Азат РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Әкем «Түркістаннан театр ашпай, ешқайда қайтпаймын» дейтін

959

Қазақ өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып, аядай ғана Түркістаннан ­талантты актерлерді шығарған, бар өмірін өнерге, бар күш-қуатын туған жерінен театр­ ашуға жұмсаған актер-режиссер Райымбек Сейтметовтың есімі күллі қазақ еліне жақсы таныс. Қазақ КСР-нің Халық артисі, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Райымбек Ноғайбайұлының өмір жолы туралы жазуды көптен бері жоспарлап жүргенбіз. «Ана тілінің» «Әкесі жақсы қандай-ды» айдарына кейіпкер болған асылдың сынығы Азат Сейтметов әкесінің әкелік, азаматтық болмысын әңгімелеп берді. Атасының атын ешқашан атамайтын келіні Данагүл Темірсұлтанова да естеліктерімен бөлісті. 

ТІЛГЕ ҚАТТЫ МӘН БЕРДІ…

Әкем Кентау қаласынан, анам Жамбыл­ облысынан Алматыға оқуға келіп, осында­ ­табысыпты. Содан мен 1964 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында дүниеге келдім. Әкем – актер-режиссер, анам – дәрігер. Екеуі де қызметте. Содықтан мен мектепке дейін нағашы ата-әжемнің қолында өстім.
Ал мектепке баратын кезде, 1972 жылы ата-анамның қолына келдім. Ауылда өскен соң, тілім қазақша шықты, орыс тілін мүлде түсінбейтінмін. Қалаға келген соң, орысша үйренсін деп орыс балабақшасына берген екен. Кейін әкем күліп айтып жүрді, бір-екі апта барған соң, ата-анама «мен ол жерге бармаймын, ешкім қазақша сөйлемейді, ешкіммен ойнай алмаймын, өздерің барыңдар» деп қиғылықты салыппын. Соған риза болған әкем мені №12 қазақ мектебіне берді. Ол кезде баланы қазақ мектебіне беру үлкен мәселе болатын. Адамның алдымен қазақ тілін емес, орыс тілін білуі міндетті еді. Бірақ зиялылардың көбісінің балалары мен оқыған мектепте оқыды. Ол кезде Алматыда №12 қазақ мектебі және №4 қазақ мектеп-интернаты болатын.
Қазақтың рухы тіл ғой, әкем тілге қатты мән берді. Өзі ешқашан орысша­ сөйлемейтін. Қазақтың сүбелі-сүбелі сөздерімен сөйлегенде, әңгіменің майын тамызып айтатын. Сондықтан болар, ол кісі кейін немерелерінің де тілі қазақша шығып, қазақ тілінде білім алғанын қалады. Осындайда­ тұңғышымыз Айшаның мектепке бару оқиғасы жиі ойға оралады. Кез келген ата-ана баланың мектебі үйдің жанында болғанын, жақын жерден барып-келгенін қалайды ғой. Біз Данагүл екеуміз де артист болған соң, тіпті үйге жақын мектеп болса­ дедік. ­Содан анасы үйге жақын жерден мектеп іздеп, бір көше ғана ары орналасқан гимназия тауып келіпті. Дастарқан басында әкем «Айшаның мектебін реттедіңдер ме, қайда оқитын болды?» деп сұрады. Данагүл «Иә, үйдің мына жанында орыс гимназиясы­ бар екен, соған сөйлесіп келдім, соған беретін шығармыз» деп айтып жатыр. Сонда әкем қолындағы шайын ақырын қойып, қабағы түнеріп біраз үнсіз отырды. Сосын барып «Иә, дұрыс істепсіңдер, орыс мектебіне беріңдер. Баланы шүлдірлетіп, ана тілін ұмыттырып, тегімен орыс қылыңдар. Дұрыс істепсіңдер, балалар, ризамын!» деді. Сол кезде барып бір нәрсені дұрыс істемегенімізді түсініп, кешірім сұрадық. Қазақ мектебін қарастыратынымызды айтып, ұяттан өртене жаздадық. Содан кейін бұл мәселе біздің отбасымызда талқыланбайтын болып, балаларымыздың бәрі қазақ мектебінде білім алды.
Әкем таза өнердің адамы ғой. Ол үй шаруа­сына, бала тәрбиесіне аса араласа бермейтін. Шеге қағып көрмеген нағыз ақсаусақ кісі еді. Үй шаруасын анам өзі мойнына алған, ал бала тәрбиесінде анам мен әжем үлкен рөл атқарды. Дегенмен әкем жұмсақ адам еді, бізге ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін.
Ғ.Мүсірепов театрының дүркіреген тұсы – сол әкемнің еңбек еткен жылдары деп білемін. Ол кісі үлкен тұлғалар туралы, қазақ, орыс, шетел классикаларын қойды. Сондықтан әкемнің көп уақыты жұмыста өтетін. Ал ол кісінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, біздің тәрбиелі азамат болып өсуіміз анамыздың еңбегі деп білемін. Анамыз қазіргі кей әйелдер сияқты «Мына балаңмен сөйлес, менің шамам келмей­ ­жатыр, тәрбиеле» деп жауапкершілік артпаған. Өзі дәрігер, жұмысын да істеп, үй шаруасын да атқарып, қонағын да күтіп, әкеме келетін зиялыларға да күліп қызмет етіп, барлық жағдайды ­жасайтын. Өзі үндемей жүріп үлкен шаруаны бітіретін.
Әкеміздің достары өте көп болатын. Кез келген ортаға тез сіңіп, тез тіл табысатын. ­Кез келген жерде өзін еркін сезінетін. Сондай жақсы қасиеттерінен ­болар, адамдар оған тартылатын. Сондықтан біздің үйде зиялылардың бәрі болды ­десем, қателеспеймін. Тіпті Мәскеудің театрлары Алматыға гастрольмен келген кезде біздің үйден шай ішпей кетпейтін. Ал өте жақын достарының орны бөлек. Мысалы, Қадыр аға Мырза-Әлімен жас кезінен дос болды.­ Олардың достықтарының өзі ерекше басталған. Әкем қара сөзге, өлеңге өте жақын еді. Қадыр ағамыздың өлеңдерін сүйіп оқып жүріп, ақынмен танысқысы келіпті. Орайы келгенде: «сізбен танысқым келеді, жақын араласқым келеді» деп үйіне іздеп барған. Сол достықтары ғұмырлық болды.
Дәл осыған ұқсас тағы бір достық оқиғасы бар. Театрдың дүркіреп, «Беу, қыздар-ай» фильм-спектаклінің шыққан кезі. Әкемнің жерлесі Әшірбек аға Сығай өмірінде көрмеген режиссерге хат жазыпты. Хатында өнерге барғысы келетінін, мәдени ортада болғысы келетінін айтқан. Сонда әкем «Келе ғой, ­бауырым, саған көмектесейін, сені дайындайын»­ деп жауап жазған екен. Содан Әшірбек аға Алматыға келіп, институтқа түсіп, әкем екеуінің достығы өмірлік болды. Сәбит аға, Асанәлі аға, Фарида апай, Нүкетай апай, бәрі курстас, бірге оқыған. Олардың курсы театр өнеріне еңбек сіңірген үлкен курс болды. Әкем айналасына өнерден ғана адам жинаған жоқ. Оның жан-жақта, түрлі салада достары өте көп болды.

ӨНЕРГЕ ЕКІ РЕТ КЕЛДІМ…

Негізі менің мамандық таңдауыма әкемнің ықпалы болғаны рас. Мектеп бітірерде бірнеше сыныптас достарыммен бірге әскерге барамыз, әскери адам боламыз деп жүргенбіз. Бірақ әкем тікелей айтпаса да, оның көзінен өнерге барғанымды қалайтынын көретінмін. Ал нақты уақыты келгенде мен әскерге барамын деп ем, әкем «балам, сен өнерге түсіп, бір жыл оқып көр. Ұнамаса, өзің басқа институтқа тапсыра бересің» деді. Содан мен сықақ, монолог жаттап дайындала бастадым. Сонда кей жерін әкемнен «мына жерін қалай оқиды, мына жерінде не істейді?» деп сұрасам, ол кісі «өзің қалай ойлайсың, солай істе» деп қана айтатын. Көмектесуге, демеп жіберуге тырыспайтын. Баласының әр нәрсеге өз еңбегімен жеткенін мақсат етті. Әйтеуір мен оқуға қабылдандым. Кейін жоғары оқу орнын бітіріп, еңбекке араласқанда да әкем шаруама көп араласпады. Режиссер болып жүргенімде де «әке, спектакльдің мына жерін қайтсек болады?» деген сияқты кеңес сұрасам, «өзің ойлан, режиссері мен емес, сен ғой» дейтін. Міне, әкенің осындай қаталдығы менің кез келген нәрсеге маңдай термен, өз еңбегіммен жетуге талпынуыма көмектесті.
90-жылдары қиын кезең болды ғой. Жалпы­ театрда ғана емес, елдің экономикасында да, ел ішінде де тоқырау жылдары еді. Сол кездерде он жылдай өнерден қол үзгенім бар. Қолымнан келген жұмыстың бәрін істедім. Бала-шағаны асырау керек, тіршілік ету керек болды. Такси жүргізушісі болдым, үйлерді жөндедім, бетон құйдым, құрылысқа шықтым. Сол жылдары қазіргі әл-Фараби даңғылындағы Нұр-Мүбарак мешіті салынып жатқан, сол мешіттің бетонын құйдық. Кейін достарыммен бірігіп, бизнеспен айналыстық. Сол бизнестің арқасында ел қатарына қосылып, пәтер алып, жағдайымызды түзеп алдық.
Әкем марқұм «әр жұмыстың басын бір шала бермей, өнерге қайтсаңшы, сенің орның театр ғой» деп айтып жүрген. Менің 2000 жылы өнерге оралуымның өзі қызық болды. Бұған дейін бірнеше фильмге түскем. Сол кездердегі суреттерімді көрген режиссерлер Алексей Григорьев (II) пен Галина Ефимова­ «осы актерді табыңдар» деген тапсырма беріпті. Ол кезде сериал түсіру енді басталған, алғашқы «Перекресток» сериалынан басқа сериал жоқ. «Саранча» сериалын түсіруді қолға алған продюсер Абай Қарпықов мені шақырды. Мен өнерден кеткелі көп болды деп, ұсынысты біраз қабылдамай жүрдім. Әкем бір келіп айтып кетеді, анам келіп айтады, Данагүлдің анасы келіп түсіндіреді. Ешқайсына көнбей жүргем. Соңында ­жарым Данагүл шықты «Азат, бірге барып, бірге жүреміз ғой. Ұсынылып отырған рөл де осал емес, майор Мирза Матажановтың рөлі. Көрші» деп болмады. «Саранчаға» шақырғанына әкем ерекше қуанып ­«балам, бара ғой» деп өтініп жүрді. Осылай өнерге қайта келіп, міне, бүгінгі күнге жетіп отырмыз.­
Әкем Данагүлді менен артық жақсы көрді, өз қызындай көретін. Кейде үйге телефон соғып «қызым, ана күйеу баланы шақырып жіберші» дейтін. Өзі қалжыңға сондай жақын адам ғой. Данагүлді таланты үшін де ерекше сыйлайтын. Мен жұмыспен көбіне сыртта жүрем. Әкем мен келіні отырып шай ішіп, әңгіме айтып отыра беретін. Келініне деген ерекше ықыласын мына бір оқиғадан анық көреміз және әрдайым еске алып отырамыз. Бірде «Тамашаның» ұжымы Ақтөбеге гастрольдік сапарға бара жатқан. Ол кезде әкем Түркістанда тұрушы еді. Данагүлмен телефонмен сөйлескенде Ақтөбеге бара жатқанын естіп, пойызын, вагонын сұрап алған екен. Содан Алматыдан шыққан пойыз Түркістанға 15 минут аялдағанда, «Тамашалықтар» тыныстауға сыртқа шығады. Содан тура вагонның алдында аппақ көйлек, аппақ шалбар киіп алған, жанында тор қалтаға толтырып алған қауын-қарбызы бар әкем тұр екен. «Тамашалықтар» шулап, «мұнда Райымбек ағамыз тұр ғой», «Данагүл, сыртта Райымбек ағамыз тұр» деп жатады. Данагүлдің өзі аң-таң. Келінінің маңдайынан сүйіп, жолда азық қыласыңдар деп әкелгенін тапсырып, шығарып салыпты. Осы оқиғаны «Тамашалықтар» әлі күнге дейін айтады.
Екі қызым дүниеге келгенде тегіне аса араласа қоймады. Қыздарымның тегі Сейтметова.­ Ал ұлым дүниеге келгенде тегіне Райымбек Қайсар Азатұлы деп өзі жаздырды. Бірақ Данагүлге қиын болды, ұлының тегін айта алмай, құжатын көрсетіп жүрді. Ол үшін Райымбек даңғылы әлі де «Ташкентская» деп аталады. Атасының атын ешқашан атаған емес.

ӘКЕМНІҢ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР – КӨҢІЛГЕ МЕДЕУ

Әкемнің арманы туған жерінен ­театр ашу болды. Ал адамның арманы орындалғанда, оның әсері қалай болатынын елестетіп көріңізші. 90-жылдары елге кетіп, еңбек етемін деп шешкен әкем театр ашқанға дейін көп қиындық көрді. Ол кезде Түркістанда газ, жарық, су жоқ еді. Жарықты кешке екі сағатқа ғана береді, суды аптасына бір-ақ рет береді деген сияқты. Әкем университеттен өнер кафедрасын ашты. Жаңа ашылған кафедрада өнерді оқытатын оқытушы да тапшы болған. Әкем көп дәрісті өзі өткізіп, «Сахна тілінен» де, «Актерлік шеберліктен» де өзі оқытып, әйтеуір алғашқы түлектерін шығарды. Ашылған кезде ол Түркістаннан Кентау қаласына көшірілді. Сондай қиындықтың бәрінен өтіп, Айдар ­Наурызбаев, Бауыржан­ Нұрымбетов, Нұржан Төлендиев, Жұлдызай Дүйсенбиева сияқты талантты актерлерді дайындады.
Бірде гастрольдік сапармен жүріп, Данагүл екеуміз әкеме бардық. Сондағы ол тұрып жатқан үйді көріп, жүрек ­ауырды. Тастай суық. Екі-үш қабат көрпе жамылып ұйықтағанбыз. Біз келген соң айналадағы ағайын-туыс жиналып, қазан асылып, шай ішілгенде үйдің іші жылып сала берді. Ертеңіне әкем бізді кафедрасына қонаққа шақырып, студенттермен кездесу ұйымдастырды. Сол кезде де: «Әке, мынадай жағдайда қалай тұрасыз, бізбен қайтыңызшы» дегенбіз. Алматыдағы өнердегі достары барғанда да «Рәке, бұлай қашанғы өмір сүресің? Сенің орның ­Алматы ғой, қайтсаңшы» деп ­айналдырады екен. Сонда әкемнің бәрімізге берген жауабы бір: «Мен туған жерге ­туымды тігем деп келгем. Түркістаннан театр ашпай, ешқайда қайтпаймын» дейді. Сөйтіп жүріп студенттерімен бірге ­театр ашты. Түркістанда театрға беретін ғимарат жоқ, оның да әуре-сарсаңы көп болған көрінеді. Соны реттеймін деп жүріп, бірнеше рет көңілі түсіп келгені есімде. Кейін теміржолшылардың клубы­ беріліп, оның сахнасын жасап, театрды ашты. Түркістандықтардың бақытына орай, дәл сол кезде Елбасы Н.Назарбаев оңтүстік өңірде іссапармен жүр екен. Арнайы шақырудан соң, Түркістандағы театрдың ашылуына­ 15 минутқа кіріп шығатын болыпты.­ ­Ел-жұрт болып күтіп алған Президент 15 минут емес, тапжылмай екі сағат отырып спектакльді тамашалаған. Ол кезде біз де болдық. Қойылым соңында сахнаға шығып құттықтап, барлық актерлердің қолын алып, бірге Әнұран орындады. Бұл көрініс барлық түркістандықтардың әлі күнге көз алдында деп ойлаймын.
Қазір Түркістанда Райымбек Сейтметов­ атындағы сазды драма театры бар, алдында­ әкемнің ескерткіші орнатылған. Өзі тұрған үйін музейге айналдырып, өмір бойы қолданған барлық затын, киім-кешегін соған өткіздік. Енді Түркістан қаласы ­облыс орталығы болғаннан кейін театрға жаңа ғимарат салынады, жағдай жасалады деген жақсы хабарлар бар. Әкем туралы естеліктерді еске алғанда көңілге медеу ­болатыны осы.

 

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ




One thought on “Азат РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Әкем «Түркістаннан театр ашпай, ешқайда қайтпаймын» дейтін

  1. Сардар

    Дұрыс, бірақ үстіртін.
    Себебі, Билік халықта, ҚАЗАҚТА болмай, қазақтың мұң-жырына тек ҚАЗАҚ жауапты болмай, ешқандай БИЛІК жауапкершілік сезінбейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *