Абай мұрасы – Еуропа төрінде

1478

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қазақтың бас ақынын «әлемдік мәдениеттің тұлғасы» деп баға берген болатын. «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлайды», – деуі ұлы ойшылды жақсы танып, жоғары бағалағанының көрінісі. Ел Президентінің сөзін іске жалғаған Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрлігі және бірнеше шет елдердің елшіліктерімен байланыса отырып «Абай» мәдени-ақпараттық орталықтарын өзге мемлекеттерде ашу бастау алды. Соның бірі – Чехия астанасы Прага қаласындағы Клементинум Ұлттық кітапханасындағы орталық. Қазақстан Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының бастамасымен өткен шараға екі елден лауазымды тұлғалар қатысып, жиынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

«Абай» мәдени-ақпараттың орталығының шымылдығын елші Марат Тәжин ашты. Алғысөзінде ұлы ойшылдың тағылымды мұраларын әлем назарына ұсынудың маңызымен бөлісті. Сөз арасында Чехия ұлттық кітапханасына алғыс білдіріп, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың дами түсетіндігін тілге тиек етті. Сөз кезегін алған Чехия Республикасы Парламентінің депутаты Станислав Беркувич қазақ жұртын жақын тануға үлкен жол ашылып отырғанын ерекше әсермен жеткізді. Абай Құнанбайұлының қара сөздерін чех тіліне аударып жатқан Владислав Куичек те сол арадан табылды. Ұлт мақтанышын өзге тілде сөйлеткен аудармашыға ілтипатпен ізет көрсетіп, шапан жапқан делгация мүшелері ел атынын ризашылығын білдірді.

Салтаннатты ашылу шарасы «Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстелге ұласты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, елші Марат Мұханбектқазыұлы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай қатысушыларға баяндама оқыды.

Роза Кабиева,

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана

 жүйесі директоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *