Қазақстандағы цирк өнері жайлы кітап жарыққа шықты

871

Алматыда қазақ тілінде тұңғыш рет цирк өнері жайлы жазылған кітап жарыққа шықты. Монография авторы —   мәдениеттанушы, театртанушы-сыншы Нұрбақыт Бөкебаев. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты кітабының тұсаукесеріне өнер иелері, БАҚ өкілдері және өзге де қонақтармен қоса Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің артистері қатысты.

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Нұрбақыт Бөкебаевтың «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты ғылыми монографиясы автордың осы салада қызмет ету барысындағы талай жылғы еңбегі мен кәсіби ізденісінің жемісі. Ұлт пен тіл таңдамайтын, кез келген жастағы көрерменнің басын біріктіріп, қайталанбас сиқырлы қасиетімен ерекшеленетін әмбебап өнердің қазақ даласына келгеніне 50 жылға таяпты.  Дегенмен, Қазақстан ғылымында цирк өнерін зерттеп, зерделеп жазған қазақ тіліндегі танымдық еңбек жоқтың қасы.

Алматы қаласында орналасқан өнер ордасы — Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген монография осы орайда қолға алынған игі бастама болды. Үш бөлімнен тұратын еңбекте дала мәдениетіндегі цирк өнерінің бастауларынан бастап, сал-серілік дәстүрдің цирк өнерінің қалыптасуындағы әсері, ұлттық цирктің көрнекті өкілдеріне қатысты көптеген қызықты фактілер келтірілген.

Мәселен, цирк өнері бүкіл әлемге ежелгі Мысырдан тарағандығы, тотемдік акробатиканы меңгерген алғашқы қауымдық дәуірдегі бақсылардың жоралғылары жаңа әлемдік дндердің пайда болуына байланысты кезбе сиқыршы, секіргіш адамға, жонглерге, мимге, аң үйретушіге, атбегіне, күлдіргішке айналғандығы, «цирк» сөзінің шығу тегі туралы кітапта өте қызықты мағлұматтар берілген.

Отандық цирк өнерінің өткені мен бүгіні жайлы нақты деректермен жазылған монография ұлттық мәдениеттанудағы баға жетпес құнды еңбек екені даусыз.

Гауһар Түстікбаева

Суреттерді түсірген: Азамат Құсайынов




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *