Елордада аутизм дертіне шалдыққан балаларға қандай көмек көрсетіледі?

845

Нұр-Сұлтанда «Орда» қоғамдық бірлестігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен аутизм диагнозы бар балаларға тегін арнайы қызметтер көрсетеді. Жыл сайын орталыққа 200-ден астам бала келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 2016 жылдың 4 қазанынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Орда» қоғамдық бірлестігінде логопед, психолог, бейімделген дене шынықтыру сабақтары өтеді. Сонымен қатар, «Фламинго» фитнес-орталығында жүзуден тегін секция қарастырылған. Орталық басшысы Салтанат Есмағанбетова арнайы дәрістер аптасына 3 рет 1,5 сағаттан өткізілетіндігін айтып өтті. «Біздің орталыққа келген балалардың 80 пайызының дамуында оң өзгерістер байқалады. Бізге мүлдем сөйлей алмайтын, ДЦП диагнозы бар, аутизмге шалдыққан балалар келетін. Бұл балалар бізге келгелі бері алғашқы қадамдарын жасайтын болды. Оң өзгерістер негізінен эмоционалды тұрғыда. Себебі, аутизм – психологиялық мінездің бұзылуы. Бізге келген ата-аналар кеткісі келмейді. Тіпті, кезек күтіп тұратындар бар. Бұл біздің мамандардың жоғары деңгейлі екенінің белгісі болса керек», – дейді Салтанат Есмағанбетова. Орталық мамандары 2017 жылы Түркиядан аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеудің халықаралық тәжірибесін үйреніп келген. Салтанат Есмағанбетованың айтуынша, қажет жағдайда ата-аналарды әлеуметтік қызметкер етіп жұмысқа алуға жәрдем ететінін жеткізді. Олар негізінен баласының аутизм диагнозын жаңадан білген ата-аналарға психологиялық көмек көрсетеді. «Әрбір әлеуметтік қызметкер өзіне тиісті балалардың үйіне барып, бос уақытын өткізеді. Осы үшін жалақы алады. Аутизмнен жазылатын дәрі-дәрмектер жоқ екенін есте ұстаған жөн. Тек баланың дамуына көмектесетін арнайы дәрістер ғана бар. Мысалға сөйлей алмаса сөйлеп кетуі, өз киімін кие алмаса, киіп үйренуі мүмкін», — деді ол. Ата-аналар баласының диагнозын білгеннен кейін ем-дом шараларын бірден іске асыруы қажет. Әлеуметтік орталықтың мәліметі бойынша балалардың тек 10 % ғана жалпы білім беретін мектептерге немесе инклюзивті сыныптарға барады екен. Себебі, олардың 70 % аутизмнің ауыр түріне шалдыққан.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *