіретті күш -Абайдың мұрасы. Сондықтан да Алматыдай алып шаһарда, өнер ордасы ұлттық кітапханада ашылып жатқан орталық қазақ руханияты үшін жасалған үлкен бастама деп білеміз», — деді.

Мұрат Әуезов: «Абайдың шығармашылығы – мәңгілік мұра» десе, Смағұл Елуай Абайды зарзаман ақындарының жалғасы дей келе, «біздің бүгінгі күнімізді көрсе, 70 жылдық езгіден өтіп, оңала алмай, тілі мен діні жоқ халықты көрсе қайғысы екі еселенер еді», — деді. Сондай-ақ, Смағұл Елубай ақынның мерейтойы бір күндік жоба емес екенін, ақынның шығармаларын өзге тілге аударуда науқаншылдыққа салынып, шалажансар дүние жасаудан сақ болу керектігін ескертті.

Әдеби орталықта ұлы ғұламаның өмірі мен шығармашылығына арналған материалдар, әлем халықтарының түрлі тілдеріндегі аудармалары, белгілі абайтанушылардың, филологтар мен жазушылардың еңбектері, электрондық және музыкалық басылымдар қойылған. Алдағы уақытта орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен толықтырылып отырады.

Салтанатты шара барысында ұлы ақынның өлеңдері әр тілде оқылып, әндері орындалды. Сонымен қатар, Абай мен Мұхтар Әуезовтің туыстары, жақындарының естеліктері тыңдалып, көпшілік назарына кітап көрмесі ұсынылды.

Материалды әзірлеген:

Гауһар Түстікбаева,

Бейнематериал мен суреттерді түсірген:

Жанарбек Алихан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *